Қазіргі заманның талантты жастары арасында поэзияға деген қызығушылық артып келеді. Поэзия – жүректің кілті, сезімнің шыңы. Әр шумақтың артында жүректі кернеген сыр мен шынайы сезім жатады. Сол сезімнің ебін тауып өрнектеп, оқырманның жанына жылу сыйлай білген жас ақындар да жеткілікті. Солардың бірі – аудандық, қалалық жарыстарды бағындырып жүрген замандасымыз Арғынбай Ұлбике. Алматы қаласы «Cұлтан-Ахмет Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицей» КММ оқушысы.
Әрі қарай Ұлбикемен әңгімеміз жылы сұхбатқа ұласты.
—Әңгімемізді өзіңнен бастасақ, Ұлбике есімі бізге тарихтан танымал ақын апамыздың құрметіне қойылды деп ойлаймын.
—Дәл таптыңыз. Менің есімім Арғынбай Ұлбике. Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Есімімнің өзі мені шығармашылық әлеміне шақырады деп ойлаймын. Ата-анам есімімді ақын Ұлбике Жангелдіқызының құрметіне қойған. Ресми деректерде Ұ.Жангелдіқызының Жетісудың ақын Сарасынан ертеректе Сыр өңірі – Қызылорда облысында дүниеге келгендігі айтылады. Ұлбике апамыз жезтаңдай әнші, дәулескер күйші, айтыс ақыны болған екен. Ұлбике апаның қасиеті дарыды ма, мен де қолыма қалам алып өлең жазып жүрмін.
—Ең алғашқы өлеңіңді қандай сезіммен жаздың? Қай тақырыпқа қалам тарттың?
—Менің ең алғашқы өлеңім — «Ана» деп аталады. Негізі өлең деген мен үшін ішімдегі сезімнің шабыт болып қағаз бетіне түсуі ғой, сен сол өлеңді қайта оқығанда сол уақытта не сезінгеніңді қайтадан көре білесің. Осы өлең шумақтарымнан мен анамның махаббатын, ара-қатынасымызды көре аламын.
—Өлең жазуға шабытың қай кезде жиі оянады?
—Менің шабыт көзім – жалғыздық пен тыныштық. Себебі мен сол сәттерде өз ойымды, сезімімді анық ести аламын. Айналам тынышталып, тек жүрегімнің үні қалған кезде, өлең жолдары өзінен-өзі туа бастайды. Жалғыздық мен үшін мұң емес, керісінше – шығармашылық тыныс, ойдың тереңіне бойлайтын сәт.
—Өлең жазуға қандай сәттер шабыт береді?
—Иә, әрине бар. Кейде бір адамның жылы сөзі, не тіпті оның қарым-қатынасы – мені шабыттандырады. Адамның жүріс-тұрысы, мейірімі, немесе керісінше, салқындығы да ой салып, өлеңге себеп болады. Сонымен қатар мені әділдік, махаббат, мейірім сияқты сезімдер мен ұғымдар жиі ойландырады. Әлемдегі әрбір шынайы сезім мен оқиға – өлеңнің бастауы. Кейде бір ғана көзқарас немесе кездейсоқ сәт жүрегімде із қалдырып, кейін шумаққа айналады
Өлең мен үшін – сол сезімдерді сөзге айналдыру, ішкі әлеміммен бөлісу тәсілі деп білемін.
—Қазіргі заман талабына сай рухани ұстазым деп кімді айта аласыз?
—Мұқағали Мақатаев пен Мұхтар Шаханов. Мұқағалидың өлеңдерінен мен адам жанының нәзіктігін, махаббаттың шынайы сырын, сағыныштың тереңдігін сезінемін. Ал Мұхтар Шаханов маған әділ болуды, шындықты айтудан қорықпау керектігін, адамдық қасиетті сақтауды үйретеді.
Сонымен қатар мен Фариза Оңғарсынова, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев сынды ақындардың жырларынан да ерекше рух аламын.
Олардың әр өлеңі – мен үшін бағыт, әр сөзі – шабыт.
—Ұлбике, сұхбатыңа рақмет. Қаламың ұштала берсін! Саған шығармашылық табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан:
Шакира НИЯЗБАЕВА,
Алматы қаласы, «58 ЖББМ» -нің 10- сынып оқушысы.
Жетекшісі:
Сансызбаева Алтынай Косаумасқызы,
Шабарова Нуркуль Тилеукулқызы
*Фотосурет жеке тұлғаның рұқсатымен қойылды
