Қазақстанның Тұңғыш Президенті кітапханадағы роботтандырылған техника зертханасының жұмысымен танысты, сондай — ақ сирек кітаптар мен манускриптер бөлімін көрді.

Анықтама үшін:

«Farab Library» кітапханасы – заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған көпфункциялы білім беру кешені. Бұл жерде 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы,  музыкалық зертхана, фото және видеотүсірілімге арналған  мультимедиа залы, 3D модель жасайтын проекция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коворкинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан.

    Нұрсұлтан Назарбаев Музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне қатысты

Театрда Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі халықтарының тарихы мен өмірінен сыр шертетін «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады.

Соңында Елбасы театр әртістерімен сөйлесті, Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Сондай — ақ БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, қала мен өңірдің негізгі даму нәтижелері туралы айтты.

Түркістан қазіргідей жаңғыруды бұрын — соңды басынан өткізіп көрген емес.  Танымастай болып өзгерді. Бұл жер қазақстандықтар үшін ғана емес, барлық туристер үшін де бірегей мекенге айналады, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті инвестициялық және туристік жобаларды, сондай — ақ қаланың және тұтас өңірдің тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды  одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Қалада жаңа жұмыс орындары ашылуда, жастарға мол мүмкіндік жасалып жатыр. Туризм университеті бой көтерді, бүгін тамаша

театрдың тұсауы кесілді. Бұл шын мәнісінде айтулы оқиға, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Этноауыл» кешенін аралады

Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан интерактивті этноауылға барды.

Елбасы этноауылдағы қолөнершілер көшесін аралады. Қолөнершілер көшесінде ағаш ұсталарының, тоқымашылар мен киіз басушылардың, қыш бұйым жасайтын шеберлердің, зергерлердің, тас қашаушылардың 5 түрлі тақырыптық шеберханасы қамтылған. Нұрсұлтан Назарбаев этноауылдағы көшпенділер асханасын да тамашалады.

Түркістан тарихынан:

*Түркістан аты шығыс жазбаларында VІІІ — ІХ ғасырларда атала бастаған. Араб зерттеушісі Ибн Хордадбек Түркістанды «Түркілер елі» деп жазса, географ әл — Якуба бір еңбегіне: «Түркістан» деп ат қойған. Ал ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік» кітабында Түркістан қаласы мен оның аймағынан көп мысалдар келтіріпті. Сондай-ақ, ХІV — ХV ғасырлардағы жазба деректерде Сырдария өзенінің орта ағысында орналасқан: Сауран, Отырар, Сығанақ, Қарнақ, тағы басқа қалаларды «Түркістан қалалары» деп атаған. Шамамен осы мерзімде бұл өлке Түркістан аймағы деп атала бастайды.

 

*Кезінде ел аралаған, жиһанкез, тарихшы Фазаллах ибн Рузбехан: «Түркістан Сейхун (Сырдария өзені) өзенінің бойына орналасқан 30 қамалдан тұрады», – депті. Сонымен қатар ХV — ХVІ ғасырлардағы қазақ хандығы тұсында Түркістан қаласының маңызы зор болған. ХVІ — ХVІІ ғасырларда-ақ Яссы қаласының атауы қолданылудан қалып, Түркістан қаласы атала бастаған. Кезінде Түркістан қаласы – қазақ хандығының астанасы, қазақ халқының бас қаласы болды.

*Түркістан атауының бүкіл түркі жұртына мәшһүр болуы – сопылық ілімнің ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауи ілімінің етек жаюымен және Ақсақ Темірдің жарлығымен салынған бүгінде күллі түркі жұртына әйгілі Қожа Ахмет кесенесімен байланысты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы ғалымдар, зерттеушілер ХVІІ-ХVІІІ ғасырдан бері жазып келеді. Осы бір ғажайып ескерткіш-кешен жайлы қанатты сөздер де кең тараған. «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деп, Түркістанды ерекше қала санайтындар да аз емес. Мұның өзі түркі ғана емес, шығыс халықтары арасында да Түркістанның қадірі мен қасиетін айғақтаса керек.

 

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

 зерттеуші, этнограф 

      *Түркістан шаһары – Қазақстандағы тарихи туризмнің басты жобасы әрі ЮНЕСКО мойындаған тарихи орын.

*Күлтөбе қаласынан 350 м қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Иасауи кесенесі – Түркістанның басты салтанаты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің, XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Қожа Ахмет Иассауидің бейітінің үстінен салынған. Бұл ғимаратты атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Бұл ғимарат – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыстарының бірі. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, өзі қызықтыруда. Қожа Ахмет Иасауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш.

*Орта Азия мен Қыпшақ даласы халықтарының саяси орталығы болған. Бері де Қазақ хандығы ордасы болды. Қасиетті Түркістанды «Екінші Мекке» деп атаған.

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *