Әбу Насыр әл – Фараби:

«Ісім оңсын десеңіз,

Сол істің маманы болыңыз.

Даңқым шықсын десеңіз,

Көпшіліктің адамы болыңыз!»

    Мамандық таңдау адамның ең маңызды кезеңдерінің бірі. «Адам жар таңдаудан және мамандық таңдаудан қателеспеуі керек» деген халық даналығы да бекер айтылмаса керек. Мамандық таңдауда бірі отбасылық үрдіс бойынша алдыңғы буын қай салада қызмет атқарса, сол мамандық жолы мұра боп жалғасуы керек деген қалың қағида жүреді. Ал енді бірі жүрек қалауына қарай арманының ақ қадамдарын өз таңдауымен басады. Көпшілік жасөспірімдер өзінің болашағына бағдар ретінде үйдің үлкенінен, өмір жолының түрлі бедерінен өткен кемеңгер буыннан сұрайды. Әрине, бұнымыз құптарлық, жөн нәрсе. Әйткенмен өмір арнасын адаспай табуға бұдан бөлек басқа да қағидаларды сақтау керектігін жадыдан жиі шығарып жатамыз.

  Оған әуелі ниеттің тазалығы қажет болса, кейін таным көкжиегіңді ілгері жетелейтін тіл жанашыры Ахметтей, халқын ойлаған – Абайдай, тұңғыш ұстаз – Ыбырайдай жақұттарымыздың жыр жауһарларын, ақыл кәусарларынан сусындаған жөн. Олардың сараланған еңбегінен сарқылмас ақыл мен түйер нақылды адаспай табуға болады. Өйткені, бабаларымыз келешек ұрпағы үшін, тура жолдан таймай, өмір арнасын адаспай табуы үшін жасалған әр еңбегінінен елеулі, мәнге толы астарлы ойдың алтын дәнегін табуға болады. Алайда ол қадамның қаншалықты жедел әрі дұрыс болғаны өте маңызды. Әсіресе, Ыбырай Алтынсариннің еңбектері ұлан ғайыр даламыздың әр дүниесінен сусындап, қазақтың қажеттілігін жырлай отырып, келешекке де кемел білімін қалдырып кеткен. Оны ұстаз ғана емес ағартушы, философ, ақын, жазушылық секілді сан қырынан тануға болады. Оның әр әңгімесі тәрбиеге, өлеңдері өмірілік сапарға, еңбектері адаспас айғаққа жетелейді.

«Оқымаған жүреді,

Қараңғыны қармалап.

Надандықтың белгісі –

Еш ақылға жарымас»- деген сөзінің өзінен қандайда бір мамандықты таңдамас бұрын көкіректің білімге аш болуы қажет екендігін айқын жеткізген. Оның өлеңдерінің өзі сол заманда дамымаған техниканың дәмін, дамыған елдің артықшылықтарын айқын жазған. Әсіресе, «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде қазіргі телефонды, көп қабатты үйлер мен мөлдір тұнық суды, тіпті теңізде армансыз шалқитын кеменің де алдыңғы қатарға суырылып шыққан елдердің ерекше артықшылықтарын атап өткен. Міне, осы өлеңді оқыған кезкелген жан өлеңнің кермек дәмін сезгендей болады.  

    Неге десеңіз, метафорамен астарлай жеткізілген бұндай өлеңге қазіргі жастардың қуат алмай, алға қадам жасамауы мүмкін емес. Ыбырай Алтынсариннің бұл өлеңдерін оқымаған ұрпақтары жоқ шығар, сірә! Себебі, оның әр туындысы көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сездіретін ерекше бір тартылысты тудырады. Осылайша оның шығармалары өз құндылықтарын ешқашан биіктетпесе, төмендеткен емес. Ол жоғарыда атап өткен бір өлеңінде жастықпен кей уақыттың бос өткенін, оған өкінетінін жеткізген.

   Ұлы даланың қайталанбас ұстазы – Ыбырайдың әр еңбегі жастарға үндеу жасап, астарлы ақылға жетелейді. Ал бұл болашақ сіз бен біздің қолымызда. Жастайынан әжелеріміз ертегі етіп оқып беретін оның қысқа да қызық әңгімелері «Атымтай Жомарт», «Әке мен бала» сынды әңгімелері бізге астарлы мән мен тәрбиеміздің түбірлі діңгегін қатайтушы еді. Сондықтан Ыбырайдың еңбектері бір ғана болашақ мамандықты таңдауға емес, өмірдегі орныңды адаспай табуға, ішкі және сыртқы рухани болмысыңның бекем болуына жақсы септігін тигізеді. Оның кішкентай әрі ұғынықты туындылары аз сөзбен үлкен ақылды жеткізіп,құндылығын құлдыратпай тұр. Сол себепті, алдымызда тура жолымыз айқын көрініп тұрғанда біздің адасуымызға ешқандай себеп жоқ! Адам өмірінде ұлы мақсаттар мен ірі мақсаттар тұрады. Ұлы мақсаттар – Алланы тануың, Отанды сүюің болса, ірі мақсаттар мақсатыңа жетуің, мамандығыңды табуың деп ойлаймын.

«Өнер – жігіт көркі деп

Ескермедік мақалды…

Біз болмасақ сіз барсыз,

Үміт еткен достарым,

Сіздерге бердім батамды» деп өсиет қалдырған Ыбырай атамыздың өзі осылай десе, демек бізге шегінерге жол жоқ! Білім нәрімен сусындап, болашақ саламыздың үздік маманы атануымыз керек. Болашақтың тірегі біз. Біз білімді болсақ, болашағымыз да бұлыңғырланбасы, жалқаулық тұғырланбасы әбден анық. Бұл табылған ақиқаттың ақ туын аласартпау сіз бен біздің қолымызда!

                                                               Ардана  МУХАМБЕТКАЛИЕВА ,

                                                           Алматы қаласы,  «Тұран» Университеті,

                                                                      журналистика факультетінің

                                                                                            2- курс студенті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *