Тәуелсіздік – тарихы терең, тағылымы мол қасиетті де қастерлі ұғым.

Тәуелсіздік – азат елдің еркіндігін, тарих пен танымның тоғысын, әр түрлі байланыс пен дамудың қайнар көзін алуан арнада, кең көлемде көрсететін қымбат қазыналар қатарына жатады. Биылғы жылы барша қазақстандықтар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі отыр. Осынау 30 жылдың ішінде біртұтас ел болып, жаңа мемлекеттің іргетасын берік қаладық.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп аталады. Мемлекет басшысы өз жолдауында әр азаматтың, әр қазақстандықтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы маңызды екенін нақтылап айтты.

Осындай ел тәуелсіздігінің игілігін көріп келе жатқан мамандардың бірі – ұстаздар қауымы. 2019 жылдың соңында Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі» туралы заңының қабылдануы – сөзімнің дәлелі. Биылғы жолдауда да Мемлекет басшысы ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра беретін атап өтті. Педагог мамандарының жалақысы екі жыл қатарынан 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсайтынын да тілге тиек етіп өтті.

«Дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз.

Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн»,- делінген Жолдауда. Еліміздің болашағы дарынды жастардың білімі мен білігі арқылы дамитыны анық. Осындай жастарды қолдау, еліміздің кемел келешегіне қызмет етуге ынталандыру, Мағжан Жұмабаевша айтқанда «Жастарға сенім білдіру» қажеттігін дөп басып айтты. Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі елдің болашақ маманы екені ақиқат. Ал олардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін ұстаздар қауымы еш алаңсыз, аянбай еңбек етуі керек. Ол үшін мемлекет тарапынан бар мүмкіндік жасалуда. Дегенмен, Мемлекет басшысының Жолдауда атап өткен басты проблемаларының бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Үлкен қалалар мен облыс орталықтарын айтпағанның өзінде, қазіргі күнде аудан орталықтарында да орын тапшылығы жыл сайын артып келеді.

«Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін»,- деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Кемелұлы. Ел Тәуелсіздігінің алғашқы 10 жылдығында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы арқылы елімізде бірнеше мектеп пен аурухана бой көтеріп, ел тұрғындарының игілігіне пайдаға асты. Осы дәстүр алдағы 4 жыл ішінде қайта жалғасын тауып, Қазақстанның әр түкпірінде 1000 мектеп бой көтерсе, бұл Тәуелсіздіктің жемісі болмақ.

Мемлекет басшысының жолдауынан туындайтын міндеттер мен мақсаттарды ұстаздар қауымы да жақсы түсінеді. Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде екенін білеміз. Кез келген елдің өсіп-өркендеуі, әлемдік деңгейде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағыты мен бағдарына байланысты.

ХХІ ғасыр – ақпараттық қоғам дәуірі. Бүгінгі білім мазмұны мұғалім мен оқушының арасындағы байланысты субъективті деңгейде көтерудегі демократиялық бастамалардың барлығы мұғалімдер арқылы жүзеге асырылады. Мұғалім еңбегі үздіксіз ізденісті, өз білімі мен тәжірибесін жетілдіріп отыруды талап етеді. Ел Президенті де Жолдауда: «Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкірттерінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс»,- деп атап көрсетті. Өйткені шығармашылық еңбексіз қазіргі мектептің міндетін шешу мүмкін емес.

Жолдаудың «Сапалы білім беру» бөлімінің соңында Мемлекет басшысы барша ұстаздар қауымына үлкен сенім мен міндет жүктейді: «Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр.

Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз» -деп түйіндейді.

                                                                                                                Қазбек АЛЬМУХАНОВ,

                                                                                Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы,

                                                                     №3 жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі,

                                                                                  педагог — зерттеуші, М.Өтемісов атындағы

                                                                                                                   БҚУ магистранты

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *