Біздің оқушылар Қазақстанды әлемге танытуды жалғастырып жатыр. Олар физика және лингвистика пәндері бойынша халықаралық олимпиадаларда 6 медаль жеңіп алды. Жас физиктер құрама қоржынына 5 күміс, лингвистер 1 қола медаль салды.

Физика пәні бойынша олимпиада Литвада өтті. Қазақстанның атынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Павлодар қаласынан бес оқушы, яғни республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары қатысты.

Олар әлемнің 76 елінен келген 400-ге жуық оқушымен бақ сынасты. Нәтижесінде оқушыларымыздың барлығы жүлделі орынға ие болды. Күміс медаль иегерлері – Қалдыбаев Рауан, Драганчук Антон, Рахымжанов Дінмұхаммед, Алпамыс Ризабек, Пітебай Ерсұлтан.

Лингвистика пәні бойынша да олимпиада Латвияда өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз және Қарағанды қалаларынан 4 оқушы қатысты. Қазақстан құрама командасы республикалық олимпиаданың жеңімпаздарынан жасақталды. Елордалық оқушы Дарья Пересыпкина қола медальға ие болды.

Құрметті олимпиада жүлдегерлері! Сіздерді жаңа жеңістеріңізбен құттықтаймын! Қазақстандық оқушылар мықты дайындығын, білімдерінің жоғары деңгейін тағы да дәлелдеді.

Сіздер өз құрдастарыңыздың арасында физика және лингвистика әлемінде көшбасшы бола алдыңыздар. Осындай жетістіктер қажырлы еңбектің, шыдамдылық пен қайсарлықтың, бірнеше жылдық жоғары дайындықтың нәтижесі екені анық. Болашақта сіздердің есімдеріңізді отандық ғылым әлемінде көретінімізге үміт артамыз. Сіздерге жаңа жетістіктер тілеймін!

Сондай-ақ олимпиадаға қатысқан оқушылардың ұстаздарын, ата-аналарын және жаттықтырушыларын құттықтаймын. Жеңімпаздардың жоғары нәтижелерге қол жеткізуі сіздердің еңбектеріңіздің арқасы екені белгілі.

Өз кезегінде, Білім және ғылым министрлігі оқушыларымыздың ғылым әлемін одан әрі бағындыруы мен өз рекордтарын жаңартуы үшін жағдай жасауды жалғастыратынын атап өткім келеді.

 

Министрлік Баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *