Менің халқым қашаннан ұлы болған

Менің халқым, ей досым!

Бүгін ғана Ұлы болды деймісің?

Жо — жоқ, оған мен көнбен,

Мың рет жанған ол,

Мың рет сөнгенмен.

 

Менің халқым қашаннан ұлы болған,

Менің кеудем қашаннан жылы болған.

Соғыс өртін қоздатқан дауылдардан,

Қақсатқан ауыр зардан,

Көкірегімде бостандық жыры қалған.

Білімін, ой — арманын,

Ғылым мен аяулы әнін

Көмбегенде соғыста қарғыс атқан.

Бүгінде біз оларды,

Тұрар едік күтіп ап алғы саптан.

Біз білгенді, тіпті, олар ерте білген,

Ойқозғағанолар да желкегінен.

Қаламдар ықылыштан қирағасын,

Айтқан сөзін аңызбен, ертегімен.

Сонда да адам сыр ұғар ілім қалған,

Қыруар ғылым қалған.

Мен олардың дауысын есітемін,

Мақалдармен жұмбақтар ұғымынан.

Ізде оны сенбесең «Аязбиден»,

Күрестердің отынан аязкүйген.

Армандаған, күңіреніп «аттандаған»

Әжімінен қарттардың катпарланған.

Яки байланған  жылысқан пернелерден

Шанағын от қармаған.

Менің халқым ұлыны аз туғанба,

Басқалардай басында жаз тұрғанда.

Олардың да дауысы жетереді,

Бұл ғасыр қүлағына

Бірақ, бұған ұлылар кінәлі ма!

Бұның үшін жылдардың өкпесіне,

Қандай адам кепілдік беререді.

Дауысы олардың бүгінг ежетпесіне,

Қаншама жұлдыз туды ол,

Жарқырар  көк төсінде!

ТУҒАН ЖЕР

О, менің байтақ мекенім,

Жанымның қаршығасы  сен.

Шырқағым келіп кетеді,

Жазбаған ән шығарсың сен.

Қызығың тербеуде мені,

Тарқамас той шығарсың сен.

Тулаған тар кеудедегі,

Тумаған ой шығарсың сен.

Ай маңдай алуан дарынның

Тері боп тамшылайсың сен.

Сан жүйрік армандарымның

Тұлпарын қамшылайсың сен.

Бақыт па ең қонған басыма,

Қиялды ойнатасың сен.

Құмар ғып ұйқтатасың да,

Қуантып оятасың сен.

Құстарың мәңгі ән салсын деп.

Жат қолға ілгізбедім мен.

Қызарып мәңгі қалсын деп,

Қырыңнан гүл де үзбедім мен.

Далаңның тербеп өскені,

Қызғыштай шыр айналдым көп.

Толқып бір көл де кешпедім,

Тұнығын лайлармын деп.

Аптапта аяласын деп,

Бұздым тау жалтыр мұздарын,

Мәңгілік сая қалсын деп,

Бауыңа балта ұрғызбадым.

Келемін таласа гүлдеп,

Алдыңда кіршіксіз едім.

Бір сенің болашағың деп,

Мың ойға кірпік сүземін.

Шынында мен үзбей жүрген

Көктемгі бір гүлімбісің.

Телегей теңіздей сырмен,

Тебіренген бұлбұлымбысың!

Көлбеген ақша бұлтпысың,

Көгімнің қаз әнімісің.

Бір келген пәк шабытпысың,

Бір менің базарым үшін.

Сенбісің шамшырақ толған,

Ақ сәуле – жолақтармысың.

Аспанға шаншылып қалған

Ақ сүңгі заводтармысың.

Сен десе толған ағыстан

Қалайша ақтарылмайын.

Сағынып салған алыстан

Солдаттың хаттарындаймын.

Жауыңды кескілермін де,

Қас етпен ешкімді ешкіммен.

Бағың боп естілермін де,

Сорың боп естілмеспін мен.

 

МЕНІҢ РЕСПУБЛИКАМ

Бұлыңғыр күндер кетті оралмасқа,

Бұл күнде Балқаш басқа, Арал басқа.

Лениндік даналықтан туған дала,

Айналды көрген көзің ала-алмасқа.

Сенбесең Ертіс, Сырды арала бар,

Болашақ арнасымен ағады олар.

Тайганың орманындай бұл далада,

Басына жұлдыз қонған бағаналар.

Еліне миллиард пұтты несібе етіп,

Тың жатыр ен қимылдан есі кетіп,

Ала қиғаш шабады рельстер,

Тауларды тесіп өтіп, кесіп өтіп.

Самсаса комбинаттан дала тұнып,

Заводтар зіркілдейді болат үгіп.

Бір қаланың болғанша атын қойып,

Басқа жерден жатады қала туып.

Адамы боран күшін иліктіріп,

Құлаққа жеткізеді күй ғып тұрып.

Кендер мен телевизор вышкалары,

Заманға заңғардан тұр билік құрып.

Тербелсе Оңтүстікте мақта алабы,

Каспийде алтын сазан қақталады.

Тереңін көмір кернеп, өмір тербеп,

Түр бүгін Қарағанды шахталары.

Аумағы ұлан-ғайыр мұнша дала,

Сұлу ғой ақ алтынмен тұнса ғана.

Болады күзде бейне

Жүйек сайын

Жатқандай қатар қонып мың шағала.

Бұл жерде шағаладай көп қалалы,

Орманға сүңгіп жолдар жоқ болады…

Ту жатқан торғын торқа топырағынан

Алтын тіс «дала аруы» қапталады.

Қарт Ембі мұнайымен маздап жатыр,

Қырларда қыруар мал қоздап жатыр.

Қысқасы: адым жерден кен толғатып,

Бұл дала «жарылуға» жаздап жатыр…

Бұл жерде ана сансыз он балалы,

Кернейді олар жайлы ән даланы.

Бұл аймақ атом күшін соғыс емес,

Адамның бақыты үшін қолданады.

Жезқазған мыс дариядан сыр ақтарып,

Алтайы алтынымен тұр апталып.

Жүрегі Магнитка домнасының

Жетіп тұр жер тербетіп құлаққа анық.

Көктемде қыры толған Мәргия гүл,

Жаныңа қасиетін мол құя біл.

Ұшы мен қиырына көз жетпейтін

Ұштасқан тоқсан сегіз Бельгия бұл.

Одан да салмақты ойлар ырғатылар.

Жүрегін жырға тұнар, сырға тұнар.

Бұл жерде жасайтын әр семьяның,

Шағын бір мемлекеттей қуаты бар.

Көгінен көктемі ерте қатады тіл,

Жазын дән шайқап-тербеп жатады кіл.

Жасаған өз қолымен молшылықты,

Кең ойлы кемеңгерлер Отаны бұл!

Алматы Алатаудан алма ақтарып,

Шымкент тұр қорғасындай салмақтанып.

Үзілер жүк тиеген ауыр состав,

Арасын қос қаланың, жалғап барып…

Қызу күш Қызылорда кең алабы,

Тұлпар азу күрішпен дем алады.

Қаз-үйрек қара бұлттай қаптап ұшқан,

Көкшетау көлдерінен көк алалы.

Достықты бақытына байлайтұғын,

Бүл елге қызыға аз ба қарайтұғын?

Абай мұнда Пушкиннің жырын жаттап,

Ұлы Пушкин сөйлейді Абай тілін.

Қазағың кешегі күн атқа мінген,

Айға ұшты қанат байлап Октябрьден.

Бұл жерде әрбір адам адамзаттың,

Жаратқан даналығын жатқа білген.

Жастығы — Гагарин боп аспандады,

Астығы — Ай жолының баспалдағы.

Дәл мұндай кереметтің мүмкін де емес,

Бүл жерсіз басқа жерден басталмағы.

Бұл аймақ бір кездегі қаза құшқан,

Жұлдызға космодром — ғажапстан.

Міне, дос, парасатты партияның,

Қолымен қайта туған Қазақстан!

АТАМЕКЕН

Көл – дария көкірегімнен бір тұнба ашып.

Мен тұрмын ата — баба жұртын басып.

Жаутаңдап қазір менің жанарымда,

Тұп – тұтас жиырма жеті жыл тұр ғашық.

Түп – түгел төрт құбыламды түсті кетіп,

Туғанжер, мен сен салған құс түлетіп.

Дүние — ай, қандай жақсы ед табаныңа,

Тұрғаны өз топырағыңнаныстық өтіп.

О, менің мәңгі басар нық тұрағым,

Қалайша махаббатымды ұқтырамын!

Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте,

Көлеңкем түспесін деп тік тұрамын.

Мен сендік азаматтық сертімменен,

Даусыңа дауыс қосам шертілмеген.

Мен сенің серпілмеген күніңе де,

Қараймын кереметтей серпінменен.

Бәрін де мендегінің анамша ұғып,

Тұрсың ба болашағыма алаңшы үміт.

Мен сенің жалғыз тамшы тасқыныңмын,

Кететін сенен шығып, саған сіңіп.

Қайғы да, мұң да менен көп табылар,

Бәрі де жалғыз сен деп ақтарылар.

Баурайы мәңгі көктем заңғарлардың,

Басында мәңгі жатқан ақ қары бар.

*Ақын Төлеген Айбергеновтың өлеңдерін оқырмандарымызға

ұсынған қызы, Салтанат Айбергенова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *