Киелі Сарыарқаның  жерінде  «Nur  Otan» партиясының   залында  Рауан   Ахметовтың  ұйымдастыруымен «Қайырымдылық – жылы жүректен» атты концерт өтті.

Концерттің мақсаты: кішкентай Олжас Оразбекұлының еміне қаржылай көмек қолын созу. Баланың дертіне дауа болсын деген ниеттегі адамдар концертке қатысу арқылы Олжасқа тілекші екенін білдірді.  Залдың іші көрермендерге толы болды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» — демекші, өнер майталмандары мен халықтың сүйікті айтыскер ақындары да бұл шараға ықылас білдірді.

«Қарағанды Білім басқармасы» алдағы уақыттарда да қайырымдылық шараларын қолдайтындарын тілге тиек етті.

«Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» әнімен Рымтаева Айдана, «Қазағым алға» Фархат Мейраш, басқа да әншілеріміз  жүрек тебірентерлік әнімен залдағы көрермендерді терең ойға салды. Айтыстың ақтаңгерлері Дидар Қамиев пен Мақсат Ақанов арнау жырларымен халықты шабыттандырып, рухтарын асқақтатты. «Шыңдауыл» үрмелі аспаптар тобы, күйші Бекнұр Әбдіжали,  «Қарқаралы» триосы «Айнам –ай» әндерін орындап, күй тартты. Кештің жүргізушілері Айсұлтан Рсалдин мен Айбат Апақов қалжынды әзілдерімен сөзге шешендігімен, сахнаның шырайын кіргізе білді.

«Қайырымдылық – жылы жүректен» атты концерт осыған дейін Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылында бастау алған. Қаңтардың аязы мен бораныңа қарамай Олжастың жерлестері баланың денсаулығы үшін өзіндік қаражат жинап, Рауан Ахметов бастамасымен концерт ұйымдастырылған.

Миында қатерлі ісік пайда болғалы түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылған ата – анасы қомақты ақшаны жинауға жағдайлары келмегендіктен халықтан көмек сұрап видио, аудио үндеу жариялаған. Сол сәттен бастап Қарқаралының бетке ұстар азаматы әнші, ұстаз, Р.Ахметов балаға қаржылай көмектесу мақсатында   Олжасқа  үміт сыйлай білді. Арқаның елім деген асыл ерлері мен өнерпаздары «Еріктілер жылында» азаматтық игі істерді атқаруда.

Сахнада барша халық Олжасты келе жатқан туған күнімен құттықтап, видио үндеу жолдады.

«Бала – адамның бауыр еті» деп қиын сәттерде көмек қажет еткен жандардың жанынан табылатын азаматтар барда алынбайтын қамал болмас. Игі істердің басында жүрген қарағандылық  азамат Рауан  әнші  ғана емес, көпшілікті қайырымды істер мен мейірімділікке жетелей білетін өнегелі ұстаз. Қоңыр дауысымен жаңғыртқан дала мен қала әндері жүректен жүрекке жетіп, құлақтың құрышын қандырады. Рымтаева Айдана атты шәкірті де болашақта көп үміт күттіретін күміс көмей бұлбұл дерсің.

Қаршадай Олжасымыз үшін қабырғасы қайысқан барша қазақ еліңе, өнерпаздар мен ақындарға, жиналған қалың көпшілікке Олжастың әжесі алғысын айтып, Рауан Ахметов жиналған қаражатты Олжастың әжесінің қолыңа қалың көпшіліктің алдында табыстады.

Сарыарқаның Олжасы тез жазылып ортамызға келгейсің. Елің сені жақсы көреді.

Рауан Ахметов сынды азаматтардың игі ісі өзгелерге үлгі болары анық!

 

Гульдана ЖАРКЕЕВА

Қарағанды қаласы,

Мерзімді басылымдар бөлімінің қызметкері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *