Сара Тастанбекқызы туралы сырларды  музейдегі деректерден оқимыз

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында 2019 жылды жастар жылы деп жариялау негізінде
Ақын Сараның мемориалды музейінде мектеп оқушылары, колледж студенттеріне арнайы «Жас экскурсия жүргізуші» атты үйірме 2019 жылдың қаңтар айынан жұмысын бастады.

 

Ұлы Жібек – Алматы облысының барлық аудандарының үстін басып өтеді. Бүгінде, жолдар тарамдалып аудан орталығы, ауыл-ауылды біріктірген. Жол бойындағы ауылдардың әрқайсысының өз тарихы бар.
Шығыстағы «Қорғас» кеден бекетінен Алматыға қарай шыққандар, Панфилов ауданының орталығы – Жаркентке тоқтайды. Қала дегенде, адамдар ең алдымен шегесіз салынған «Жаркент» мешітінің құрылысын тамашалайды. ХІХ ғасырға жататын сәулет өнері ескерткіші. Кешен құрылысы екі кезеңмен жүргізілді, 1-ші кезең 1892 жылдан 1895 жылдарды қамтиды. Қақпаларын бұқар Зәйнутдин Әмір Темір заманына сәйкестендіріп салған. Кешен қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Көлемі 1,12 га жерді алып жатыр. Кешеннің сәулеттік-жоспар шешімі Шығыс Түркістан мұсылмандарының мәдени құрылысына тән келетін мешіттің түріне жатады. Адамдар одан шығып, жеті ғасырдан бері тамырын тереңге жайған Әулиеағашқа келеді.


Жібек жолы Көктал ауылына келгенде екіге бөлінеді. Бірі – Шонжы арқылы Алматыға тартады. Байсейіт батыр ауылы бірнеше ауылдан кейін Есік қаласын басып өтеді. Оқырмандарымыз «Алтын адамның» Есік қорғанында табылғанын жақсы білетіндігінде сөз жоқ.
Екіншісі «Қоңырөлең», «Басши» ауылдары арқылы Сарыөзекке, одан асып Талдықорғанға тоқтайды. Саяхатқа шыққандар облыс орталығында бір демалып, Ақсу ауданына қарай қайтадан шығысты бетке алады. Биыл туғанына 125 жыл толған Ілияс Жансүгіровтың туған ауылына бастайтын жолдың аяғы Алакөл ауданына жеткізеді. Ауданның орталығынан жаз айларында демалушылар Алакөлге барады.
Ақсу ауданы, жазушы Ілияс туралы айтқанымызда, айтыстың ақ берені Сара Тастанбекқызының есімі көпшіліктің ойына оралуы мүмкін. Көп жағдайда, ақын Сараның ауылы – Қапал екені екінің бірінің есіне түсе қоймасы анық. Өткен жылы облыс көлемінде Сараның 165 жылдық тойы тойланып, Талдықорған қаласындағы ескерткіші жаңартылды. Ақын Сара ауылындағы кесенесі жаңа сипатқа ие болды.

 

Журнал редакциясы Ақын Сараның мемориалды музейінің меңгерушісі ӘЛІМБАЕВА Айгүлмен әңгімелескен еді.

Қазақ халқының ардақты қыздарының бірегейі

— Ақын Сараның мемориалды музейі табиғат қазынасына бай, тарихы терең қасиетті Қапал жерінде орналасқан. ХІХ ғасырдың екінші жартысында лазарет болған бұл ғимаратта Қапал уезінің дәрігері генерал И.Соболевский тұрған. 1864-1865 жылдары Қапал өлкесін екі-үш мәрте басып өткен ұлы ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов лазаретте ем алған. Сонымен қатар Қапалдағы қасиетті «Тамшыбұлақтың суын ішіп, көне көз қариялардан мынандай аңыз жазып алған екен: «Күн сәулесіне құбылған Тамшыбұлақтың тамшылары бірін — бірі сүйген, бірақ қосыла алмай қалған сұлтанның қызы мен шопанның ұлының көз жасы екен». Бұл шипалы бұлақтың суын көне заманнан бері жергілікті халық әртүрлі ауруларды, яғни көз, асқазан, буын, бүйрек ауруларын емдеуге қолданған екен.
Кейіннен лазарет болған ғимаратқа қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 1993 жылы Ақын Сараның мемориалды музейі орналастырылды. Алғашқы музей директоры болып Марат Алыбаев тағайындалған. 2011- жылдан бері музейі «М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК-ның филиалы болып табылады. «Сараның балалық шағы», «Сараның өскен ортасы», «Сараның шығармашылығы» және «Ақын Сараның ізбасарлары» залдары бар.
«САРАНЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ» деп аталатын бірінші бөлімде музейдің ең құнды жәдігерлері болып саналатын, ақынның өз қолымен ұстаған заттары: іс-тігетін машинкасы, қайшысы және домбырасы қойылған. Сонымен қатар, Сараның бала кезінде киген киімінің үлгісі мен зергерлік бұйымдар: білезік, сырға, сақина алқа, шашбау, тана түймелер, әйелдер мен ер адамдардың күміспен әшекейленген белдіктерін, сол заманда қолданылған ыдыстар, т.б. жәдігерлерді тамашалауға болады.

 

«САРАНЫҢ ӨСКЕН ОРТАСЫ» атты екінші бөлімнен Сара заманында өмір сүрген, оны қоршаған ортасы, яғни Тәнеке батыр, Маман Тұрысбек, Есімбек қажылардың бейнелерін көруге болады. Сонымен қатар, қобызшы Молықбай, қоғам қайраткері Барлыбек Сырттанов, этнограф, ғалым Шоқан Уәлиханов, Қосағашта туған ақын Толғанбай Мырзағұлұлының бейнелері суреттелген. Домбыраның құлақ күйін ағасы Сақаридан үйренген Сара Молықбайға еліктеп, сол кісінің қобызынан шыққан ән-күйлерді тартып, әуестенген.
«САРАНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ» бөлім экспозициясында ақынның тағдыры тап қылған қоғам-заман шындықтары негізінде жазылған өлеңдеріне, қазақ әдебиеті тарихында ерекше орын алатын, шоқтығы биік, ауыз әдебиетінің інжу-маржаны «Біржан-Сара» айтысына арналған. Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің көркем үлгісі болып саналады. Сараның өміріне үлкен өзгеріс енгізіп, азаттық сыйлаған, «Жетісу бұлбұлы» деген атақ әкелген айтыс Ешкіөлмес тауының баурайында 1895 жылы болған.
«САРАНЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ» бөлімінде ақынның өнері мен өлең-жырларына тәнті болып өскен, жарқын жолын жалғастырған ақын ізбасарларының шығармалары мен жеке құжаттары қойылған. Олардың қатарында Ілияс Жансүгіров, Ғали Орманов, Қанипа Бұғыбаева, Серік Жанәбіл бар. Сондай-ақ, Сара ақынның Руқия қызынан тараған ұрпақтары жайлы мәліметтерді де осы бөлімнен көруге болады.

 

Ақын қыздың  шығармалары

 

Сараның шығармалары «Тордағы тоты» атты кітабында жарық көріп, көпшілік назарына паш етілді. “Тордағы тоты” жинағы ақынның “Тағдыр тәлкегі” атты көлемді туындысымен ашылады. Бұл – өзінің құрылысы мен мазмұн желісіне қарағанда дастан тәріздес оқиғалы шығарма. Әкесі өліп, жетім қалғаннан кейінгі өмір жолынан бастап-ақ өлеңмен шолып суреттейді. Ақындық шабыт пен терең толғамын танытар шығармаларға оның «Ашындым», «Арсалаң алдыңда», «Ортақ мұн», «Аққу», «Қарлығаш», «Торығам», «Шымылдық», «Қош бол, елім» атты арнау, толғауларын да жатқызу орынды.

 

Сараның «Жүрек» атты дастаны жергілікті халық аңыздарының негізінде жазылған. Лирикалық кейіпкер жалғыз өзі түн жамылып, Қапал тауының “Баянжүрек”, “Сайын бөлек”, “Қоңтәжішоқы” аталатын бөлек шоқылары мен жоталарына қаратып сыр шертеді.
Ақын өз заманының қылпернесін тап басып, әдеп-ғұрып, тұрмыс-салтын жан дүниесімен сезінген. Ақындық шабыт пен терең толғамын танытар «Көп сәлем Ыбекеме, дұғай, дұғай» атты өлеңі. Абайдың арнайы тапсыруымен Сараның жәй-күйін біле келуге Абайдың Алматыда қайтыс болған Әбдірахман деген баласының сүйегін алып, бара жатқан, Шәкәрім Құдайбердіұлы бастаған бір топ адам Сараның үйіне бір түнеп кетеді. Сонда Сара Абайдың сәлеміне «Көп сәлем Ыбекеме, дұғай, дұғай» атты өлеңін шығарады.
Сара Тастанбекқызы мәңгілік өшпес мұра қалдырған өнер иесі, қазақ халқының аса ірі ақыны, аяулы қызы. Сараның есімін дәріптеу мақсатында музей қызметкерлері аудан тұрғындарына, әсіресе мектеп оқушыларына, жастарға мұражайды барынша жақындатып, олардың таным әлемін кеңейтуғе зор үлес қосуда. Аудан мектептерінде кіші ғылыми академияда өтетін ғылыми жоба конкурсына, «Дарын» ғылыми жоба конкурсына қатысқан балаларға Қапал тарихы, Ақын Сараның шығармашылығы мен өмірі, музей тарихына байланысты дәрістер өткізіп, оқушылар мен студенттерге музей сағаттарын жүргізеді. Жас дарындарды анықтау, жастар арасында Сара Тастанбекқызының есімін кеңінен тарату, жас ұрпақты ұлтжандылыққа, елін, жерін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында жыл сайын оқушылардың арасында жазба ақындар мүшайрасы, дөңгелек үстел, қолөнер шеберлерімен кездесулер өткізілуде. Музейде әр түрлі тақырыптарға мағыналы көрмелер құрылады және жан – жаққа жылжымалы көрмелер қойылады.
Ақын Сараның мемориалды музейінің қызметкерлері бір жылға құрылған жоспар бойынша жұмыс жасап, қатысушылардың білім деңгейін арттыруда. Осы курсты меңгере отырып оқушы білімдерін жетілдіріп қана қоймай, қоғамда болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға баға бере алатын саяси сауатты, салауатты өмір салтын серік еткен, мәдениетті тұлға болып қалыптасады және де дүниені танып білуге деген құштарлығы, ынта-ықыласы артады.

Жазып алған: Ж.Кучукова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *