Сан қилы салада еңбек еткен Алаш арыстарының саны өте көп. Оларды әмбебап болуға үйреткен – заманы. Ұлт мәселесі талқыға түскен заманда елді қалай болмасын біртұтас қылуды мақсат еткен Алаштықтардың есімі еске оралғанда, Ахмет атамызға соқпай кету – үлкен сын. Бар ғұмырын халық жолына арнаған Ахмет Байтұрсынұлы халықтың тілі мен өзіндік мәдениеті қалыптасқанда ғана елдің ертеңі жарқын боларына үлкен сенім білдірді. Ұлт болмысын сақтап қалу үшін әрбір салаға өлшеусіз үлес қосты.

  Ахмет атамыз жайлы жазбау, Алаш ұрпақтарына үлкен сын. Оның ерлігі, азаматтығы, адалдығы, отансүйгіштігі талай азаматтың бойына шабыт беріп, жанына қуат сыйлады. Ахмет ақырғы сәуле көзден жылт еткенше қазақ деп, Алаш деп өтумен болды. Бұл сөзімізді Сәкен Сейфуллиннің «Өзге оқыған қайраткерлер атақ қуып жүргенде, ұйқыдағы қара халықтың жоғын жоқтап, мұң мұқтажына көңіл бөлген Патшалық Ресей заманында бір ғана тұлға болды, ол — Ахмет Байтұрсынұлы болатын», [1] — деген сөзі ағасына деген шынайы пейілмен айтылған інілік көзқарас болатын. Сол кезеңдегі бар ауыртпашылықты арқасына артып, бойына қазақилықты сіңірген Ахмет атамыз – бүгінгі ұрпақтың кемеңгері. Оның әр істеген ісі, әр сөзі келешек ұрпақтың санасында мәңгілік оттай жанып тұрмақ. Әр қазақ Ахаңның аманаттаған сөзін арқалап, жетер жеріне дейін жеткізері анық.

 Ахаң ұлттың ұстазы, халық жанашыры. Ахметтің артында қалдырған еңбектері, келешек ұрпақтың аманаты, жемісі. Бүгінгі ұрпақ А.Байтұрсынұлыбастаған Алаш азаматтарына қарап бой түзейді. Оның өмір жолы ауыр да, азапты болды. Аласапыран кезеңде Алаш жұртына түзу жол көрсетіп, дөңгеленген дүниеден қазақтың өз үлесін алып беруді көздеді. Көкірек көзі ашық, көңілі көлдей қазақ жастары Ахмет атамыздың артынан еріп, ақылын тыңдап, автономия құрды. Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен қазақзиялылары қазақтың шекарасын бекітіп, керегесін кеңейтіп, әдебиетінің іргесін қалады.

 А.Байтұрсынұлы ұлт мақтанышы. Оның әр еңбегі бүгінгі ұрпақтың болашағы үшін жазылған. Асыл азаматтың алтын қаламынан тамған ақ өлеңдей сөздері ұлт жадында. Ахмет атамыздың аудармалары – түпнұсқадан ерекшеленіп, өзгеше өң мен бояу арқылы жаңа бір өнер туындысы деңгейіне дейін көтерілген көркем туындылар. Оның Крыловтан аударған мысалдары барлығымызға етене таныс. Крылов та өз заманында ежелгі грек мысалшысы Эзоптан аударған мысалдары жетерлік. Крылов мысалдарында жануарлардың іс-әрекетін көрсете отыра, түп-тұқиянында адамдардың іс-әрекетін жасырып қояды. Онда орыс ұлтының өзіндік бояуы, ұлттық танымы мен өзіндік мәдениеті айқын байқалып тұрады. Ахмет Байтұрсынұлының аудармаларын аударма деуге ауыз бармайды. Құдды ұлттық мүддені ой елегінен өткізе білетін, елінің келешегін ойлаған қазақ ақынының кезекті бір өлеңі ме деп ойларсыз. Ахмет атамыздың мысал жазуына себеп болған бірден-бір мәселе, ол сол уақыттардағы қазақ халқының қараңғы түнекте ұйқыда жатуы, яғни надандық дәуірі өршіген сәтте, халықтың ілім-білімге ден қоймай, ел ісі, жер ісі дегенде кері тартуы. Өзі надан болып қана қоймай, ілім қуған қазақ зиялыларының аяғынан қазақтың шалғанына қатты ренішін білдіреді. Ойды қорыта келе, Ахмет атамыздың аудармаларынан этнолингвистикалық теңеулерді топтастыруымызды өзіндік ерекше мәні бар. Қазақ тілінде теңеулер  жайлы ең алғаш пікір айтқан Ахмет Байтұрсынұлы еді. Аударма саласының үздіктеріне Пушкин: «Аудармашылар – ұлттық ағарту ісінің негізгі күретамырлары», — деп баға берген [2, 3].

  Аударма жайлы түрлі-түрлі анықтамалар берілген. Солардың ішінен ең ұғынықты анықтама ретінде мына бір нұсқасын қарастырып отырмыз: «Аударма – ұлт пен ұлтты, мәдениет пен мәдениетті жақындастырудың рухани құралы». Ұлттың ар жағын қозғасаңыз тіл шығады, тіл – ол халықтың рухы, ұлттың жаны.  Ахмет Байтұрсынұлы қаламынан туған екі сөздің бірінің негізгі идеясы – ұлттық идея

   Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің іргетасын қалап,  әдебиеттанудың негізін қалыптастырды. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі жайлы З. Ахметов «Әдебиет танытқышта» қазақ өлеңінің ырғақтық құрылыс-жүйесін айқындайтын өлең сөздің бунақ, тармақ, шумақ сынды категорияларының алғашқалыптасқандығын атап айтады [3,64]. Ахметтің «Әдебиет танытқыш» еңбегі – қазақ әдебиеттануының алғаш қаланған іргетасы еді. Оны әрмен қарай қазақ ғалымдары жалғастырып, бірізділікке салды.                                                                

  Ахмет Байтұрсынұлы жазған «Тіл – құралды», «Оқу құралы», «Тіл жұмсар», «Жаңа әліпби» еңбектері бүгінгі ұлттың асыл қазынасы. Бұл еңбектердің барлығын бүгінгі күнде бір институт атқара алмайтыны анық. Ахмет жазғандай ұлттық құндылықтарымызды болашаққа дәріптейтін оқулықтар көп болған жағдайда ғана елдің ертеңі жарқын болмақ. Ал, ұлттық болмысынан айрылған елдің ертеңі бұлыңғыр. Өз заманында елінің бағы үшін туылып, елінің жоғын түгендеумен өтетін есіл ерлер қашанда туылары сөзсіз. Бірақта, Ахмет қазақта жалғыз. Оның жазған бір мысал өлеңінің өзі бір ұрпаққа қырық жыл азыл боларлық үлгі, қайталанбас өнеге. Асыл мен жасықтың, саф алтын мен сары жездің айырымын ажырата білетін ұрпақ Ахметтің жасаған көзсіз ерліктеріне, ғылыми ізденістеріне, ғаламат аудармаларына, отты көсемсөздеріне ғылыми тұрғыдан лайықты бағасын береді деп сенеміз. Бар ғұмырын ұлтының болашағы үшін қиған, өз кіндігінен тараған ұрпағы болмаса да, әр қазақ баласы кішкене болсын білім мен өнер үйренсін деп, ауыр да азапты, қамшының сабындай ғұмырын ғылым жолына, ұлт жолына арнаған Ахмет Байтұрсынұлы – біздер үшін идеал тұлға! Ұлтты сүйсеңіз, Ахметтей сүйіңіз! Бұл сөзді қайта-қайта айта беруден жалықпассыз.

 

 

 

 


ДОСЫМБЕК Аружан Бекжанқызы
,

Әл- фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

филология факультетінің 4 курс студенті

 

ШОРТАНБАЙ  Шоқан,

Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

аға оқытушы, тәжірибе жетекші

Пайдаланылған әдебиеттер:

1) Ахмет Б. — «Тіл құралы»

1) Ахмет Байтұрсынұлы туралы айшықты ойлар //Ұлт болмысы.- 2012.-  

№ 9.- 47 б.

2) Юсуп К. — «Көркем аударма: қыры мен сыры». — Астана: «Фолиант»

баспасы — 2011. — 469 б.

         3)Ұ.О.Еркінбаев. «Әдебиет танытқыштың» теориялық негізі».-Алматы,

            2008.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *