Қызылордалық оқырманымыз БЕРІК Алтынай бізбен хабарласқанда, қуаныштан жүрегі жарылардай күй кешті.

—Апай, мен қандай бақытты өренмін! Мендей ұлдар мен қыздар көп қой. Солардың басын қосып, шын талантты таңдаған конкурстар көп болсын,- деген Алтынайдың сөзінен көптен айтып жүретін армандарының бірі орындалған екен ғой дедік іштей.
—Алтынай асықпай айта ғойшы.
Алтынай телефонға ақпарат жіберетінін айтты.
Еліміздің Тұңғыш Президент қоры мен ҚР Мәдениет және спорт Министрлігінің қолдауымен Назарбаева Әлия Нұрсұлтанқызы құрылтайшылық ететін «Жандану әлемі» қоры биыл ұйымдастырып отырған «Бала дауысы — 2019» ІҮ маусымның қорытындысы жас орындаушылар байқауының Гала концертіне арнайы қонақ ретінде шақырылғанымен құттықтадық.
—Алтынай, «Бала дауысы» туралы пікіріңді күтеміз. Қысқаша ақпарат беру өзіңнен,- деп тапсырдық.

Ыстық ықылас пен жылы лебіз

Алматы қаласы, Республика сарайында өтетін ән байқауының аудан, облыста өткен сынағынан тас түйін мүдірмеген кішкентай болғанымен, өнері шарықтаған 17 ұлан ақтық сынға түсті.
Әлия Нұрсұлтанқызы Гала концертті тамашаласын деген ниетпен жер-жердегі шығармашылықпен айналысып жүрген балаларды да арнайы шақыртқан. Ата-анасымен келген өнерлі жасөспірімдер «Қазақстан» қонақ үйіне орналастық. Мен де әжем Шолпанмен бірге келдім. Менің нағыз қолдаушым – әжем!


Әлия Нұрсұлтанқызы байқаудың алдында мені жеке қабылдады. Дәл сол сәттегі ыстық ықыласты, жылы лебізін бір сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Жарыққа шығып, оқырманын тауып үлгерген «Ертегілер елінде» атты екі кітабымды сыйладым.
Ұлттық «Бала дауысы -2019» байқауында балалар әннің көркемдік жағы, талғамы, орындаушылық шеберлігіне қарай марапатталды. Әр баланың жанына сүйеу, рухына тіреу болатын осындай байқаулар,әрине қажет. Бір ауыз әнмен жүректі жібітіп, көңілді көтеріп құрбыларым ән шырқады. Үнемі ілгері жылжып, «Бала дауысы» төрінен тұрақты тұрақ тапқан балалар үшін қуаныштымын. Жылдан жылға балаларды қолдап, оларды биіктерге жетелейтін өрелі істер көп болуына тілектеспін.
Алматыны, асқақ Алатауды тамашалап, алған әсерімді ақ қағаз бетіне түсірмекке асықтым. Алматының символы – алқызыл, иісі аңқыған алмаларын алып, әжеммен туған жерім Қызылордаға тарттық.

Алтынай БЕРІК,
№267 орта мектептің 8- сынып оқушысы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *