АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат — Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Санжар Хамитов ЕGeO — 2022 олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік NIS оқушысы Санжар Хамитов ел тарихында тұңғыш рет географиядан EGеO — 2022 Еуропалық олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды. 11-сынып оқушысы 16 — 19 жас аралығындағы жоғары лига қатысушылары арасында абсолютті жеңімпаз атанды. «\

—География әлемді тануға көмектеседі. Бір ғана пән арқылы аспан әлемін, планеталарды, уақыт пен кеңістікті зерттеп, зерделеуге болады. Географияға үңілген сайын танымым кеңейіп, түрлі елге «саяхаттап» та кетемін. Мұндай жарысқа қатысқан кезде алдын ала дайындалып, өз білімімді толықтырамын. Нәтижесі өзімді де, жақындарымды да қуантты. Олимпиадаға келер болсам, алғашқы турда карта берді. Ондағы елдің орналасуы, дамуы туралы айтып бердім. Даму жолын да мысалға келтіруге болады. Мультимедиалық турда әр сұраққа жауап беруге 30 сек уақыт бөлді. Барлығы 40 сұрақ болды. Үшінші турда ұлттық паркті сақтау жолдарын айтып бердік. Туризмді дамыту жолы да назардан тыс қалмады. Сұрақ болса, біз оның шешімін айтып, ұсынысымызды білдірдік, – дейді EGеO-2022 алтын медалінің иегері Санжар Хамитов.

Бұған дейін ол география пәнінен Республикалық, желілік олимпиадалардың  алтын медальдарын жеңіп алған. Айта кетейік, Санжардың  жаттықтырушысы Ақтөбедегі зияткерлік мектептің түлегі, ІGeO — 2021 халықаралық географиялық олимпиадасының жеңімпазы Рустам Валеев.

—Олимпиада үш турдан тұрды. Олар: жазбаша, мультимедиялық, далалық. Барлық турда Санжар жақсы нәтиже көрсетті. Бұл жолға жету үшін ол талай еңбек етті. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырды. Тағы бір қуантарлығы, барлық қатысушыға қарағанда Санжар ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгергенін көрсетті,– деп атап өтті Рустам Валеев.

Бұл олимпиада 24 — 29 маусым аралығында онлайн форматта өтті. Оған Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Литва, Латвия, Эстония, Сербия, Словения, Қазақстан, Румыния, Чехия, Болгария, Босния және Герцеговина елдерінен 111 білімді жас қатысты. Енді Санжар Хамитов ІGeO және IESO халықаралық олимпиадаларына қатысады.

Оралдық оқушылардың жобалары Республикалық және

Халықаралық байқауда үздік деп танылды

 

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының инновациялық жобалары республикалық және халықаралық байқауда үздік деп танылды, — деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Caspian Startup — 2022» Халықаралық байқауы аясында алғаш рет республикалық Demo Day шарасы өткен еді. Халықаралық IT стартаптар технопаркі ұйымдастырған сайыс барысында NIS оқушылары үш ай бойы Astana HUB — та онлайн оқып, тәлімгерлермен бірлесе жобаларын әзірледі. Содан кейін жоба авторлары Ақтау қаласында өз жетістіктерін көрсетті. Demo Day алаңында ұсынылған жобалардың ішінде Оралдағы NIS командасының «NFT-будильник L7RK» стартапы үздік деп танылды.

Команданың әрбір мүшесінің өз міндеттері бар: Адэля Шаукенева топ көшбасшысы болса, Алмас Сапаров пен Азамат Оразғали мобильді жасақтауға жауапты, Ернұр Нәсіпқали – веб — дизайнер және фронтенд, Абылай Мәметан – аналитик маман.  NFT оятқыштың ерекшелігі сол, арнайы тексерістің көмегімен ерте оянғанын дәлелдеген жағдайда бағдарлама белгіленген токендерді қолданушы пайдасына есептейді. Әрі қарай пайдаланушы оларды цифрлық долларға айырбастап, кейін бұл ақшаны басқа виртуалды әмияндарға аудара алады.

Жеңімпаздар мобильді қосымшаны әзірлеуді аяқтап, Astana Hub — тың BlockChain Battle — да бақтарын сынап көруді жоспарлап отыр. Ұл-қыздардың жетекшісі, мектеп мұғалімі Орал Қыдыршаев мұндай байқаулар стартап ойлап табу, өз өнімін таныстыру және компаниялармен қарым — қатынас орнатуға үйрететінін айтады. Команданың белді мүшесі Алмас Сапаров «INFOMATRIX — ASIA» халықаралық конкурсында пневмонияның бар-жоғын лезде анықтайтын «ChestXRayAl» қосымшасы үшін де алтын медальға ие болды.

Радиологтарға көмек болатын бағдарламаны жасап шығару идеясы авторға пандемия кезінде келген. Ол үшін медициналық орталықтардан жиналған 5 800 — ден астам рентген түсірілімдерін қамтитын деректер жиынтығын пайдалана отырып, визуалды кескіндерді талдау үшін жиі қолданылатын конволюционды нейрондық желі оқытылды. «Рентген суреті арқылы бағдарлама өкпе қабынуының бар — жоғын 92 пайыз дәлдікпен анықтайды. Егер мамандарға консультация мен диагностикаға 15 минут қажет болса, ChestXrayAI  жасанды интеллектінің арқасында бірнеше секунд жеткілікті», – дейді Алмастың ғылыми жетекшісі, мектеп мұғалімі Борис Зеленов.

Халықаралық байқауда Қазақстанмен бірге Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан және басқа елдерден келген қатысушылар өз жобаларын таныстырды.

 inform.kz  

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *