«Ана тілін» ұмытқан адам өз халқының   өткенінен де,  болашағынан                      

                                                         да қол үзеді және ана тілінен айырылғ адам өз халқы жасаған

                                                                                        мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады».

                                                                                                                                Ғабит  МҮСІРЕПОВ

Бүгінгі қоғамда «МЕН» деген әр қазақтың жүрегінде «қазақылықтың» иісі ерекше аңқуы тиіс. Оның себебі айтпаса да түсінікті жай. Ендеше ойланып көрейікші, қандай сауалдар бізді мазалауы тиіс?!  «Сіз кімсіз?», «Өзіңізді нағыз қазақпын деп ойлайсыз ба?», «Қазақ» ретінде қазақ халқына, мемлекетіңізге қалай пайдаңызды келтіріп жүрсіз?», «Тілімізге (ұлттығымызға) төнген қауіптен қалай құтылуға болады?». Кез-келген ақыл-есі толыққан, саналы адамның бұл сауалдарға әлбетте, жауабы табылады. Біріміз – ұстазбыз, біріміз – ғалым, біріміз – инжинер, тағы біріміз – өнер адамымыз. Және әр кәсіптің өзіндік қиыншылығы, ауыртпалығы бар. Әрқайсымыз қолымыздан келгенше қызмет атқарып жатырмыз және сол арқылы мемлекет алдындағы өз борышымызды атқарып жатырмыз дейміз. Бұл да дұрыс. Алайда ұлтқа деген, тілге деген қызметті қайда қалдырамыз? Ар алдындағы борышымызды қалай өтемекпіз? Ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев:

«Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде табыстым мұң тіліммен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген, — деп жырлағанындай «мұң тілімізді»,  «мұңымыздан» қалай арашалап аламыз? Бұл жайында қаншама ақын – жазушыларымыз қалам тербеді. Солардың аталы сөздеріне тоқталып көрейікші.

Қазақты барша әлем жұртына танытқан Мұхтар ағамыз: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады» деп жазады.

Ал, қазақ әліпбиінің негізін қалаған, «Әдебиет танытқыш» еңбегінің авторы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деп ащы шындықты жазады. Белгілі ақын Ғұмар Қараш та: «Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың, өнері де өршімейді» деп жазады.

Алаш арысы Мұстафа Шоқай жұртымыздың бір кездегі жайын:  «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын» деп  ашық  жазды. Сондықтан да, Ахмет Байтұрсынұлының тілімен айтқанда «егер де біз «қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек», қарнымыздың ашпау қамын ойлайтынымыз сияқты тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген атам қазақ. Ғылым мен мәдениеттен кеш қалмай, әлем жаңалықтарынан хабардар болу мақсатында өзге тілді үйрену бір басқа, өз жерімізде тұрып ана тілімізді білмеу бір басқа. Тек осыған мән бере ойланып, әрекет етсек болғаны.

Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап кітапханамыз облыстық кәсіби шараларды жиі ұйымдастырады. Карантин уақытында да аймағымыздың кітапханаларымыздың жұмыс тәжірибесімен бөлісу, қызметте жаңа әдістерді қолдану арқылы оқырманға тиімді болу мәселелері талқыланып тұрады. «Тілім менің қасиетім, ардағым» атты онлайн кездесу барысында қазақ тіліне деген құрметті бойына сіңіре білген азербайжан қызы Расулова Ханануз Балдадахызымен ерекше сұхбат өткізді. Қазақ тілінде еркін сөйлеп оны тереңінен меңгере білген Ханануз қызымыздай жастарымыз көп болсын  демекпін. Жуырда болған «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» атты Х Қасым Аманжолов оқуында онлайн байқауымызға қатысқан Ваншейд Дмитридің қазақ тілін жақсы меңгеріп, таза сөйлеуі осындай игі шараларға қатысуы —   қазақ тіліне деген құрметі, сүйіспеншілігі екенінің айғағы. Сонымен бірге 2008 жылдан бері «Қазақша сөйлесейік» клубы тұрақты оқырмандарымыздың бастамасымен жүргізіліп келеді. Қазақ тілін меңгеріп, еркін қарым — қатынас жасауды мақсат тұтқан оқырмандар легі көбейе бергені бізді қуантады.

                                                                                                                  АЛПЫСБАЕВА Бақытгүл,

Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық

ғылыми әмбебап  кітапханасының кітапханашысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *