Еліміздегі жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы көтеріледі. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды.

«Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру және педагогтарды қолдау жөнінде тапсырма берді. Осы тапсырма аясында министрлік мемлекеттік ЖОО ректорларына ЖОО оқытушыларының еңбекақысын 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін 30-дан 50 пайызға дейін арттыру міндетін жүктеді. Бұл шешімнің нақты негіздері бар. Біз жоғары оқу орындарының бюджетіне талдау жүргіздік. Ол еңбекақы төлеу қорын ұлғайту үшін резервтің бар екендігін көрсетті», — деп жазды министр.

Оның атап өтуінше, бүгінде бірқатар жоғары оқу орындарының оқытушылары 60-70 мың теңге көлемінде жалақы алады. Мұндай саясатпен сапаны талап ету мүмкін емес.

«ЕҰУ, Каспий университеті мен Тараз педагогикалық университеті сияқты жоғары оқу орындары жалақыны көтеруді қазірдің өзінде бастап кетті. Қалған мемлекеттік ЖОО менің тапсырмамды міндетті түрде орындауы тиіс. Сонымен қатар, ректорлардың алдына біздің ЖОО-да жұмыс істейтін академиктерді арнайы қосымша ақы белгілеу арқылы қолдау міндеті қойылды. Жоғары оқу орындарында академиктер көп емес, сондықтан біз өзіміздің ғылыми элитамызды қолдауға міндеттіміз. Бұл шаралар мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат пен өзге де күш-жігерді қажет етпейтінін ерекше атап өткім келеді. Барлығы қолда бар мүмкіндіктер аясында жасалады. Жас ғалымдарды қолдау тетіктері де болашақта қарастырылады»,- деді Асхат Аймағамбетов.

Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына түсу үшін басым құқық берілуі керек. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Сенат қабырғасында «Педагог мәртбесі туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Сергей Ершов министрден «Алтын белгі» иелеріне жоғары оқу орнына түсу кезінде басымдық беру қажет пе?» деп сұраған еді.

«Біз мұның қажеті жоқ деп есептейміз. Қазір «Алтын белгі» саны тіпті геометриялық прогоресспен артып жатыр. Бүгінде «Алтын белгі» иелері бұрынғыдай белгілерін ҰБТ арқылы растамайды немесе кеңес заманындағыдай облыстық білім басқармасының комиссиясы тексермейді. Мектептің өзі бұл белгіні бере салады. Сондықтан бұл белгіні беру және қорытынды жұмыстарды тексеру құзіретін облыстық басқарма деңгейіне беруді ұсынамыз», — деді министр.

Дегенмен, ол халықаралық олимпиада жеңімпаздары үшін басым құқық беру мәселесін қайта көтеру қажет деп санайтынын айтты.

«Себебі қазіргі уақытта халықаралық олимпиада жеңімпаздары басым құқықсыз қалды. Олар көп те емес, жылына 20-30 адам ғана. Қазіргі уақытта осы халықаралық олимпиада жеңімпаздарын басқа елдер алып кетіп жатыр. Сондықтан халықаралық олимпиада, ғылыми конкурс жеңімпаздарына, халықаралық спорттық жарыстарға қатысушыларға осындай басым құқық беру өте маңызды», — деді А.Аймағамбетов.

Биыл әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы аустриялық драматург Петер Хандкеге бұйырды. Бұл туралы Тwitter-дегі The Nobel Prize парақшасында жарияланды.

Драматург Петерг Хандке «адамзат тәжірибесінің перифериясы мен ерекшеліктерін лингвистикалық көрегендікпен зерттеген ықпалды жұмысы» үшін жоғарғы марапатқа ие болып отыр.

Соңғы рет әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын 2017 жылы британиялық жапон жазушысы Исигуро Кадзуо, 2016 жылы америкалық Боб Дилан, оның алдында белорусь жазушысы Светлана Алексиевич алған.

Айта кетейік, былтыр Швеция академиясы төңірегінде дау-дамай туындауына байланысты Нобель сыйлығы берілмеген болатын.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушылары үшін 12 жылдық бағдарламаны енгізу барысы туралы айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, жаңартылған бағдарламалар 2015 жылы қабылданды, яғни осы шаралар жүргізілген кезде 1-ден 11 сынып аралығында 11 жылдық мектептің бағдарламалары бекітілді. Сәйкесінше, қазір жаңартылған бағдарламалар енгізілуде. Барлық сыныптардың 95 пайызы осыған ауысып үлгерді. Алдағы жылы 11 сыныптың ауысуы жоспарланған», — деді министр Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында.

«Қазіргі кезде жаңа бағдарламаға толықтай көшу маңызды, егер біз алдын ала дайындықсыз 12- сыныпты енгіземіз деп айтсақ, онда үлкен проблемаларға тап боламыз», — деді А. Аймағамбетов.

Бұл тұрғыда 12- сыныпты енгізу мектеп инфрақұрылымына, педагог даярлығына, оқулық шығару бағытына тиісті жүктемені тудырады.

«1-ден 11 сынып аралығында толықтай жаңа бағдарламаға, бағалаудың жаңа жүйесіне көшкеннен соң, 12 жылдық білім бағдарламасын бастауымыз керек. Бұл тұрғыда оған көшудің бірнеше нұсқасы бар. Жалпы, бұған көшу шаралары бірқалыпты жүргізіледі. Осы орайда, 2021 жылды белгілеп отырмыз», — деді министр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – біздің елімізге ғана емес, барша әлемге танымал оқу орындарының бірі. 85 жылдық тарихында ғылыми әлеуетін тереңінен қалыптастырған, еліміздің өзге де жоғарғы оқу орындарының қан тамыры іспеттес қара шаңырақ. Келешегі зор, кәсібилігі мол, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда республикадағы белді университеттердің алдыңғы қатарында. Бүгінде қара шаңырақ ҚазҰУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамының тарихи еңбек тәжірибесі биік талап үлгісінде барша әлемді мойындатып отыр.

Атап айтсақ, соңғы бес жылда қазақстандық ЖОО-лардың ішінде алғашқы болып, «QS«World University Rankins» рейтингісінде 350 –ші орынға кірді. Дүние жүзіндегі 800 университеттің ішінде Қазақстандағы жоғарғы оқу ордаларының ішінде алғашқы болып ТОП-250 университеттің 220- сыншысы болып кірген оқу ордасы да осы университет. Бұрынғы кеңестік елдеріндегі ЖОО-лардың ішінде тек Мәскеу мемлекеттік университетімен бірге  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универитеті ғана осындай жетістікке жеткендігін айрықша мақтанышпен атап өту керек. Білім ордасының қабырғасынан шыққан түлектер Қазақстан мен шетелдерде жемісті еңбек етіп, дүниежүзілік табыстарға жетуде. Көп жылдық тарихы бар ордалы оқу орны мемлекеттік, халықаралық стандартқа сай маман дайындап, жоғарғы білім берудегі жаңа технологияларды енгізуде өзгеге үлгі болып отыр.

Қазақ Ұлттық университеті еліміздің маңдайалды ғалымдарының шоғырланған ортасы, әдебиет пен өнердегі, өзге де қоғамдық саладағы танымал тұлғалардың көпшілігі осы оқу ордасының түлегі. Бұл игі үрдіс бүгінгі таңға дейін өзегін үзбей жалғасып келеді.

Осылайша, талай ғасырлық тарихы бар әсем Алматының төріндегі оқу ордасы Қазақстан ғылымын мен мәдениетінің дамуына теңдесіз үлес қосып келеді. Универсетте қызмет ететін ғалымдардың еңбегі білім құмар жастардың іздеп жүріп оқитын құнды дереккөздерінің қатарында. Қазақ Ұлттық университетінде болып жатқан әрбір жарқын жаңалық барша ғылым сүйер қауымды қуантады.

Қара шаңырақ Қазақ Ұлттық Университетіне әлемнің екінші ұстазы, данышпан Әл-Фарабидің аты берілген. Келесі жылы ұлы ойшыл, философтың 1150 жылдығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл датаны мемлекеттік деңгейде атап туралы жарлыққа қол қойды. Екі жыл қатарынан келіп отырған бұл мерекелер ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларына, түлектеріне және барша Қазақстан еліне үлкен шабыт пен күш сыйлайды.

                                                                                  Эльмира АКТУРЕЕВА,

                            ҚазҰУ қаржы және есеп кафедрасының аға оқытушысы

                                                                                            Аймөлдір БОЛАТ,

                                                                                     МжЖБ 2 курс студенті

Қазақстанда STEM-білім беру жүйесі қарқынды дамытылуда. Ақтаулық мектептердің бірінде оқушылар компьютерлік бағдарламалар жазып, ІТ-технологиялар әліпбиін жаттап жүр, деп хабарлады kazakh-tv.kz.

5-сынып оқушысы Жасұлан Боранбай теңіз бетіндегі және жағажайдағы қоқысты жинауға машықтанған робот жасап шығарған. Бұл жоба республикалық «Зерде» байқауының қалалық кезеңінде екінші орынды иемденді.

Ол өзі ойлап тапқан роботының қызметімен таныстырды.

«Екі мотор арқылы екі қалақшаларын айналдырып тұр. Мысалы, оның алдында қоқыс тұр делік. Ол қоқысқа қарай жүзіп келеді де көтергіш механизмімен қоқыс салатын жәшігіне салып алады. Бұл адамдардың жұмысын жеңілдетеді. Және өздігімен қоқыстарды жинайды. Үшіншіден, бұл табиғатқа еш зияны жоқ», — деді Жасұлан Боранбай.

Робот техникасы үйірмесіне келушілер үшін бұл жай ғана әуестік емес. Келешекте 3D модельдеумен айналысатындар үшін алғашқы кәсіби қадам деуге болады. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Нәзира Қыдырбаева жасанды қол құрастырған. Ол үшін белсендендірілген көмір, пластик пен плата ғана қажет болыпты.

«Датчик жұмыс істемейтін қолға бекітіледі. Адам қолын қимылдатқанда, бұлшық еттері жиырылады. Осының әсерінен датчик Ардуино платосына белгі береді», — деп атап өтті НЗМ оқушысы Назира Қыдырбаева.

Мамандардың айтуынша, осындай SТЕМ-зертханалар балалардың қабілеттерін ашып, білімге деген құштарлықтарын оятуға септігін тигізеді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасындағы мемлекеттік білім гранттарын арттыру тапсырмасы орындалды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді.

«2018 жылы бөлінген 20 мың гранттар бойынша балалар оқып жатыр. Елдегі жыл сайын бөлінетін жалпы гранттар саны 69 мыңға жетті. Жаңадан қабылданған 53 мың студент – бакалавриатта, 13 мың – магистратурада, 2 мыңнан астамы – доктарантурада білім алуда. Барлық грант алушылардың 50 проценті техникалық мамандықтарда оқиды. Олардың ішінде ақпараттық коммуникациялар мен технологиялар, киберқауіпсіздік және техника, электроника сияқты еңбек нарығы үшін маңызды бағыттар бар», — деді Білім жәен ғылым министрі.

Ол «Серпін» бағдарламасы бойынша ауыл жастарына 5 мың грант қарастырылғанын, гранттардың шамамен 20 проценті мұғалімдерді даярлауға, оның ішінде тілдік компетенцияларын күшейтуге бағытталғанын айтты.

«Барлық ЖОО-да техникалық және ауыл шаруашылық мамандықтар бойынша гранттар құны ұлттық ЖОО-дағы гранттармен бірдей болып 635 мың теңгені құрады. Яғни мемлекет басшысының гранттарды бөлу және құнын арттыру тапсырмасы толық орындалды», — деді Сағадиев.

Ол ЖОО-да қолжетімді біліммен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шараларды атап өтті.

«Біріншіден, биылдан бастап ҰБТ жылына төрт рет өткізіледі. Қаңтардағы ҰБТ-ға 35 мыңнан астам бала қатысты. Осы түлектерге ақылы оқу үшін ЖОО-ға түсу мүмкіндігі берілді. Білім туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес бакалавриатқа ұқсас магистратураға қабылдаудың жаңа моделі енгізілуде. Осы жылы магистратураға білім беру гранттарын беру бакалавриатпен бірдей болады. Магистратураға үміткердің өзі ЖОО-ны таңдауына мүмкіндік беретін кешенді тестілеу нәтижесі бойынша жүргізіледі», — деді Сағадиев.

Моңғолия Премьер-министрі У.Хурэлсухтың Қазақстан Республикасына сапары барысында Қазақстан Республикасы мен Моңғолияның арасындағы білім саласындағы қатынастарға жаңа қарқын беретін бірқатар құжаттарға қол қойылды. Аталған нормативтік-құқықтық құжаттарға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мен Монғолия Білім, мәдениет, ғылым және спорт вице-министрі Ганболд Ганбаяр қол қойды.

 Кездесу барысында білім туралы құжаттарды, ғылыми дәрежелер мен атақтар өзара тану туралы келісімге қол қойылды. Аталған келісім екі елде берілген білім туралы құжаттарды, ғылыми дәрежелер мен атақтар өзара тану туралы мәселелерін реттейді. Сондай-ақ, Моңғолия азаматтарына бөлінетін білім гранттарының санын 5-тен 25-ке дейін (15 бакалавриат, 5 магистратура, 5 докторантура) көбейту көзделіп отыр.

Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдаудауының  орындалуын насихаттауға келген топ тарихи Отырар ауданын аралап көрді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, топ мүшелері Шәуілдір ауылында күрделі жөндеуден өтіп жатқан мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

a6f15023-7918-4b88-8fdd-a05a788281af.jpg

Нысанды жаңартуға республикалық бюджеттен 262,9 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында басталған. Қазіргі таңда мәдениет үйіне су құбырлары мен кәріз жүйелері тартылып, іші мен сыртын әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 46 адам жұмылдырылып, нысан осы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өнер ордасын аралап көрген Бердібек Сапарбаев облыс және аудан басшыларына жөндеу жұмыстарына бірқатар өзгеріс енгізіп, кіреберісін заманауи үлгіде жасау керектігін ескертті. Бастысы сапасына көңіл бөліп, білікті сәулетшілерді тарту қажеттігін айтып өтті.

4b435e63-df2d-468f-a85e-30ba53cf448b.jpg

«Мердігердің жұмысы сапалы болуы керек, оны бақылап отыру қажет. Өйткені бұл жерде халықаралық деңгейдегі конференция өтеді. Шетелден қонақтар келеді. Ең негізгісі сыртқы келбеті, адамдар сыртынан көреді. Соны заманауи үлгіге сәйкестендіріп жасауы керек. Жақсы дизайнмен жасалса, еуропалық стандартта емес. Келбеті қазақи нақышта, ұлттық исі шығып тұрғаны жөн», — деді Бердібек Сапарбаев.

13f8c2ee-8384-4a40-8309-4f39d16a3dfa.jpg
Бұдан кейін Үкімет басшының орынбасары аудан орталығындағы алаң мен Әл-Фараби ескерткішінің бүгінгі жағдайымен танысты. Отырар мұражайын аралап көріп, онда да бірқатар жөндеу жұмысын жасау қажеттігін атап өтті. Келесі жылдың қыркүйек айында кең көлемде аталып өтетін Әл-Фарабидің 1150 жылдығын тойлау кезінде келетін қонақтар мен туристер сол нысандарды аралап, тарихымызбен танысатын болады.

7cca3fd5-cef6-4555-b7be-6166f3d89e72.jpg

Бердібек Мәшбекұлы жаңадан салынған көне Отырар қалашығы жанындағы сапар орталығында өңірдің зиялы қауым өкілдері мен тарихшылары, ғалымдар бас қосқан алқалы жиынға қатысты. Басқосуда Бердібек Сапарбаев Әл-Фарабидің мерейтойы алдындағы дайындық жұмыстарын пысықтап, жергілікті тұрғындар мен ғалымдардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Отырар өңіріндегі тарихи нысандардың қазіргі жағдайы мен сәулетіне қандай өзгерістер енгізу керек, қосымша тағы қандай нысандар жөнделгені дұрыс деген мәселені талқылады. Бұл ретте басқосуға келген ғалымдар Отырар кітапханасын ашса, Оқсыз деген тарихи орынды ретке келтірсе деген тілектерін жеткізді.

f7b72228-bd91-436d-b4a8-5e0b578eca3c.jpg

«Өзгелер қазақта өнеркәсіп, ғылым, сауда саттық деген болмаған, көшпенді халық болған деп айтып жатады. Біз өзіміздің мәдениетіміздің жоғары болғанын осы Отырардан бастап көрсетуіміз керек. Отырардағы музейді қалпына келтіріп, ішіндегі жәдігерлерді жөндеуіміз керек. Келген қонақтар, шетелдіктер 8-9-ғасырда қазақтар қалай өмір сүрді, немен айналысты деген дүниелермен танысуы керек. Оларды қандай дүниелермен таңқалдыра аламыз, соны ойлану керек. Әлемде Әл-Фараби танумен айналысатын 11 орталық ашылған. Сыртқы істер министрлігімен, әр елшілікке тапсырма беру керек. Сол орталықтарда табылған ғұламаның еңбектерін осында алдыру қажет. Әл-Фараби танушыларды шақырып, ақылдасу керек. Әл-Фарабидің әндері мен шығармаларын жарыққа шығаруымыз керек», – деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан кейін Бердібек Мәшбекұлы бастаған Үкімет мүшелері Түркістан қаласындағы №15 Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы орта мектебіне барып, мұғалімдермен кездесті. Кездесуде ұстаздардың мәртебесі, білім саласының сапасы және басқа да өзекті мәселелер жайлы талқыланды.

9a09198a-bd1f-4a96-9733-0482ff99425c.jpg
Сонымен қатар, Жастар ресурстық орталығында жастармен тілдесіп, Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмектің берілуі мен алдағы уақытта өзгерістері жайлы сөз етті.

Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды енгізу шеңберінде Ұлттық ғарыш орталығының «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ аумағында Tamos Space School жеке меншік мектебі құрылысының басталуына орай алғашқы тасын қалау рәсімі өтті. Аталған іс-шараға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, Малайзияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дато Саид Мохамад Бакри бин Саид Абдул Рахман, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Азамат Батырқожа, «Қаржы орталығы» АҚ Президенті Асқар Ибраимов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, «Жеке меншік білім беру ұйымдарының Республикалық Қауымдастығы» ЗТБ Төрайымы Роза Садықова қатысты.

«Tamos Space School» жаңа мектебінің ашылуы 2020 жылдың 1 қыркүйегіне жоспарланған. Мектепке алғаш рет қабылдау физика-математикалық бағыты бойынша 0-4 сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Жаңа мектептің құрылтайшылары — Дәурен Қаупынбаев, Бақтияр Бекжанов және малайзиялық «King Development» компаниясы (Малайзия).

Мектептің бірінші тасын салу рәсімінде: «Мектеп құрылысының басталуы білім беру жүйесі үшін өте маңызды оқиға. Елбасының тапсырмасы бойынша білім беру мекемелері арасындағы бәсекелестікті арттыру және жеке капиталды тарту үшін ел мектептерінде жан басына қаржыландыру енгізіліп жатыр. Жан басына қаржыландыру айтарлықтай нәтиже көрсетіп жатыр деп сеніммен айтуға болады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен еліміздің ірі қалаларында осындай жобалар іске асырыла бастағаны қуантады. Бұл — мемлекеттік жекеменшік әріптестікті іске асырудың жарқын көрінісі. Жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу осындай маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деді Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.

Жан басына нормативтік қаржыландыруды енгізу шеңберінде республикада 2018 жылдың қыркүйегінен бастап 47 жаңа жекеменшік мектеп ашылды, оның ішінде ел астанасында — 5. Бүгінгі таңда жекеменшік мектептер желісін одан әрі кеңейту үрдісі байқалады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қазіргі уақытта 18 жобаны іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, «Tamos Space School» ғарыштық технологиялар мектебі — Қазақстандағы үшінші мектеп және «Tamos» брендімен жұмыс істейтін елордадағы алғашқы білім ордасы. Қазіргі уақытта Алматы қаласында екі «Tamos» мектебі жұмыс істейді, онда «Cambridge International» ұйымы аккредиттеген физика-математикалық, лингвистикалық және халықаралық білім беру бағыты бойынша 2600 оқушы оқиды.

Жан басына қаржыландыру кезінде мемлекеттік шығындарды жоспарлау бірлігі мектеп емес, оның оқушысы болатынын еске саламыз. Осылайша, оқушылар, олардың мүдделері мен сапалы білім алу құқықтары алдыңғы орында тұрады.