АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Кәсіби парашютші Олег Тощев ұшақтан парашютпен секіру кезінде көлемі 800 шаршы метр болатын Қазақстанның ең үлкен туын әуеде ашты. Ол Қазақстан рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

       Республика күніне арналған «Ашық аспан» акциясы Іле Алатауы таулары аясында, Алматы облысының аумағында өтті. «Тудың көлемі — 800 шаршы метр. Бұл ту Астананың басты флагштогында (450 шаршы метр) орнатылған тудан екі есе үлкен. Ол өте қысқа мерзімде — екі апта ішінде осы бірегей оқиға үшін арнайы жасалды. Бұл іс-шара аспанда ашылған ҚР ең үлкен туы ретінде Қазақстанның рекордтар кітабына енеді. Секірудің биіктігі 3000 метрді құрайды. Бұл ең танымал Шымбұлақ тау шаңғысы курортының деңгейінен жоғары», — деді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Тілек Каналин.


Ұйымдастырушылар акцияның мақсаты қазақстандықтардың патриоттық рухын нығайту, сондай-ақ, этносқа қарамастан бір-біріне деген толерантты қатынасты сақтау екенін айтты.

  «Ту — бәрімізді біріктіретін мемлекеттік рәміз, бұл біздің Тәуелсіздігіміздің символы. Біз өз туымызға құрметпен қарауды, мемлекетімізге деген патриоттық сезімді нығайтуды қалаймыз», — деп атап өтті Тілек Каналин.

  Қазақстандық рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов тумен секіру орындалғаннан кейін ұйымдастырушыларға рекордты растайтын сертификат табыс етті.

    «Рекордтың мәні – парашютші спортшылар3000 метр биіктікте Қазақстанның ең үлкен туын желбіретті. Оның салмағы 90 кг — ға жуық және қатты материалдан жасалған. Дәл осылай биіктен оны төмен түсіру оңай емес. Акцияның өзі өте қауіпті, оны орындау да оңай емес. Тіпті, 100 метр биіктікте ауа ағындары болады, ал тәжірибелі парашютшілер бүгін 3000 метр биіктікте жұмыс істеді», — деді ол.

      Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев акцияны ұйымдастырған Қияс Жомарт, Ибрагим Ескендір, Жұмағали Құрманбек, Темір Спатаев, Алан Дарменов, Тойбек Мырзабеков сияқты бастамашыл топқа алғыс айтып, барша қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтады.

 

Дәулет Ізтілеу

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *