Алматы облысынан шыққан Дәурен Сәбитов небәрі 22 жасында Американың ең алып әуекомпанияларының бірінде ұшқыш — инструктор болып жұмыс істейді. Оның ең алғаш штурвалға отырған сәті, АҚШ — тағы ұшқыштардың жалақысы және қазақ авиациясының жағдайы туралы толығырақ Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

                                   Алматыдан Америкаға

Дәурен 1999 жылы қазақтың қарапайым отбасында туған. Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған ол  Алматыдағы ҚТЛ — ды бітіріп, бірден Америкаға жол тартады.

—2017 жылы мектепте бірге оқыған сыныптастарыммен бір уақытта АҚШ — тағы Калифорния штатының Сан — Матео қаласына келдік. Достарымның арасында мен ғана авиацияны таңдадым. Оның өз тарихы бар, — деп ол әңгімесін алыстан бастады.

                                              Әке көрген

Дәурен Сәбитовтің әкесі де ұшқыш болып шықты. Бала Дәуреннің мамандық таңдауына әкесі Ғалым зор ықпалы еткен.

—Әкем көп жыл бойы авиация саласында жұмыс істеп жүр. 5 жасымда алғаш рет өзінің жұмыс орнына апарғаны есімнен кетпейді. Өз көзіммен алып ұшақтарды, олардың арнайы дайындықтан өту процесін сол кезде бірінші рет көрсем керек. Тіпті, әкеммен бірнеше рет ұшқан кездерім де болды. Ұшқыштардың кабинасынан ғана байқауға болатын әуедегі көрініс, күннің шығуы мен батуы мені бірден баурап алды. Қысқа қайырғанда, болашақта кім болатынымды 5 жасымда-ақ білдім ғой, — дейді ол.

Қазір ол Standord Flying арнайы оқу орнында білімін жетілдіріп, жоғары санатты сертификат алуға дайындалып жүр.

—Басқа саланы білмедім, бірақ, ұшқыш боламын деген адам күнделікті өз білігін арттырып отыруы шарт. Бүгінде Standord Flying ұшқыштар мектебінде қосымша білім алып жүрмін. Аптасына бірнеше рет оқуға жаңа түскен студенттерге дәріс оқып, олардың практикалық жұмыстарын жүргіземін, — деді Дәурен.

California Airways корпорациясындағы карьера

2021 жылы Дәурен бала кездегі арманын орындап, Американың ең атақты әуекомпанияларының біріне жұмысқа тұрады.

—Қазір California Airways корпорациясында ұшқыш-инструктор болып жұмыс істеймін. Бекітілген кестеге сай рейстерге шығамын, сондай-ақ алдын ала ұшақты тестілеу жұмысына қатысамын. Бастапқыда талап жоғары болып, үйренісе алмай жүр едім, бірақ қазір өзімді бұл компаниясыз елестете алмаймын», — дейді жас ұшқыш.

Сонымен қатар, Дәурен жеке тапсырыс қабылдап, чартерлік рейстердің де тізгінін ұстап жүр.

—Set Jet деген чартерлік рейстермен айналысатын компания бар. Қолым бос болса, олардан түскен тапсырыс бойынша ұшамын. Әдетте бұл компанияны тек қалталы азаматтар жалдайды, — деді ол.

АҚШ-та ұшқыштың дәрежесін миль не шақырым емес, сағат анықтайды екен.

—Пилот есебінде 900 сағат ұшыппын. Бұл жұмысқа шыққан уақытым емес, әуедегі есеп. Басқа елдерде 900 сағат ұшуға 10-15 жылыңды сарп етуің мүмкін, бірақ тек Америкада емес. Мұнда жасыңа, дініңе, нәсіліңе қарамайды, басты талап — білігің мен жауапкершілік, — дейді ол.

                 Алдағы жоспары және елге оралуы

Жас ұшқыш Қазақстанға қашан оралатынын да айтып берді. Ол елге келіп, жас студенттермен жұмыс істегісі келетінін алға тартты.

—5 — 6 жылдан кейін елге қайтып, Америкада жинаған тәжірибемді Қазақстан авиациясының дамуына арнасам деймін. Оқуды енді бітіріп, ұшақ экипажына аяқ баса алмай жүрген жастарға бағыт көрсетуді армандап жүрмін», — деп сөзін аяқтады ол.

 

  Әңгімелескен: Мұхтар Жәмішжанов
Фото Дәурен Сәкеновтің жеке мұрағатынан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *