Советхан Сәкенұлы мен журналист Нұрмира Әлішерова

 

Мектеп  жасындағы  жасөспірімдер арасында  бір – біріне қол көтеру, күш жұмсау  білім беру ұясында кездесіп жатыр. Бір ауыл, қаладағы осындай оқиғалардың алдын алмаса, жасөпірімдерді орға жығатыны сөзсіз. Бірі – жәбір көрсетуші, бірі – жәбірленуші, енді бірі – куәгер болып балалар арасындағы қылмыстың көбеюіне алып келеді.

Қазіргі  жаңа заманның балалары, ұлдар бір – біріне әлімжеттік жасады деп жанұшырсақ, қыздар да  аракідік «мықтылығымен» көзге түсіп қалуда.

Осындай  балалар өміріне алаңдаушылық білдіріп, Алматы қалалық сотының судьясы  САКЕНҰЛЫ Советханмен сұхбаттасқан едік.

 

— Советхан Сакенұлы, салеметсіз бе! Балалар тәрбиесі мен тәртібі туралы ой айтып беруге қым – қуыт жұмыстарыңыздың арасынан уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет!

 

— Кейінгі кезде жиі бой көрсетіп жатқан оқушылардың бір – біріне әлімжеттілігі, ұстаздың айтқанына қарсы шығу, тіпті оған қол көтеруге дейін барудың себебі не деп ойлайсыз?

— Ұлы ойшыл, ұстаз, философ  Әбу Насыр әл  – Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», «Қарапайым халықты шенеуніктер тәрбиелейді» — деп айтқан екен. Осы даналық сөздерді өмірімізде басшылыққа алудан кенде қалдық. Өкінішке орай, соның салдарынан, қазіргі кезде бала тәрбиесіне, жастар тәрбиесіне көңіл бөлінбей, мән берілмей мандырап кеттік. Қолақпандай  екі – үш дипломы бар білім алғандар қатары аз емес, бірақ көбі өркөкірек, тәкаппар, мәдениетсіз. Осындай ата – аналардан, мұғалімдерден және қоршаған ортадан жастар қандай тәрбие алмақ?! Абай һакім былай дейді: «Баланың жақсы болмағы әуелі ата – анадан, содан жақсы құрбыдан, жақсы ұстаздан». Бұдан түйетін ой: билік басына – мәдениетсіз, тәкаппар, имансыз жауапсыз адамдарды жолатпау қажеттілігі деп айтамын.

 

— Мектеп оқушылары арасында орын алған келеңсіз жағдайларды видеоға түсіріп, бірден әлеуметтік желілерге жүктейді. Кейбір балалардың осындай әрекетке баруы хайп жасау арқылы көпшілік назарын өзіне аударту ма?

—Бұрындары ата – бабаларымыз «ұят болады, обал – сауабы болады» — деп үш – ақ ауыз сөзбен ұрпағын тәрбиелеген. Осы үш нәрсенің мағынасын білмеген бала хайп жасай береді. Өйткені, ол ұят деген не нәрсе екенін сезбейді, білмейді. Білім мен біліктің арасын шатастырып жүргендер бар. Білімнің қайнар көзі Құранда жатыр, ислами тәрбиеде, қазақи тәрбиеде жатыр. Алаш қайраткерлерінің бәрі ең бірінші ислами тәрбиеден сусындаған.

 

— Үлкен сыныптың ұлдары өзінен кішісіне күш, зорлық – зомбылық жасау әркеттері жиілеп барады. Әлімжеттікпен айналысатын балалардың ата – аналары ұлының осы ісін байқамай ма? Жасы кішілерінен күш көрсету арқылы мысалы, ақша бопсалайды. қолында ақшасы бар адамның әрекеті белгілі ғой зат сатып алады, немесе тамаққа жұмсайды.

Ата – ана мен педагогтар ұжымы тарапынан нақты қадағалау жоқ. Мектепте тәрбие сағатын көбейту керек. Мейірімділік, имандылық, адамгершілік туралы құндылықтар мен құқық бұзушылықтың мән – мағынасын жете түсіндіру қажет. Мектептерде қосымша сабақ ретінде, міндетті  түрде Абай, Шәкәрімді, Машһүр Жүсіпті, Мағжанды, Алаш көсемдерінің айтып кеткен сөздерін, даналықтары мен ғибратын оқыту керек. Оқытып қана қоймай, оларды жақсы түсіндіріп, жүрекке жеткізген абзал. Сонда ғана рухани жетістіктерге жетеміз. Сонда ғана сіз айтып отырған келеңсіздіктерден өзінен — өзі табиғи түрде арыламыз. Ол үшін ұстаздардың өзі тәрбиелі, мәдениетті, білімді, иманды болуы шарт.

 

— Әлімжеттікпен айналысатын балалардың ата – аналары бұл әрекетті қойдыра алмай ма? Тәрбиелеудің орнына бір балаға  ата – анасы берген ақшасын екіншісінің тұрақты түрде тартып алатыны  арын  қалайша мазаламайды?

Бұл сұраққа жауапты ғұламалардың айтып кеткен даналығынан алып айтайын. Мұхаммед Қашқари: «Ұлттық тәрбиенің ең басты негізі – тіл», Г.Гете: «Ұлт тілінде сөйлемеген адам  жаңалық ашып, жақсылық әкелмейді», Жүсіпбек Аймауытов: «Орыс тәрбиесін алған бала ешуақытта ұлт қызметкері бола алмайды», В.Даль: «Кім қай тілде сөйлейді, ол сол ұлттың өкіліне жатады», М.Ганди: «Отаршылардың тәрбиесінен шыққан элита – өз халқының ең басты жауы» деп айтқандарынан бүгінгі ұрпақ тағлым алғаны жөн. Бұл айтылған даналықты  тек балалар емес, олардың ата – аналары да мықтап жадына ұстағаны артық болмайды. Жапонияда  балаларын 6 – сыныпқа дейін жапон тілінде оқытады. Сондықтан, олар әлемдегі маңдай алды елдердің бірі.

 

— Күні ертең осындай балалар есейгенде де осы әрекетін жалғастыруы кездесе ме? Ең алдымен өз жеке басының қамын ойламауы: қоғам үшін – қасірет, ата – ана үшін – уайым, мектеп үшін – беделдің түсуі.

—Алаш ардақтыларының бірі – Мағжан Жұмабаевтың мына дана сөзінен артық жауап айту мүмкін емес. «Тілсіз ұлт, тілінен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін, бірінші  шарт — тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады…» дейді. Халқымызда «Халық өз тілінен айырылған кезде  әрекетінен айырылады» деген тәмсіл бар. Мұстафа Кемел Ататүрік те өз заманында «Көп тілді, көп ділді, көп дінді мемлекеттердің өмірі ұзаққа бармайды» — депті.

Біздің  ұл – қыздарымыз бабалар ғибратынан тағлым алса, ешқашанда қор болмайды. Елін сүйіп, жерін қорғап, халқына құрмет көрсетіп, Ана тілін қастерлейтін отаншыл жастар қатарынан болады деп сенеміз!

 

— Отбасында балаларын – мектептегі ұстаздар шәкірттер тәрбиесімен айналысуды әлеуметтік парақшаларға «сеніп» тапсырғандай…

—Тәрбиеге байланысты айтқандарымызды түйіндесек, ұлттық мемлекет үшін басты құндылық – Тіл. Тәрбиенің қайнар бұлағы Ана тіліміздің мәйегінде жатыр. Құран – Кәрімде «білген мен білмеген тең» деген аят бар. Ел боламыз десек, алдымен бесігімізді түзеу баршамыздың парызымыз. Бесігімізді түзеу дегеніміз, сонда тербеліп жатқан сәби. Оған ана әлдиі дұрыс жетсе, анасы туған тілімізде ән айтып, ұлттық тілімізде сөйлей білсе, ұрпағымыздың денінің сау, сөзінің түзу болып, тәрбиесінің дұрыс берілгені дер едім. Сондықтан, тәрбие бұлағы – пайғамбарымыздың хадистерінен үйреніп, сахара даламызда туған даналар ғибратына қанығып, өзімізді өзіміз дұрыс жолға тәрбиелеуге тырысуымыз қажет.

 

—Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбатты жүргізген:   Ж.Кучукова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *