Сенаторлар Үкіметті мүмкіндігі шектеулі мектеп оқушыларының мәселелерін жедел шешуге шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қзыметіне сілтеме жасап.

Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп, Сұлтанбек Мәкежанов, Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева және Ләззат Қалтаева «Николай Островский атындағы зағип және нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатында» болды.

Мұғалімдер өздерінің негізгі міндеті — көру қабілеті нашар балаларды оқыту және тәрбиелеу екенін сенаторларға айтып берді. Ол үшін орталық жүйке жүйесінің сырқаты мен басқа да ауруларға байланысты дамудағы қайталама ауытқуды жеңуге және жүруді қалыпқа келтіруге бағытталған түзету — тәрбие және емдеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп отыр.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау аса маңызды. Мемлекет жеке — дара білім беру, кедергісіз орта құру, инфрақұрылымдық қолжетімділікті қамтамасыз ету, осындай тұлғалар үшін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне көп көңіл бөле бастады», деп атап өтті Ләззат Қалтаева.

Кездесу барысында оқушылардың оқуы мен демалуына арналған үй-жайлардың жетіспеуі мен экскурсияға қолайлы жағдай жасау қажеттігі туралы мәселелері де талқыланды.

«Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіктерін қанағаттандыру үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Бұл неғұрлым жүйелі, дәйекті жұмысты талап етеді. Үкімет пен әкімдер ерекше қажеттілікті талап ететін адамдардың тыныс-тіршілігін ұйымдастыруға кәсіпорындардың қатысуын мемлекеттік ынталандыру нормаларын қарастыруы керек», — деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Депутаттар Наурызбай ауданындағы оқушыларға арналған инновациялық шығармашылық орталығы мен балабақша құрылысының жағдайымен танысты.

«Барлық ұсыныстар мен ескертулер Сенат депутаттарының назарына алынады және тиісті мемлекеттік құрылымдармен талқыланатын болады», -деді сенатор Нұртөре Жүсіп.

Аяна ТОҒАНБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *