«Жақсылыққа  құр сөз арқылы шақырып, ынтықтыру мүмкін емес. Адамның табиғаты сол — кез келген нәрседен  үлгіні қажет етеді»,- деген    тұжырым,  менің  ұстанымым.  Себебі,  мен әр таңда     достарыммен,    үлгі  алар   ұстаздарыммен  қанаттанамын,   жеке   ұстанымымды  орындаймын  дегендей,  мектепке  қарай асыға  барамын. Жақсылықты  да,    асыл  қасиеттерді  де  мен  мектептен   осы  жандардан,  тіпті  ағаш  жемісін  жерге  түсірмей  теріп  алғандай   теріп,   жіпке   мөлдір  моншақты   тізгендей  бойыма  дарытып   келемін.  

   Иә, мектеп  — кеме,  білім —  теңіз  болса,  сол  теңізде  мен өз  кемемді   еркін  басқарып   тереңдеп,   тұңғиығына  дейін   барғым  келіп,   қызыға  жүремін. Әр  күні,  әр  сабақта біздің шығармашылықпен жұмыс істеуімізге, рухани — танымдық жағынан өздігімізбен жетілуімізге,  кез — келген  сабаққа  талпынуымызды  қолдап,  бойымыздағы  дағдыларымызды   дамытуда   еселеп  еңбек  жасайтын  ұстаздарымыздың   еңбегі  ерекше  емес  пе ?!  Мектеп —  тоқтаусыз  жүрер  үлкен  сағат  болса,   таңнан,  қара  кешке  дейін  тынымсыз,  зыр  қағып  жүгіріп,  әр  шәкірт  үшін  безектеп   жүретін  ұстаз,  сол  сағаттың   минуттық  тілі.  Ал,  осындай шебер  де,  тынымсыз  еңбек  иесі  ұстаздың   үмітін  ақтап,   үлгі  алып,    парасатты  да ,   алғыр ,  ойшыл да  ,  шебер —  озат  оқушы  болу  менің  балалық      арманымның  бірі.

    Менің  ұшқыр   қиялымның  шарықтап  шыңға  шығып  отыруына,   оқушыға  лайықты  жетістіктерге  жетуіме  үнемі   ұстаздарым  көмектеседі,  бағыт  береді. Осы   ұстаз  жайлы  сөз  қозғасам,  мектебімді,  сыныбымды  еске  алған  кезде,  ең  алдымен,  ең  бірінші  болып  өз  анам  есіме  келеді. Мені  осындай   тәтті  жарық  дүниемен  қауыштырған, өмір  сыйлаған,   мәпелеп,  тәрбиелеп,  бағып,  ашыма  айланып,  тоғыма  толғанып  жүрген   анам — менің  ұстазым.  Үлгі  тұтар  асыл жаным!…  Анамның   отбасындағы   үлгісі  мен  өнегесін,  отбасы  үшін  жасап  отырған   тірлігі  мен   тауқыметін,  қиындығын  сөзбен  айтып  жеткізе  алар  емеспін…. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсең де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтуға болмайтынын   анамның  тынымсыз  еңбегінен  көріп  отырамын. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отырудың  қажет  екенінде   менің   ұстаз-  анамның  ізденісінен  байқаймын.  

   Ардақ  тұтар    әдемі, сұлу  мінезді,  адамгершілігі  өте  жоғары, иманды,  салихалы,  сабырлы,  шығармашылық  табысы  өте  көп  анамды    менің,  тіпті  мектеп  оқушыларының  ұстазы    ғана  емес,  ұстаздардың  ұстазы  деп те  бағалағым  келеді.  Анамның  мектебінен  тәрбиеленген  көптеген  оқушылары   бүгін  анам  сияқты   ұстаз  болып  қызмет  істесе,  солардың  бірі  менің   туған бауырым. Асыға  басып   келетін  мектебімнен   бауырымның  да  дәл  анамдай   ұстаз  болып,  шәкірт  жүрегінен  орын  тауып,  қызмет  атқарып  жүргеніне  ерекше  қуанамын.                        

  Ұстаз… Қандай    қадірлі,  киелі  сөз!   Ұстаз  сөзін  естігенде   кез  келген  жанның  жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесі   көз  алдына  келеді. Адам баласының   алдында  қадір тұтып, құрметтейтін    биік   тұлға  болса, соның бірі Ұстаз. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздың  алдынан  шыққан» немесе «нағыз  ұстазды  көрген» деген сөздер құлаққа «көргенді жерден  шыққан,  тәрбие алған» деген сөздермен  астасып жатады. Алғаш  рет әріпті  танытып, өмірдің   қыры мен сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге  бастау  болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған  ұстаздың бейнесі көңіл төрінен орын алары сөзсіз. Ұстаз әр шәкіртінің  жанына білім нәрін егіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз   кең  дүниеге қанатын қатайтып ұшырады.

    Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер — тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы  тиіс. Дүниедегі сыйлы адам да ұстаз. Себебі, шәкірт өнер, білім, әдеп, тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздармын деп санап, ұстазын сыйлап, ардақтап өтеді.
Шын ұстаз — ұстаз болуды балалық шағынан армандайды  деп те  ойлаймын. Қиындығымен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қаншама  қиындықтардан өтеді. Қиын  деп  ойлағаным: әр сабағыңа жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім — тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, рухани  қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес. Ал олармен сырласу, мерекелік шаралар ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығу, көңілді кезеңдерін бірге бөлісу, бұл бір сәтке өзіңді бала сезінетін ерекше бір қызықты  шақтар. Міне,  осындай  қызықты, ең  жарқын,  естен  кетпес  шағымның бірі     биылғы    айнала  қоңыр,  сары  дала,  салқын  күз  мезгіліндегі  өзім  сияқты балалармен   жақсы  демалысым  болды.  Саяхаттап  демалу  кезінде  де   еш   аянбайтын,  ерінбейтін,  көңіліңді  қызық пен  шабытқа,  ізденіс  пен  талпынысқа,   ойлану  мен  еңбек етуге,   дос  табу  мен  асыл  қасиеттерді  үйрететін   шебер ұстаздардың  көп  екеніне  көзім  жетті. Осындай ұстаздармен   кездесіп  көруге   жіберген   ең  бірінші  жаратқан  ием десем,  екіншіден  менің  мектебімдегі  нағыз  ұстаздарымның  еңбегі  деп  бағаладым.                                                                                                                                          

   Осындай  ұстаздарымыздың  еңбегін  қадір  тұтар шәкірт  қандай  болады  деп   ойланатын  болсақ, әр  саналы  шәкірт  өз  ұстазының  мақтанышы  болатындай  болу  керек  деген  тұжырым  келеді.  Бүгінгі  мектеп партасында отырған  оқушылар да халықтың рухани және материалдық байлығын арттыруға, еліміздің дамуына үлес қосуға тиіспіз. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық патриотизмі қалыптасқан, көшбасшылық қасиеттері   бар, ел табысы мен жетістіктерін құрметтейтін жаңа қазақстандық болып, Отанының  келбетін  болашақта  басқа  дүние  мемлекеттеріне кеңінен танытатын азамат болып өсуіміз  керек.   Сындарлы  сынға  түсе  алатын, мектеп  талабын  орындай  алатын  болашаққа ұмтылысы мен мақсатының ортақтығын нығайтуға, оқушыларды  да  даярлап  шығатын  өз  ұстаздарыңның  еңбегі  екенін  бағалай  білесің.  Ерекше ойлай білетін, интеллектуалдық   талғамы  жоғары  және адамгершілік — танымдық жағынан өздігінен жетілуге талпынатын, қабілеті ерекше   оқушыны  оқушылар арасында  болатын  байқауларға  ұстаздың  жетелеуі,   ол  оқушыны  заман  талабына ілесе  білуге  үйрету  әдісінің  бірі  деп  ұғынған  жөн.  Мұндай   байқаулар  мен  жарыстар азаматтық және өмірлік ұстанымы бар, шығармашыл дарынды оқушыларды анықтай  отырып,   оқушыны  өмірдегі  жеңіс  пен  жеңіліске  тәрбиелейтінін  сезінесің.  .
  Қазіргі білім берудің басты міндеттерінің бірі қазақстандық қоғамның зияткерлік элитасына айналатын оқушыларды даярлау болып табылады. Бұл -білімді, адамгершілік және іскер адамдар, олар таңдау жағдайында өз бетінше жауапты шешімдер қабылдай алады, олардың ықтимал салдарын болжай алады, ынтымақтастыққа қабілетті, ұтқырлығымен,   өз  ойын  ашық  жеткізумен ерекшеленеді, елдің тағдыры үшін жауапкершіліктің дамыған сезіміне ие бола  алады.  Қолымызда  тұрған  бақытымыздың  бірі  еліміздің  еркіндігін  сақтап,  Тәуелсіздігімізді  нығайтуға  күш  салады. «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру  әлдеқайда қиын  екенін  ұғынады.  

   Бұл — әлем кеңістігіндегі ғұмыр кешкен  талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз  қажает.  Сондықтан    білгір  ұстаздан алған  сабағымыздың   түйіні біреу ғана –  ол  Тәуелсіз  Қазақстан.  Тәуелсіздігімізді  сақтау — біздің өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек». Жақсы  мектептен,  жақсы  ұстаздан,  тек  білімді,  дарынды  оқушылар  шығуымыз  міндетті  деп  санаймын. Мен оқыған мектептен, менің анаммен, бауырыммен әріптес ұстаздардан өмірге құштар, алдына белгілі мақсат қоя алатын шәкірт шығатынына сенімім

 


    ОМАРХАН Аяжан,

  Алматы  облысы, Еңбекшіқазақ ауданы
«
Еңбек  орта   мектебі — Өрнек

    бастауыш  мектебімен» КММ-нің  9 «А» сынып  оқушысы  

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *