Жуырда «Қазақстанның оқырман ұрпағы — 2021» акциясы аясында республикамызға белгілі тілші,  Tilshi.kz сайтының жетекшісі, журналист Асқар Ақтілеумен @baishevabiblioteka Instagram парақшасында онлайн сұхбат өткізілді.

Осы наурыз айынан бастап «Bookdating» кітапсүйер оқырмандарының әдеби кездесуін тұрақты түрде өткізіп келеміз. Жалпы іс — шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Bookdating – сүйікті кітабыңмен бөлісу, пікір алмасу дегенді білдіреді.                     Бұл іс-шарада оқырмандар республикамызға белгілі тұлғалардың өзі оқыған кітабы туралы кітапсүйер оқырмандарға айтқан пікірлерін, тағылымды ойларын тыңдай алады.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Асқар Ақтілеу — республикамызға белгілі Tilshi.kz сайтының жетекшісі, әрі журналист. Еңбек жолын баспасөз беттерінде мақала жазумен бастаған. Бала кезден «Балдырған», «Ұлан» газеттеріне мақалалар жариялап, бертін келе «Диапазон», «Алтын орда» газеттерінде мақалалары жарияланып келеді. Әділдікті жаны сүйетін жан әрдайым тек қоғамдағы түйтілді мәселелердің шешілуіне ұйытқы болып жүр. Алдымен радиода қызмет атқарған. Кейіннен телевизия саласында да өзін сынап көрген. Алайда, жанына жақын сала мобильді журналистика болған соң, қазіргі таңда Tilshi.kz сайтымен тығыз жұмыс жасап, болашақ журналистерді оқытып шығуда өз үлесін қосып келеді.

    «Кей елдерде метрода кітап оқу сәнге айналған. Әсіресе, Украинада жастар көп кітап оқиды екен. Таңғы ас кезінде де кітап оқиды. Оны іс -сапармен жүргенде байқадым. Оларда, кітап сатып алу дағдыға айналған. Ал, біздің елде дәл сондай кітапқа деген қызығушылықты байқамадым. Қазіргі таңда «Tilshi books» жобасын «Жүректен жүрекке» волонтерлік тобымен бірлесе қолға алып жатырмын. Мақсатымыз – аз қамтылған отбасыларды кітаппен қамтамасыз етіп, оларды рухани азықтандыру. Сонымен қатар, баспа саласы даму үшін коммерциялық жолға түсу керек деп есептеймін. Сонда ғана өзара бәсекелестік орнайды. Мен достарыма кітап сыйлауды әдетке айналдырдым. Кітап — ең үлкен сый. Кітаппен дос болыңыздар, құрметі оқырмандар», — дейді журналист Асқар Ақтілеу.

Асқар Нұржанұлы Б.Соқпақбаевтың, О.Бөкейдің т.б. қаламгерлердің әңгімелерін сүйіп оқиды.

«Журналистика — жол-жөнекей жазылатын әдебиет», — деп бекер айтылмаған. Асқар Ақтілеу, атап айтсақ, АҚШ, Түркіменстан, Түркия, Польша, Қырғызстан, Өзбекстанға іс-сапармен барған. Әр мемлекеттің өз ерекшелігі бар. Әсіресе, түркімендердің жүзінен ерекше мейірімділікті, өзбектерден еңбеққорлықты байқадым. Іс — сапарға барғанда тілші жастары ерекше әсерде болып, үлкен мотивация алады. Қазіргі жастар мобилографияны өте жақсы меңгерген. Шеті жоқ жазумен ешкімді қызықтыра алмайсың. Қызықты фото арқылы да ақпаратты сөзсіз — ақ жеткізіп, сапалы контент қалыптастыруға болады.,- дейді Ақтілеу. Мобилографияның қыр — сырын зерттеп, жастармен бірге жаңашылдыққа ұмтылатын журналист Асқар Ақтілеудің «Tilshi books» жобасы алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, көпшілік тарапынан қолдау табады деген  сенімдеміз.

 

 

 

Ақмарал  МҰҚАШЕВА

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық

әмбебап ғылыми кітапханасының

қызметкері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *