Тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды. «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» — деп, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қай заманда болмасын, тарихшыларға артылған жүк ауыр болған.

Қазақтың тарихы сонау көне заманнан тараған ауызша тарихтан басталады. Армандарды ақиқатқа айналдыру жолында қаншама ел қорғаған ұлт жанашырлары тарих сақынасынан өз орнын алды. Ұлтымызға қазақтың қамын жейтін азаматтар қашанда қажет.Бодандықты мойындамай әр ғасырдың өз перзенті жауымен алысып өтті. Тамыры терең, тарихы қалың айтар әңгіме шертер сыры мол Абылай бабамыздың өмір тарихынан алар үлгі өнеге мол. Бесігін қыдыр тербеткен, түгін тартсаң майы шығатын Алтай мен Атыраудың кең байтақ даласын Баһадүр бабаларымыз, қаһарман хан билеріміз найзаның ұшымен, білектің күшімен жау табанына таптатпаған.

Шектеулікке бағынбайтын, шындықтың шылбырын, туралықтың тізгінін ұстаған халқының тәуелсіздігі үшін етігімен су кешіп, қар жамылып мұз төсеніп небір зұламат тар жол тайғақ кешуден өткен қырық жыл қылышын қынабына салмай ел қорғаған, жұмбақ әлемде өзінің ұлтжандылығымен, көріпкел данышпандылығымен ерекшеленетін Абылайханды жан – жақты танып білу бүгінгі ұрпақтың басты парызы.

Абылай ойлағанын іске асыруда мақсатынан таймайтын қайсар қасиетін әрбір ісінен көрсете білген, шұғыл шешім қабылдайтын  қызу қимылмен, табандылығымен басқалардан дараланып көрінген. Екі ірі мемлекеттің Абылайды Орта жүз ханы деп мойындауы оның позициясын едәуір нығайтты. Жоңғар басқыншылығына қарсы күресте үш жүздің жасақтарының басын біріктіріп азаттық күресін ұйымдастырған айбынды қолбасшы, саясаткер, дипломатиялық қарым — қатынаста шебер ұйымдастырушы  Абылайдың кеңесшісі үнемі қолдап ақыл кеңес беріп жүрген – Бұқар жырау болды.

Абылайдың өмірі мен ерлігін жырлаған Бұқар жырау:

Әй, Абылай, Абылай!

Сені мен алғаш көргенде

Тұрымтайдай ұл едің.

Үйсін  Төле бидің түйесін баққан құл едің

Абылай атың жоқ еді ,

Сабалақ атпен жүр едің. – деп,оның жас кезіндегі өмірін өлең шумақтарына қосқан. Артық кеткен жерінде тоқтауға шақырып отырған.

Күндердің күнінде Абылай Бұқарды шақырып алып;

—Бүгін түнде түс көрдім. Түсімде бір жолбарыс келіп, шатырымның алдына келіп жатып алды. Жанына жақындап едім әлгі жолбарысым  аю болып кетті. Аюға жақындап едім ол қасқырдай арылдап ит құсқа айналып кетті.Оған қарап тұр едім бір сәтте түлкі болып шыға келді.Осыдан кейін түлкінің орнына қарсақ қоян, бақа- шаян нешетүрлі жәндік толып кетті. Соны жорып берші депті. Сонда сәл ойланып Бұқар жырау былай деп жауап қатса керек.

—Шатырдың алдында жатқан жолбарыс өзің, ұлы далаң, жолбарыс аюға айналса, сенен кейінгі уақытта елің аюша алысар күн туар, одан қасқырша ырылдасып жаумен жұлқысар заман болар. Ақыры түбінде елің, күштінің алдында түлкідей бұлаңдар, алдау — арбауға үйренер. Ал, бақа — шаян, т.б ол дегенің кейінгі ұрпақ. Ол ұрпағың ұсақталып барып «Құл жиналып бас болмас, құм жиналып тас болмас» деген сөз келер. Жақсының тұқымы, тұқымынан қиылар, бидің түбі сұйылар, елдің берекесі сөйтіп тыйылар.

Тірі кісі іске, бала тәттіге тоймайды,

Бай малға тоймайды,

Жер суға тоймайды,

Құлақ естуге тоймайды.

Көз көруге тоймайды,

Кісі ойға, бөрі қойға тоймайды.

Өмір жасауға тоймайды,

Қатын ерге тоймайды.

Ғалым ғылымға тоймайды,

От  отынға тоймайды.

Жер жұтуға тоймайды, аруақ дұғаға тоймайды.

Осы бір тойымсыз дүниеде байдан қайыр кететін заман жақын, — депті.

Абылайханның ойланып тұрғанын көрген Бұқар тағы да:

Ай, Абылай ноғайларды ғалым деп,

Әулиедей көресің.

Бойлары болар сазандай,

Сәлдесі болар қазандай.

Ақыреттке барғанда,

Ақ сүйекті қор тұтқан,

Қараны одан зор тұтқан.

Ноғайларды пір тұтқан,

Тартарсың сонда жазаңды

Жаулық жолын сүймеңіз,

Мынау жалған сұм дүние.

Өтпей қалмас демеңіз, — десе керек.

Құралай СЕЙТЖАПБАРОВА,

Түркістан облысы, Түлкібас ауданы,

№ 1 В. Ломоносов мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *