«Екі ішектің бірін қатты,

Бірін сәл-сәл кем бұра.

Нағыз қазақ, қазақ еме,с

                                                                                               Нағыз қазақ Домбыра».

 

                                                                                                           Қадыр Мырза Әлі

 

Жыл сайын шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра» күні болып жарияланды. Жыл сайын атап өтілмек бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты болмақ. Биылғы шілде айының бірін­ші жексенбісі 1 шілдеге тура келіп тұр. Ендеше бұл күні «Дариға, домбырамды бер­­ші маған, Жаныма келші жарым, келші балам…» деп Мұқа­ғали­­ша толғағандай, «Нағыз қазақ қа­зақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп Қадыр атамыз жыр қайырғандай ұлттық мұрамыз домбыраны барынша насихаттау басты міндет.  Бұл күні күй тартқысы келген немесе домбырадан хабары бар әр Ақтөбелік өз өнерін жиналған жұртшылыққа көрсете алады. Осы міндетті арқалай Абай атындағы демалыс саябағына кітап көрмемізбен барып домбыра күніне «Нағыз қазақ домбыра» атты шара өткіздік. Шарада қала тұрғындары домбырамен ән шырқап, күй тартты. Ал оқушылар арасында домбыраға қатысты жұмбақтар мен мақал-мәтелдер жарысы болды. Білімге құштар, өнерпаз балалар жарыста белсенді болып бір-бірімен таласа қойылған викториналық сұрақтарға жарыса жауап берді. Кітап көрмесімен таныстырылып біраз кітаптар үйге алынды. Басты мақсат домбыраны және кітапты насихаттау болатын, міндет орындалды.

Екі ішекке бір тиекті қондыра,

Ойнаймыз біз қолымызды талдыра.

Білсең егер айта қойшы, достарым?!

Қайдан шықты асыл мұра домбыра,–

деп жырлағандай енді домбыраның қысқаша тарихын назарларыңызға ұсынамын.

Домбыра — қазақ халқының өте ерте және кең тараған, нағыз табиғи ұлттық музыкалық аспабы. Көне Шумер тілінен аударғанда «кішкене садақ» деген мағына береді. Қос ішекті шертіп ойнайтын музыкалық аспап ішекті, шертпелі аспаптар тобына жатады. Әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып жасалатын домбыра тоғыз, он бір, он төрт, жиырма төрт пернесі болып бөлінеді. Аспаптың үні қоңыр, құлаққа жағымды әрі жұмсақ. Домбыра – сан ғасырлардан бері сырын сақтаған, қазақ даласында кеңінен танымал аспап. Дегенмен домбыра әр аймақта әр түрлі болып келеді. Солтүстік, орталық, оңтүстік аймақтарда домбыра көлемі шағын, жеті-тоғыз пернелі болса, Батыс Қазақстан аумағында кездесетін домбыра шанағы жұмыр, мойны ұзын, он екі, он төрт пернелі болып келеді. Домбыра аспабының негізгі екі түріне байланысты аспапта күй орындаудың екі түрі «төкпе» мен «шертпе» қағыстары қалыптасқан. Сазды күйлер Арқа өңірінде, ал төкпе күйлер батыс аймақтарда кең таралған. Домбыра аспабында халық күйлерін ғана емес, батыс және шығыс классикалық шығармаларын, танымал туындыларын орындауға болады. Қазақта домбыраның түрі де, жасау тәсілі де көп. Ғалымдардың айтуынша, бүгінде қазақта домбыраның 20-дан астам түрі бар. Олардың кейбірі көне түрлері болса, енді бірі – жаңасы. Домбыра жасаудың үздігі, осы күнге дейін 3 мыңға жуық домбыра жасаған, танымал профессор Жолаушы Тұрдықұловтың айтуынша көне аспапты жасау ілімі ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып беріліп отырған. Содан болар түрлері көбейіп кеткен көрінеді. Қазіргі таңда домбыраның келесідей түрлері бар: ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты, шіңкілдек, балдырған, балашық, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер, т.б. Өткен ғасырдан бері қолданысқа енген оркестр домбыралары тағы бар. Ал домбыраның кең қолданылатын түрлері жайлы сөз қозғарда жазушы, күйші, қазақтың біртуар ұлы Таласбек Әсемқұловтың «Домбыраға тіл бітсе» атты еңбегіне тоқталып өткен жөн. Күйшінің айтуынша, қазақ арасында кең тараған домбыраның екі түрі бар: бірі – қауақ домбыра, екіншісі – қалақ домбыра. Батыс Қазақстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстанда кең таралғаны – қауақ домбыра. Ал Орталық Қазақстан, Жетісу, Семей өңірінде тараған домбыра – қалақ домбыра екен. Оның өзі үш түрге бөлінеді: иықты, бүйірлі, сауырлы домбыра болып.

Қолымызға домбыра түскенде төбеміз көкке жетіп, оның әуезді дауысын тамсана тыңдауға құмар екеніміз анық. Алайда, оның арнайы күтімді қажет ететінін біріміз білсек біріміз білмейтініміз тағы да белгілі. Ендеше домбыра күтімі жайлы қысқаша шолу жасап өтейін. Ең алдымен домбыраны сырты қатты қаптамаға яғни футлярға салып сақтаған абзал. Қаптама аспапты шаңнан, ылғалдан, соққыдан, сыртқы температураның күрт өзгерісінен қорғайды. Домбыра қаптамаңыз болған жағдайда домбыраның үйде тұратын орнына аса мән беру керек. Мысалы аспапты батарея, пеш, салқындатқыш (кондиционер) сияқты жылыту және суыту құралдарының маңайына ілуге немесе қоюға болмайды. Домбыраның үйдегі орны есік ашылған сайын желдің өтінде қалатындай ауыз үйде де болмауы керек. Егер домбыра ұзақ уақыт ойналмайтындай болып жатса, ішектерін босатып тастаңыз, нәтижесінде мойынға және ішекке түсетін салмақты азайтасыз. Аспапты өзге заттармен бірге қапта немесе қорапта сақтауға да болмайды, ол оңаша тұруы керек. Бөгде заттар домбыраның бетін сызып, болмаса бір жеріне батып кетуі мүмкін. Домбыра ілулі болса да, сүйеніп тұрса да, әрдайым орнықты әрі берік тұруы керек. Сәл тиіп кетсе құлап кететіндей бос, еш бекітусіз тұрғаны қауіпті. Домбыраның қалыңдығы 3 мм дейінгі жұқа тақтайшалардан құралып жасалатынын ескеріңіз. Сонымен қатар домбыраны ылғалды жерде сақтамағанда абзал, өйткені ылғалды өзіне сіңіріп алған аспап кейін майысып, жарылып кетуі мүмкін және дыбысы да өзгеріске ұшырауы мүмкін.  Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін мынадай сақтық шараларын ескергейсіз. Біріншіден – футлярдағы аспапты жылы жерден салқынға немесе керісінше суықтан ыстыққа алып кірген кезде оны футлярдан бірден шығармаңыз. Шамамен 15-20 минуттан кейін ғана қолдану ұсынылады. Домбыраның бетіне химиялық қоспалардан тұратын бояу, сия, тырнақ бояйтын лак сынды заттармен жазу жазып, сурет салудан аулақ болыңыз. Беттақтайына қаламның ұшын батырып тұрып құттықтауларын, есімдерін жазатын азаматтардың да ісі құптарлық емес. Себебі домбыраның беттақтайы оның дауысына жауап беретін ең басты бөлшегі. Ал оны зақымдаудың салдарынан домбыраның дауысы нашарлайды. Естелік болсын деп жазу жазамын деушілер оны пластикке, болмаса жұқа қаңылтырға ойып жаздыртып, домбыраның шанағына немесе алақанына жапсырса болады.

Сонымен қатар домбырасыз ән қайда, домбырасыз сән қайда деп әндеткендей бұрын да қазір де ешбір шара домбырасыз басталмайды. Қасиетті қара домбыра әнге де қосылып шырқалып жүр. Қуанышты да қайғыны да өз тілінде әсерлі жеткізе білетін домбыра туралы халық арасында аңыз-әңгімелерде көп. Солардың бірі «Ақсақ құлан» кей жерлерде «Ақсақ құлан, Жошы хан» деген атпен тарап кеткен. Күйші-зерттеуші Тымат Мерғалиевтың жазып алған бұл нұсқасының ноталық үлгісі 1982 жылы «Қазақтың музыкалық фольклоры» атты ғылыми жинақта да жарық көрді. Күйдің басқа нұсқалары кейінгі ұрпаққа атақты күйшілер Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Шәміл Әбілтаев, Нұрғиса Тілендиевтер арқылы жетті. Қазіргі кезде бұл күй барлық шебер орындаушылардың репертуарларынан орын алған шығарма.

Тарихы тереңде жатқан домбыра өзіміздің көптеген салт-дәстүрлерімізде де ерекше орын алады. Мысалы келін түсіргенде келіннің бетін осы домбырамен ашады, жар-жар да, жарапазан да осы күмбірлеген домбырамен айтылады. Бұл домбыра біздің өміріміздің айнымас серігі іспеттес.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың«Біздің қазақ ән құмар халық. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтып-айтысып жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады» дегені бар, міне Сұлтанмахмұт Торайғыров айтып кеткендей қазақ домбырасын еш уақытта қолынан тастаған емес. Біреу әу десе екіншісі қосылып әгугайға айналдырады. Бұл дәстүр ешқашанда ұмытылмауы тиіс.

Домбыра қазақтың ұлттық қазынасының бірі десек те болады. 2007 жылы отандық ғалымдар мемлекет пен халықтың рухани дамуына, соның ішінде қалыптасуына ықпал еткен 7 ерекше мәдени құбылысты анықтаған. Бұл тізімге домбыра, Тамғалы шатқалында тасқа салынған суреттер, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Маңғыстаудағы жерасты мешіттер, қазақтың киіз үйі, «Бәйтерек» монументі, Есікте табылған «Алтын адам» кірді. 2010 жылы домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Гиннесс рекорттар кітабы демекші, осы орайта айта кетейін ағымдағы жылдың мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында 1000 баланың қатысуымен үлкен домбырашылар сабағы болды. Бұл сәт Гиннесс рекордтар кітабына енді. Осындай ұлттық аспабымызды ұлықтайтын шаралар әлі де басқа да өңірлерде жалғасын табады деген ойдамын, тіпті неге өзіміздің құтты мекеніміз Ақтөбеде домбырашылар шеруін өткізбеске.Домбыраға деген қызығушылық әрі музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан да тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп. Бұл қуантарлық жайт. Бұл дәстүрді сақтап, оны әрі қарай жалғастыру басты міндет.

Домбыраның күмбірлеген дыбысы терең ой-толғауларды сөзден артық жеткізе алады. Ендеше шешен де жыршы домбыраның ғұмыры ұзақ болсын, дәуірлей берсін, мереке ұзағынан болсын деген тілекпен сөзімді аяқтаймын.

 

Гүлнұр Ихсанғалиева.

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық

жасөспірімдер кітапханасының

кітапханашысы.

Ақтөбе қаласы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *