Жоңғар Алатауының баурайында сиверс алмасының 40 шақты түрі кездеседі

 «Сиверс» атауымен даңқы шыққан алма Ұлы Жібек жолындағы Жетісу өлкесінің тауларында айрықша жеміс береді.

Сиверс алмасы негізінен Іле мен Жоңғар Алатауының баурайында, Тянь — Шань және Тарбағатай тауының жоталарында өседі. Алма осыдан 165 миллион жыл бұрын пайда болған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 — жылдың 30 — сәуірдегі №370 Қаулысына сәйкес, Сарқан, Алакөл, Лепсі филиалдарынан тұратын «Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» құрылды.

Жоңғар Алатауы — Қазақстанның шығыс бөлігіндегі тау, Жоңғар тау жүйесінің солтүстік және солтүстік-батыс жалғасы. Ол солтүстігінде Алакөл қазан шұңқыры мен оңтүстігінде Іле өзені арнасы аралығында ендік бағытта созылып жатыр. Ұзындығы 450, ені 100 — 200 шақырым. Жоңғар Алатауын батыста Көксу өзені, шығыста Буратал өзені кесіп өтеді. Бұл екі бөлік Солтүстік және Оңтүстік Жоңғар Алатауы деп аталатын екі үлкен тау жотасын құрайды.

Жоңғар Алатауы Дүниежүзілік мұхиттан шалғай орналасқан. Оның климатына Арктиканың суық ауасы, Тұран ойпатының ыстық ауасы және Сібір антициклоны әсер етеді. Тау етегіндегі шөлейттер мен шөлдерге континентті климат тән.

Сиверс алмасының еліміз аума­ғындағы өміршеңдігі — Іле және Жоңғар Алатауы тауларындағы әлем­де теңдесі жоқ жабайы орманды алқаптармен тығыз байланысты. Ботаника және фитоинтродукция институтында 1970 жылы биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Жанғалиев Аймақ Жанғалиұлының бастамасымен құрылған Жемісті өсімдіктерді жерсіндіру және тектік қорын қорғау зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Гаухар Мұқанованың айтуынша, академик алпыс жылдан аса зерттеу ісін алға жылжыта отырып, алма ағашы тектік қорының ерекшелігін елімізге ғана емес, әлемге әйгілеген.

Сиверс —  Орталық Азия және Қазақстан тау маңайында саны қысқарып бара жатқан жабайы алма түрі. Бұл алма әлемдегі барлық алма сорттарының атасы болып табылады.  Себебі, алмалардың мәдени сорттарына бастама берген осы жабайы Сивирс алмасы. Қазіргі кезде Сиверс жабайы алма ағашын негізге ала отырып, алмалардың жақсы қасиеттерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.  Жаңа мәдени алма түрін алу үшін алмалардың сорттарының гүлдерін бір – біріне шағылыстыра тозаңдандыру жасау да қолға алынды.

Сиверс алмасының өте бағалы емдік қасиеті бар

Жемісін ішек – қарын және авитаминоз ауруларынан емделгенде, жеуге ұсынылады. Сиверс алмасы мәдени алмалардан артықшылығы бар. Бұл алманың ыстыққа, суыққа төзімді және витаминді сорттар шығаруда селекциялық мәні күшті. Жоңғар Алатау Ұлттық паркінің аумағы 356022 гектер болса, Сиверс  алмасы сол аумақтың 1,05 пайызы – 3800 гектарда өсіп, 40 – тан астам түрлері жеміс береді.

Сиверс алмасы негізінен Іле мен Жоңғар Алатауының баурайында, Тянь-Шань және Тарбағатай тауының жоталарында өседі. Оның осыдан 165 млн жыл бұрын пайда болғанын 2002 жылы британдық биолог — генетик Бэрри Джунипер анықтап берді. Шетелдік ғалым: «Жер бетіндегі бүкіл алмалардың атасы – қазіргі Қазақстан жері» деген қорытынды жасады.
Қазақстанда ғана жабайы алма ағашы орманды алқаптар түзетініне назар аударамыз. Сиверс алмасы Қазақстанның жабайы ормандарында бірнеше миллондаған жыл бұрын Бор дәуірінің орта кезеңінде өскен автохтонды түрге (абориген) әрі табиғи жағдайларда 200 — 250 жыл өмір сүретін (ағашының биіктігі 11 метрге дейін жетеді) көп­теген алма түрінің атасына жатады (Malus domestica). Ғалымдар апортты жандандыруға жарамды Сиверс алма ағашын гендік коды бойынша сұрыптап, зерттеп жатыр.

Ұлттық парк аумағында сиверс алмасынан басқа,  845 түрлі өсімдік түрі бар, оның ішінде 56 эндемик, 26 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Парк ғылыми қызметкерлері, ғылыми — зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары ғалымдарының соңғы он жылда жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде флористикалық тізімге 423 түр қосылды, оның ішінде 15 түрі Қызыл кітапқа енген.

Жоңғар — Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында ғалымдар ілбісті (қар барысы) фототұзаққа түсіргендігі туралы Қазақстан Республикасы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәліметтпен бөліскен еді.  «Қазақстанда 130 -150 — ге жуық ілбіс (қар барысы) мекендейді. Ұлттық парктің мамандары жабайы жануарлардың саны мен қорғалуын бақылауды ескере отырып фототұзақтар орнатуда. Биыл Жоңғар — Алатау ұлттық саябағында ілбіс камера объективіне 5 рет ілікті. Соңғы кадрлар 2019 жылдың қарашасында түсірілген».

Ұлттық парк қызметкерлерінің ұйымдастыруымен биыл сәуір айының басында Сарқан қаласы «Қойтас» саябағында «Парктер шеруі – 2022» халықаралық табиғатты қорғау акциясының ашылуына орай «Табиғат тал бесігім» атты іс — шарасы өткізілді. Іс — шара ұлттық парктің бас директоры Марат Нұрғазыұлы Кабиев жаңа маусымның басталуымен құттықтады. Ұлттық парктің қызметін айқындайтын көрме ұйымдастырылып, Қойтас саябағында 60 түп ағаш көшеттері отырғызылды.

 

Ахунов Т.С., Касымханова Т.К., Игембаев С.Б.

gongar_alatau@mail.ru

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *