«Қызыл дәптер»

       ҚР «Білім беру ісінің үздігі», «Ы. Алтынсарин»,  Б. Момышұлы атындағы «Батыр Шапағаты», Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Алтын» медалдарының  иегері,  мыңдаған шәкіртке білім берген  ардақты ұстаз, білім саласының ардагері, ақын СЫДЫҚОВА Алтынхан  Есілханқызының балалық шақтағы және бала оқытудағы естеліктерінің өнегелі сәттері.

«Анамның айтқандарын көңіліме түйіппін»

Алтынхан Есілханқызы:

—Балалық шағымның ең құнды естелігі  — «Қызыл қалың дәптер». Кей сәттерде дәптерді ашып, жазғандарымды оқимын. Құнды дейтінім, бала кезде анамның айтқан ғибратты әңгімелерді, мақал – мәтелдер мен даналық сөздердің есіме түскендерін осы дәптерге жинақтадым. Мен анамнан ерте   айырылдым. Әжем  о дүниелік болып қырқын өткізетін  күні  анам Күмісқазы  небәрі 39 — жасында көз жұмды.  Марқұм анамды еске алған сайын дәптеріме үңіліп, анам айтқан ғибратты қайта – қайта оқимын. Менің анам сөзге шешен, он саусағы он кісі  дейтіндей  өте ісмер адам болған. Ою  ойып, сырмақ тігетін.  Маған  және менң құрбыларыма  кестелеп көйлек  тігіп  беретін. «Істеген әр ісіңе  ұқыпты, жинақы, тындырымды  бол», — деуші еді жарықтық марұм. Анамның  айтқан әр сөзі маған  үлкен  ой салып, рух беріп, қанаттандыра түседі…

Қазір ойлап қарасам, өз заманының адамдарының зейіні, есте сақтау қабілеті керемет болған екен! Жазу — сызусыз қаншама рухани дүние жадында сақталып қалған. Анамның бізбен әңгіме барысында, тәрбиелегенде айтқандары әлі есімде жаңғырып тұр. Ана – адам жүрегінен мәңгі өшпейтін асыл бейне.

Жасымыз үлкейсе де, құрбылармызбен кездесіп, жиі әңгімелесеміз. Әсіресе балалық шаққа орала береміз. Құрбыларым менен: «Қызыл дәптерге» жазғандарымды сұрайды. Анамның, халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың айтқандарынан басқа, мектептегі қызықты сәттерді жазып жүретінмін. Соларды оқып беремін.

—Қандай тамаша, Алтынхан! Балалық шаққа барып қайттық! Саған рақмет!,-  деп риза болып, мәре – сәре күй кешеміз. Дәптерді 40 жыл! Жоғалтпай қалай сақтап келесің?- деп таңқалады.

Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын 10 — сынып оқып жүргенде оқыдым. Сөйтіп, қызыл дәптеріме қыздар мен жігіттер тәрбиесі туралы айтылған сөздерді көшіріп жаза бастадым. Романда айтылған мақал – мәтелдерді тіздім. Біздің анамыз  өте дана әйел еді. Халық ауыз әдебиетінен көп білетін. Сөйлегенде, нақыл сөздер, мақалдарды қосып айтатын. Апамның  да айтқан әр сөзіндерін де дәптердің ақ парақтарына түсіруге ерінбедім.  Кейін менің ұстаз болып, бала оқытуыма апамның айтқандарының да, романның септігі тиді. Сол дағды әлі менің жолбастаушым сияқты. Жақсы сөздерді, ғибратты әңгіме оқысам, ерінбей жазып қоямын.

«Қолтаңба»

   Алматыға 1997 жылы көшіп келіп, Алматы облысы, Қарасай ауданындағы «әл – Фараби» атындағы мектеп — гимназияда ұстаздық еттім. Сәті түсіп,  Әзілхан  Нұршайықов ағамен оқушылар кездесуін өткіздім. Халық жазушысы болса да, өте қарапайым тұлға еді.  Айтқан уәдесінде тұрып, оқушылармен кездесуге келді. Балалардың сұрағына жауап беріп, өзі де балаша қуанды. Мен де оған  «Қызыл дәптерімді» көрсетіп, әңгімелеп бердім. Өзімен бірге ала келген «Қаламгер және оның достары» кітабына қолтаңба жазып берді. Біз үшін  танымал адамдардан, әсіресе жазушылар, ақындардан «Қолтаңба» алу мен, менің құрдастарым және бізден кейінгі жастар үшін ең бағалы дүниелердің бірі еді. Қазір жасөспірімдер мен жастар Қолтаңбаға аса қызықпайды. Әлде тұлғалар  арасы  мен оқырман жігі алыстап кетті ме…

Кітапты неғұрлым көп оқысаң, сол ғұрлым көп білесің. Кітап –  сергітіп, өмірге деген ынтаңды, құштарлығыңды арттырады. «Кітап оқудан  тиылсақ,  ой  ойлаудан да  тиылар едік»,  — деген Д. Дидро  ойшыл.

Қашанда жаңалықтарға ұмтылып, қазақ тілі мен әдебиетін шәкірттеріме қалай ұқтырамын? Балалар мен жасөспірімдер арасында тіл тазалығын қалай сақтаймыз? Төл әдебиетімізді сақтап қалу үшін оқушыларды кітап оқуға қалай дағдыландырамыз? деген сұрақтар үнемі мазалайтын.  Әрдайым осы сұрақтарға жауап іздеп, шәкірттер арасында сабақтан тыс уақытта да оқушыларымның шығармашылығына көп көңіл бөлдім. Соның нәтижесінде шығармашыл шәкірттерім көбейді. Бірнеш талапты оқушыларды  кітаппен жұмыс  жасауға, ізденімпаздыққа  баулу мақсатында   мектеп оқушыларына арналған аудандық, қалалық және  Республикалық жарыстарға қатысып,   оқушыларым  жүлделі орындардан көрінді.

2016 жылдан бастап, Алматыда физика – математика бағытында оқытатын бірнеше  мектептердің ашылуына атсалысқан ұстаз, көптеген оқу құралдары мен оқулықтардың рецензенті, 2013 жылы Алатау ауданында ашылған физика – математика лицейінің директоры Өтеш Әбдімәжит  Қоңырбайұлының қолдауымен ашылған «АлгоРифм» лицейінде ұсаздық еттім. Лицей оқушылары арасында олардың жандүнинсін қызықтыратын қаншама шаралар, кездесулер өткізуден жалықпайтынмын. 2021 жылы орнымды жастарға беріп, зейнеткерлікке кеттім. Жарты ғасырға жуық ұстаздық өміріме қолым қалт еткенде қайта ораламын. Яғни, жиған – тергендерімді асықпай ақтарып шығамын.

Тұлғалар  тағлымы

      Өткен ғасырдың 90 — жылдары «Барлық – Арасан» ауылындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы мектепте бала оқыттым. Ауылмен аттас демалыс орнында қазақтың бірегей ақын қызы Фариза Оңғарсыновамен таныстым. Оның өлеңдерін оқып, жаттап өстік қой. Ал, өзімен дидарласу бір ғанибет! Апайымызға мектепте өзі туралы өткізген сабақтарға толы папкаларға жинаған дүниелерді көрсеттім. Ақын менің бұл ісіме риза болып, тілегін жазып, ақ батасын берді.

Отбасылық жағдайға байланысты  Алматыға қоныс аудардық.   Менің ұстаздық  өмірімнің  көп  уақыты « әл – Фараби»  гимназиясында  өтті. Онда «Қазақ тілі  мен әдебиеті»  жетекшісі болдым. Оқушылардың жадында сақталсын деп  көптеген ірі тұлғалармен кездесулер  өткіздік. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тұмаға, Тұманбай Молдағалиевпен кездесуіміздің орны ерекше. Қарапайымдылық, кішіпейілділік деп білемін, ақын – жазушыларымыз мектепке оқушылармен кездесу деп шақырсақ қалмай келетін. Қазақтың Қадыр Мырза Әлісі,  Исрайл Сапарбай сынды ақындарымыз мектебіміздің қадірлі қонақтары еді.

2006 жылы «Ғалым»  гимназиясына ауысып, 2016 —  жылға дейін 10 жыл ұстаздық еттім. Айтыс ақыны Биғайша Медеуовамен кездесуде   туған  елін сүюге, туған тілін құрметтеуге   баулитын  ақын шығармаларының әсері зор болды. Мұқағали ақынға, біртуар ірі тұлға Ахмет Байтұрсыновқа арнап кеш  өткізіп, «Қырық мысал» шығармасынан қойылымдар  көрсеттік.

Ана тілімізге арналған апталықтардың орны бөлек. Қазір ойлап отырсам, Ана тілімізді ардақтап, құрметтеуге жыл он екі айда апта қалмапты!

2020  жылы «Ғалым»  гимназиясының 20 — жылдығына орай  Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр  шапағаты»  медалімен   марапатталдым. Оқушыларды ұлттық патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында ақындардың өлеңдерін жаттатып, балалардың да жеке шығармашылығын дамытуға көп көңіл бөлетінмін. Әр түрлі тақырыпта өз ойларын жазып, қағазға түсіруге тапсырма беретінмін. Сабақ берудің мұндай әдісі – әдемі жазу стилін қалыптастырады. Сөз байлығын көбейтеді. Өзінің де шығармашылығын дамытуға көмектеседі. Көркем сөйлеу мен тіл байлығын молайтады. Еркін шығармашылыққа келгенде, оқушыларыма риза боламын.   Шығармасында: өлең болсын, шығарма болсын негізгі кейіпкері етіп көпшілігі мені алады. Маған өлең арнайды. Балалардың пәк көңілінен шыққан балғын ойлар ғой. Сол шәкірттерімнің бірі  Елдар Етекбаев былай деп жазыпты:

              Алтынхан  апайға!

Туған күнің құтты болсын, ұстазым,

Бізбен өтті сіздің күзің, қыс – жазың.

Құрметпен басымды иіп мен сізге,

Қалам алып, жүрегіммен жыр жаздым.

Ана тілді құрметтеуді үйреттің,

Шешен сөйлеп, тапқырлықты үлгі еттің.

Барлық ұстаз бірдей болса, сіз бөлек,

Жолын тауып ақтарасыз жүректің.

Жадыраған қабағыңыз қашан көрсем,

Білім беру мақсатыңыз ұға білсем.

Сіз үнемі жап – жас болыпжүре бергін,

Өзіңізді мен әрдайым мақтан етем.

«Дархан даланың дарабозы»

«АлгоРифм» лицейіне келгенде, мені жетінші сыныпқа жетекші етіп тағайындады. Сол сәттен бастап, дарынды балалардың шығармашылығын шыңдау бағытында жұмысты бастадым. Олармен  бірге өткізген іс  —  шаралар мен кездесулердің бәрін санап шығу мүмкін емес. Балаларының жарқырап  топ жаруына  ең алдымен қолдау көрсетіп, оның жеке қабілетінің дамуына уақыт табуына қолдап  көрсететін ең алдымен  — ата – ана. Ұстаз болса, баланың бойында, ойында жылт еткен  сәулені көріп, одан әрі жарқырауына дәнекер болады.

Біздің лицейде  Халық қаһарманы, спорт саңлағы,өткен ғасырдың 80 – жылы Халықаралық олимпиадада елімізді шартарапқа танытқан, өзін әлем таныған  Үшкемпіров  Жақсылық  Әмірәліұлын  еске алу кеші өтті. Жақсылық  аға 2020 — жылы 6 – мамырда көз жұмды.  Кеште балуанның немерелері  Елжан мен Еламан атасына арнаған өлеңдерін оқып, көпшілікті тебірентті.

Еламан:      Ардақты асыл атам аялаған,

                   Мәпелеп, ұрпағына сая болған.

                   Жыр жазып, атам жайлы ойға батам,

                   Жадымнан кетпейді берген ақ  батаң.

                  Қарапайым, ұлтжанды еді мінезіңіз,

                  Халқыңның жүрегінен алды орын.

                  Жас бала – жеткіншекке мектеп ашып,

                  Спортты серік етсін деген атам.

 

Елжан:    Нұр жүзің күлімдеген көз алдымда,

                Қайғыға орны толмас төзе алам ба…

                Жан атам, біздер үшін асқар шыңсың,

               «Жаны жаз, көңілі көктем» дара тұлға.

                Ең жоғары марапатқа ие болдың,

                Танытып  қазақ елін сіз әлемге.

                Құндылығы елімнің бойға сіңіп,

                Халқыңның ұлы болдың көпке өнеге.

    Еске алу кешін лицейіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Венера  Сабырбекқызымен  бірлесіп өткіздік.

Мектеп түлектерімен

 

Ұстазбен сырласқан:

Ж.Кучукова,

ҚР  Журналистер одағының мүшесі.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *