«Жазу  табу  араға ғасырлар салып, ілуде бір келетін даналардың ғана қолынан келетін  шара. Славян жазушысы Кирилл-Мефодий тауып берсе, көп түрік жұртына үлгі болған қазақ жазуын жалғыз Ахмет Байтұрсынұлы жеке шешті. Сөйтіп, өзге көпшілік жұрттың ойына кіріп шықпайтын, көп пенденің қолынан келмейтін  жаңалық ашылды».

Ә.Жүнісбек
     Араб жазуы негізінде қазақ тілінің табиғатына бейімделіп жасалған, алғаш рет 1912 жылы Орынборда басылып шыққан қазақ әліпбиін ұлы ұстаздардың  өзі «Қазақ жазуы» деп атаған еді. Ахмет Байтұрсыновтың өзі: «Араб әріпімен  жасаған әліпбиімізге жер бетінде  Әліпби  жетпейді», — деп бұл әліпбидің теңдесі жоқ  жазу екенін, оның ғылыми — мәдени артықшылықтарын  даралаған дәлелдерін сол кездің өзінде-ақ ғылыми орта толық мойындаған болатын. Күні бүгінге дейін Еларалық  Шалқар газетінің осы әріптермен  басылып шығуы, Қытай, Иран, Ауғанстан, тағы басқа шет елдердегі қандастарымыздың осы әліпбиді қолданып отырғандығы Ахмет Байтұрсынұлыәліппесінің өміршеңдігінің жарқын дәлелі. Қытайдағы қазақтардың еңбегімен жарық көрген қаншама дүние Түркия, Өзбекстан, Ресей, Монғолиядағы қандастарымыздың рухани-мәдени азығына айналып отыр десеңізші?!

     ЮНЕСКО-ның Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстандағы өкілі, Алматыдағы БЮРО директоры: Криста Пикаттың: «Ахмет Байтұрсыновтың есімі  қазақ әліпбиіне  араб графикасы негізінде жасалған  реформасымен танымал. Ол түзеген Әліпби қазақ жазуын шекарадан тыс өмір сүріп жатқан миллиондаған  қазақтарға қол жетімді етті» —  деп жазуы тегінен-тегін емес.

     Кең құлашты білімпаз ғұламаның жасаған Әліпбиін алғашқы ұсынылған  кезінен бастап қазақ  жұртшылығы, әсіресе мұғалімдер қауымы еш талассыз бірден қабылдайды. 1915 жылы  бұл жазумен 15 кітап  басылып шыққан. Осы жаңа әліппе 1913 жылдан бастап мұсылман медреселерінде, қазақ-орысмектептерінде қолданыла бастайды. 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш сьезінде ресми түрде қабылданды. Сөйтіп, елімізде  1917-18 жылдары қолданылып тұрақтай бастағанда биліктің өктемдігімен тарих сахнасынан түскендігімен өз өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Ғалым Мырзатай Серғалиев: «Араб әліпбиінің қабылданбай қалуы тарих  үшін өте өкінішті оқиға болды» — деген еді.

     Ахмет Байтұрсынұлы – біріншіден, қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен  оқулықтарының авторы. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиімен ашып, тілін Ахмет Байтұрсынұлының  «Тіл құралы» арқылы оқып үйренді, немесе:

                                      Сөзінің ойы терең, оты күшті,

Уақытты озған орап оқымысты,

Ел оқып оның жазған ғибратын ,

Жетілді сарайына тоқып ішкі!

Ол салған жолға түсіп талаптанып,

Өмірлік сұрағына жауап тауып,

Басына жастап жатып әліппесін

Сан ұрпақ көзін  ашты сауаттанып, — деп Сырбай Мәуленов  

жазғандай Ахаң түзген «Оқу құралымен» сауатын ашқан ұрпақтың алғашқы толқыны – Құдайберген Жұбанов еді. Заманымыздың заңғар тұлғалары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов  өз еңбектерін осы жазумен  жазып қалдырған. Партизан жазушы Қасым Қайсенов «Жау тылындағы бала»  шығармасында  барлау ісіндегі маңызды деректерді  осы жазумен жазып, қолға түскен кезде бұл өзімнің төл жазуым деп құтылғанын жазады.

     Қазақ қоғамын сауаттандыру ісінде теңдесіз қызметатқарған Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқуқұралы» деген атпен 1912 жылдан бастап  қолданысқа енді және 1912-1925 жылдар аралығында 7 рет басылып шықты. Кітаптың бесеуі Орынборда, біреуі – Ташкентте, ең соңғы жетінші басылымы Қызылорда  қаласында жарық көрді. Міне, оқулықтың ең бір жетпеген жетінші нұсқасы қазіргі таңда Елордадағы іргелі мәдени ошақтардың бірі Сәкен Сейфуллин музейінде тұр. Аталмыш құнды еңбек музейге осыдан 30 жыл бұрын қазіргі ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан әкелінген («Егемен Қазақстан», 5.10.2022).

     Қазақ әліпбиі оқу құралы 1924 жылға дейін қырғыз халқының да сауатын ашу құралы болды. Қырғыз ғалымы академик Қарасаев: «Біз Ахмет Байтұрсыновтың кітабын оқыдық, диалектілік қана айырмасы бар. Мен Ахмет Байтұрсыновты қырғыз деп айтқым келеді», деп жазса, ғалым Карбоз Дыйханов оқу құралының 1914 жылы басылымын «Ахмет Байтурсуновдын казакча алифбеси» деген атпен өз қаражатына 1991 жылы 5000 данасын шығартты. (Бішкектің Периодика баспасы)

    Кітап репретивті түрде, яғни мазмұны еш өзгеріссіз, тек баспа көлемі  кішірейтіліп, 97 бет болып, қырғызша түсініктемесімен  шыққан. Кітаптың бір данасы Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қорын сақтау бөліміндесақтаулы тұр. Кітапханаға оқулықты  жергілікті ақын Сәбит Баймолдиннің жанұясы тапсырған.

     Он сегіз тілді оның ішінде қазақ тілінде еркін меңгерген полиглотғалым Поливанов: «1924  жылы қабылданған қазақ-қырғыз графикасының бұл соңғы нұсқасы енді түзетуді қажет етпейтін, әрі ұлттық графиканың тарихи қалыптасуындағы   соңғы қадам деп есептеймін.  Осы реформаны жүзеге асырған  қазақ ағартушыларының еңбегін ірі мәдени жеңіс деп мақтануға болады»,- деп жазса, 1926 жылы Бакуде  өткен бірінші тюркологтар  конгресінде  әліпби туралы  арнайы баяндама жасаған түркітанушы ғалым Галимжан Ибрагимов: «Сәтті реформа жасалған қазақтың  әліпбиін  бүкіл түркі  халықтарына үлгі, оны  өзгерту тиімсіз және қажеті жоқ»,- деп ғылыми тұрғыдан дәлелдеп  берген еді.

    Абай Құнанбайұлын қазақтың бас ақыны деп ең алғаш бағалаған Ахмет Байтұрсынов  болатын. Абай әрбір жолы араб әріптерінен басталатын «Әлифби»  өлеңін жазды. Бұл өлеңді «Қазақтың оқыған жігітінің оқыған қызға  жазған хаты»-деп, Мұхтар Әуезов сақтап қалды. Орыс ғалымы Николай Яковлев 1928 жылы «Әліпби құрылымының математикалық жүйесі» атты ғылыми-зерттеу мақаласында әліпбидің соншалықты дәл және ықшам екенін жазса, ғалым Ақжан Машанов Абайдың ұлылығын араб әрпінің сандық мәнін түсіндіретін Әбжәд есебі арқылы дәлелдеп берді.

    Ахмет Байтұрсыновтың «Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Араб әрпімен жасаған әліпбиімізге жер бетінде әліпби жетпейді», — деп айтуының  сыры тереңде жатса керек,

Гүлназия ОМАРХАНОВА,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық

әмбебап ғылыми кітапханасының

кітапханашысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *