Алматы қаласы «Өнер» мектебі «Ықылас» жас қобызшылар ансамблінің есеп беру концертінде халық күйлері мен әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары орындалды. Балалардың репертуарында дәулескер композитор Нұрғиса Тілендиевтың шығармалары бар. Ансамбль аз уақыт ішінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен жас қобызшылар байқауының  Гран-При иегері атанды. Халықаралық және Республикалық өнер байқаулары мен Алматы қаласында өткен  «Жас музыкант» байқауының жеңімпазы. Ансамблге  мектептің  жоғары категориялы оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі, Құрманғазы атындағы  Қазақ Ұлттық консерваториясының түлегі, «Зере» тобының солисі — Абишева Диана Есетқызы жетекшілік етеді. Сонымен қатар Диана Есетқызы «Қыран» фольклорлық ансамбліне де дарынды жасөспірімдерді таңдап, өнерін шыңдауда.

  Ансамбль қазақтың атақты күйші қобызшысы, композитор, қылқобызда ойнаудың асқан дүлдүл шеберіЫқылас Дүкенұлының құрметіне аталған. Қобыз — ұлттық аспаптар ішіндегі ең көнесі. Мектептің дарынды балалары негізінен прима қобызда өнер көрсетті. Домбыра мен жетіген аспабының сазы қосылған шығармалар қонақтарды бір серпілтті. Концерттен соң өнерпаздарды әңгімеге  тарттық. Адиа Асубек сөзге араласып, қобызға арнаған жыр шумағын оқып берді.

      Қобыз

Қобыз – таңдаған аспабым,

Ғажайып сазды –досым.

Қобыз – өмір мен арман,

Қоңыр үні ұлы даламның.

Қобыз бен домбыра,

Бабадан қалған мұра! — деп  Адиа қобыздың тарихына тоқталды.

 —Қазір еліміздің өнерпаздары ыл қобыз және прима қобыз деп аталатын қобыздың екі түрін қолданады. Қылқобыз — екі ішекті, ыспaлы музыкалық аспап. Қылқoбыз – қазақ халқының ұлттық аспаптарының ішіндегі ең көне аспап. ІХ-Х ғасырларда өмір сүрген Қорқыт ата дәуірінен бері қылқобыздың сарыны үзілмей келеді. Жалпы, ұлттық аспaптардың ішінде қобыз үнге бай, киелі, қасиетті деп танылады. Сонымен қaтaр, қанша ғасырлар қойнауынан жетсе де қoбыздың бұрынғы түрі мен қазіргі түріндегі үні бір сарынды. Сeбебі, оның ішегі мен ысқышы ықылым заманнан бері жылқының қылынан тартылып келді. Оның қылқoбыз аталуы да сондықтан. Қылқобыздың ішіндегі ең үлкен түрі – «нар қобыз». Қылқобызды хaлқымыз киелі аспап ретінде қастерлейді. Қазақ қобыздың үні шыққан жерге жын — шайтан жоламайды деп ырымдайды.

    Қазіргі таңда қобыздың оркестрге лайықталып жасалған жаңа түрі прима –қобыз аспабы кең насихатталып келеді. Республика бойынша  прима қобызда ойнайтын жас өнерпаздар қатары көбеюде.  Прима — қобыз аспабының шығу тарихы қазақтың ұлттық музыка мәдениетінің өсуіндегі ең маңызды кезеңдердің бірі – Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрімен тікелей байланысты. 1934 жылы оркестр құрылып, 1935 жылы Қазақстанның түкпір — түкпірін  аралап, елге таныла бастады.  Халықтық ұлт-аспаптық оркестрін ұйымдастырушы, көркемдік жетекшісі, тұңғыш кәсіби дирижер, музыка академигі,  Қазақстанның халық әртісі  Жұбанов Ахмет Қуанұлы. Содан бері прима қобыз оркестрге қосылып, әдемі әуенімен көрерменді тамсандыруда,- деп Адиа Дарханқызы пікірімен бөлісті.

   «Ықылас» ансамблінің өнерге құлаш сермеген ұландары Алматы қаласы мектептерінің үздік оқушылары. Талантымен дараланған шәкірттер өнерде ғана емес, білім мен спорттағы айтарлықтай жетістіктерін айта кеткен орынды. Әрқайсысының өзгеге ұқсамайтын сүйікті істері бар.

Аитжан Аяжан.

       Алатау ауданы, №26 ЖББ мектебінде оқиды. 5 жасынан той — думанда өнер көрсетіп, ән шырқап келеді. 1 — сыныптан вокалга катысып, байқауларда бас жүлделерге ие болуда. 4 — сыныпта домбыра тартуды үйреніп, Республикалық байқауларға қатысып, топ жарды. 5 — сыныпта қобызға қызығушылык танытып, «Өнер» мектебінде Диана Есетқызынан дәріс алуда. Аяжан спорт әлемінде бағындырмақ ниетте  каратэге катысуда. Жекпе – жекте қарсыласын жеңіп, І орын алды. Волейбол құрама командасының қатарында Астана қаласында өткен біріншілікте Республика бойынша І орынды жеңіп алды.

Асетқызы Аруай.

Аруай атасымен

    Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектептің 7″А» сынып оқушысы, хор дирижері сыныбында оқиды. Халықаралық конкурстардың қобызшы сайысы бойынша жеңімпазы. Аруайдың  музыка мектебінің қобыз сыныбында оқып келе жатқанына бес жыл. Осы уақыт ішінде өнерлі жас Рига, Грузия, Чехия, Витебск, Белорус мемлекеттерінде өткен байқауларға қатысып, Бас жүлде иеленді. Биылғы жылы «Мен жұлдыз боламын!» атты конкурсқа қатысып,  Түркияға жолдама ұтып алды.

Асубек Адиа.

    Алмалы ауданы, Шона Смаханұлы атындағы №62  гимназияның 8 — сынып оқушысы. «Өнер мектебінде» 5 — сынып оқушысы. «Ықылас», «Қыран» ансамбльдерінің мүшесі. Қобыздан басқа сазсырнай, жетіген, пианинода ойнайды. Көркемсөз оқу байқауларының жүлдегері. Республикалық және қалалық байқауларда Бас жүлде, І орындарды иеленген жас дарын иесі «Farabi shakirti», «Сөз өнері»  басылымдарының жас тілшісі.

Базилова Алуа.

   Алатау ауданы, №180 ЖББМ 4 “Г”сыныбында оқиды. Көпбалалы отбасында тәрбиеленуде. Алуа – әпкесінің қолқанаты, інісі мен сіңлісіне қамқоршы әпке. Мектепте оқу озаты, қобызшы.  Көркем гимнастикамен шұғылданады. Алуа  өнерлі ортаның тумасы. Атасы — музыкант, ал нағашы атасы — домбырашы. Атадан дарыған өнер оны алты жасында өнерімен таныла бастады. Анасы музыка мектебіне  әкелгенде, өз бетімен қобыз аспабын таңдады. Сол киелі қобызды әлі күнге дейін жанына серік етіп жүр. Қобыздан бөлек бос уақытында сурет салғанды, дәмі тіл үйіретін тәттілерді пісіргенді жақсы көреді.

Қыдырмолда Аружан.

   Алатау ауданы, Абдолла Қарсақбаев атындағы №41 мектептің 5 «Ж» сыныбында оқитын үздік оқушы. Көркем гимнастикаға қатысады, сонымен қатар «Чирлидинг» спорттық бимен айналысады. Жас әнші.

Өтенбай  Әмина.

     Жетісу ауданы, №148 мектеп — гимназиясының 6″А»сынып оқушысы. Оқу озаты, ЮНЕСКО мүшесі. «Сенім» үлгілі — вокалдық, «Еркеназ» би ансамблдерінің мүшесі, Халықаралық конкурстардың лауреаты. «Aibar Tangyt» өнер студиясының шәкірті.

Райымбек Әмина.

     Алмалы ауданы, Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназияның 5″В» сыныбындағы үздік оқушы. «BalaBisnessMen» бизнес мектебінің түлегі; «Fabrica_dance_ala» би үйірмесінің қатысушысы;  Қазақстандық Таеквондо (WT) Федерация Қоғамдық  бірлестігі Әлем Таеквондо Федерациясының «САРЫ» түсті белбеу иегері;  «Самрұқ», «Кенгуру», Fibonacci» олимпиадаларының жүлдегері.  Жас кәсіпкер @aminadecor. Гипстан әртүрлі өнім декорлар жасайды.

    Қобыз –  Қорқыт ата заманынан келе жатқан қазақ халқы үшін киелі аспап. «Қарағайдың түбінен қайырып алған, үйеңкінің түбінен үйіріп алған» қобызды  қазақтың  кие тұтуының өзіндік мәні бар. Қобыз адамның  дауысын, қасқырдың ұлуын, аққудың қиқуын, жел мен судың үнін бере алады. Табиғаттың қайталанбас дыбысын ағаштан ойылып жасалған қарапайым аспаптың бере алуы, көптеген ғалымның таңданысын тудырып отыр. Қобыз ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі. Қобыздың оркестрде қолданылатын түрлеріне тоқталсақ, қобыз-бас, қобыз-прима, қобыз-контрабас,  4 ішекті прима қобыз, қобыз-альт.

    Аспап ышқысы бар шекті аспаптардың қатарына жатады. Өнер киесін арқалаған бабаның өнегесін қадірлеп, өткенді ұмытпай, бабалар жолын жалғастыру үшін қажет. Осы мұраны танып меңгеру бүгінгі, келешек ұрпақтар үшін парыз десек, оны жас ұрпаққа үйретіп, олардың бо­йына сіңіру, білікті ұстаз мамандардың міндеті. Соның ішінде қазіргі заманның аспабы – прима қобызда ойнайтын жасөспірімдердің қанатын қатайтып, қобыздың шанағынан төгілген күй құдіретін көрерменін тәнті етуге баулу да – өнерде жүрген жандардың  өнегесі болуы тиіс.

   Ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегіне айналған қобыз аспабын жаны қалап, көнеден келе жатқан асыл мұрамызды жаңғыртуға ден қойған ұл-қыздарға өнердің өріне жүзеге беріңдер дейміз.

    Имашева Меруерт Абуталиқызы — Өтенбай Әминанын анасы; Султанова Назгуль Зекенқызы -Кыдырмолда Аружаннын анасы;  Базилова Гулсара —  Алуанын апасы; Сарбасова Анар Нурсейтқызы — Адианың анасы; Абилдаева Клара Айдарбекқызы — Алуанын анасы.

(Өз тілшімізден).

 Алматы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *