«Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай»

 

Мағжан ЖҰМАБАЕВ

Қазақ тілі — қазақ халқының  басты рухани байлығы.  Әр халық үшін тіл маңызды құндылық. Біздің ата-бабамыздан қалған баға жетпес  мұра. Тілден құдіретті, бағалы  қасиет жоқ деп ойлаймын. Жарық дүниеге келген сәби бұл әлемді  қай тілмен таныса сол тіл ол адам үшін қымбат. Себебі сол тілмен ой өрісі дамып, көкірегі ашылып, көңілі небір жақсы сезімдерді тұшып, жүрек тұңғиығында сараланады.  Себебі сол тілмен алғашқы өмірде нәр беретін нұрлы асыл сөздерді атайды.  Сәбидің алғашқы ана-әке, ата-әже деген аяулы сөздері өмірді тану құлшынысының бастамасы. Тіл отбасылық қарым-қатынас қана  емес, ол қоғамдық дамудың маңызды сатысы.

Ұлттың болашағы – оның ана тілінде. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып «Мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ  тәрбиелеу дегеніміз, өз  ана тілімізде еркінсөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ.

Тіл-әрбір ұлттың мақтанышы, жан дүниесінің айнасы. Ол- ең ұлы ,  тамаша тіл. Қазақ тілі — мемлекеттік тіл
Тіл – оны жасаушы халықтың тарихы, шежіресі, бүкіл өмірінің жаңғырығы мен ізі, арманы мен алдағы үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні болатын болса, осы құндылықтардың бәрін заманнан заманға, адамнан адамға жеткізуші —  бүгінгі ұрпақ.

Бүгінгі таңда отбасындағы ұрпақ тәрбиесі- қоғамның бар саласына қатысты  мәселе. Өйткені бүгінгі шағын отбасы – ертеңгі үлкен мемлекет. Мемлекеттің тізгіні сенімді адамның қолында болу үшін ұрпаққа саналы білім қажет. Адам көп тіл білгеннен зиян көрмейді Керісінше оның талабы да, талғамы да артады. Бірақ ең басты тұғырда өз ана тілі тұруы керек. Адамның ой-өрісі өз тілінде дамып жетілгенде ғана  құндылығы артады. Тіл — әр адамның болмысы. Егер тіл жойылса адам болмысыда жойылады. Сенің қазақ екеніңді айғақтайтын таптырмас дәлел, ол – ана тілің.

Бүгінгі күні қазақ тілінің қолданысына мен де қатты толғанамын. Тіліміздің қолданысының кеңеюі артады деген үмітпен әлі келе жатырмыз. Өкінішке орай, өзге ұлт түгілі өз қазағымыздың  қазақша сөйлей алмай тұрғанына іштей қынжыламыз. Егер қазақ қазақ болып өз ана тілінде сөйлемесе, өзге ұлт қазақ тілін қайтсін. Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы ана тіліміз өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ, ертеңгі болашағы да қазақ ұрпағы. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің мәртебесі,  ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу – қаны қазақ баласының бірден – бір міндеті болып табылады. Халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғымТіл – еліміздің  іргетасы. Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Тіл – асыл ойдың бұлағы. Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін  сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп нық басып айтуы біздің көңілімізді  серпілтіп тастағаны рас. Қазіргі жазылып жатқан немесе қолда­ныста жүрген жаңа заман оқулықтары мен оқу құралдарының мақсаты – тіл үйренушінің тілдік-қатысымдық құзыреттілігін қалып­тас­тыра отырып, көптілді, көпмәдениетті жеке тұлға қалыптастыру. Сондықтан танымдық-лингвомәдениеттанулық оқыту технология­сының құрамына деңгей бойынша айқын, нақ­ты оқыту аясы, сол аяның мазмұнын аша­тын тақырып пен тақырыпшалар, жағдаяттар мен тапсырмалар, жаттығулар, кейс-жағдаят­тар топтасады. Қазіргі зерттеу парадигма­ла­рының өзгерісі бойынша айтсақ, қатысымдық парадигма тілді сөйлеу әрекеті үстіндегі баланың  өз қабілетін көрсету ерекшелігі бо­йынша танып-білу қажет дейді, басқаша айт­қанда, тіл сөйлеу үстінде ашыла түседі дейді. Ал танымдық парадигмада тіл қабылдаумен, түсінумен, таныммен байланысты өзін көр­сетуге мүмкіндік алады деп түсіндіреді.

Үш тілде білім беру жобасы негізінен, қазақ тілінің аясында жүзеге асатыны белгілі. Үш тіл білу «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деп қазақ мақалы айтқандай, қо­ғамның интеллектуальдық мүмкіндігінің кө­те­рі­луіне, маманның бәсекеге қабілетті, икем­делгіш болуына ықпал етеді. Білім беру үрдісінде үш тілді меңгерудің қажеттігі мен үштұғырлы тіл саясатының күн тәртібіне шығу себебі әлемдік ақпараттық кеңістіктің дамуы үшін, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін, білім алу кеңістігінің біркелкі болуын қамтамасыз ету үшін  қажет болуымен түсіндіріледі.

Тілге жан бітіретін де, тілге қуат беретін де, тілдің мәңгілік жасауына себепші де біз, ағайын! Тіл арқылы еңсеміз көтеріліп, тұғырымыз биіктей бермек.

С.Сейфуллин «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» атты еңбегінде де тіл мәселесін кеңінен қозғаған. 1923 жылғы 9 маусымдағы мақаласында: «Істі қазақшаға аударуды ауылдан, болыстан, ауданнан бастау керек. Волостной исполкомдарда істі қазақ тілінде жүргізу үшін уездерде соларға кісілер даярлап жіберетін курстар ашылу керек. Ауылдан, болыстан, ауданнан қаладағы мекемелерге қағаз жазғанда ылғи қазақ тілінде жазып отыру керек деген екен. Болашақ тіл жанашыры осындай болуы керек деп ойлаймын.

Қазақстанда өмір сүретін әр азамат елін ойласа, ұлтының рухын ойласа, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосуы қажет. Қазақта «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген керемет нақыл сөзде айтылғандай, тілдің құдіретін бүгінгі жас ұрпақ ерте сезінуі керек.Алға қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана Мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды. Олай болса ата-бабаларымыз салған сара жолдан таймайық, елдігімізбен туған тіліміз мәңгілік жасай берсін!

Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі — Мәңгілік Ел, Мәңгілік тіл! Ол — барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде!  Тіл тағдыры — ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық!

АМАНЖОЛОВА Тана Тастанқызы,

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы

М.Жүсіп атындағы №57 орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *