Амирмен дарынды балалар арасында өткен шарада таныстым. Қала мектептерінің дарынды балалары жиналып, өнерлерін ортаға салды. Сырттай қарасақ, біздің оқушыларымыз шын мәнінде талантқа өте бай. Оларды сабақ оқумен шектеп қоймай, әр баланың бойындағы қабілетіне қарай шыңдай білу – ұстаз бен ата-анаға міндет. Қай ұл мен қызды алсақта, оның бірін – бірі қайталамайтын ерекшелігі болады. Ол баланың өнер мен білім, спорттағы жетістігі өз алдына. Мектебінің атын шығару үшін намысты қолдан бермей, жүлделі оралған әр оқушыға ықыласымызды аямаймыз. Ал, өзімен бір тоға жүретін шәкірт те болады. Мұндай жасөспірімнің бойында адамгершілігі мол, жандүниесі мейірім – шапағатқа толы келеді. Бұл өрендердің таланты жүрегі қалаған мамандықта жанады. Ұстаз үшін қай оқушысы болмасын талант иесі, мақтанышы.

Шара аяқталған соң, домбырасын арқалап, жерге тимесін деп аялап бара жатқан ұлға қайта көзім түсті. Қасына барып, әңгімеге тарттым.

— Амир, өркенің өссін! Қай мектептен келдің?

— Ахмет  Байтұрсынұлы.

— Қаланың қай ауданында екенін айта аласың ба?

— Алматы қаласы, М.Әуезов ауданы, №139 мектеп – гимназия.

— Бәрекелді!  Бүгінгі марапатың құтты болсын! Саған домбыра тартуды кім үйретті?

Сол арада оның ата-анасы да жанымызға келіп сәлемдесті. Амирдің бойындағы қабілетін байқап, домбыра үйірмесіне апарады екен. Байқауларда бақ сынап, тума талантының ашылуына қолдау көрсетіп жүрген жас отбасынан айналасың ғой. Жүйрікті аламанға қосқан сайын шабысы ширай түссе, баланы бәйгеге қосқан сайын шыңдалады. Үйренеді. Анасы Нәргүл Амирдің ағасы Әділ де мектепте оқып жүргенде өнерге бір табан жақын болып, өзі оқыған «Ғалым» гимназиясындағы озат оқушының бірінен саналғанын айтып өтті. Әділ жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, мамандығы бойынша шетелде еңбек етуде. Қазақтың қара домбырасының құлағында ойнауды мақсат еткен жастарымыз көп дейтін болсақ, БЕКОЖИН Амир де солардың жолын жалғап, өнердің көгіне өрлеп келеді.

— Амир, анаң сені көптеген бәйгеге қатысты дейді. Атап айта аласың ба?

— Айтамын, апай! (Саусақтарын бүгіп әр бәйгені атап, мені тыңдап отыр ма дегендей қарап қояды).

Баламысың деген! Мені өзіне туған әжесіндей жақын тартты ма өзі, сыныбы туралы айтып танауын тартып қояды.

— Кәне, мен тыңдап отырмын…

Атап айтсақ, сегіз жасар дарын иесі қаншама байқауларға қатысып, жүлделі орынды қолдан бермеуде. 2018 жылы өткен «Тәуелсіздік – жыр, әнім» байқауында  «Қөлөнер», 2019 жылы  «Жаз мереке» Республикалық балалар мен жасөспірімдер арасында өткен байқауда  «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша ІІ – орын; «Екі жұлдыз» ән – би байқауының жеңімпазы; басқа да байқауларда топ жарып келеді. Мектеп мақтанышы, оқу озаты. Амирдің бастауышта білім беретін ұстазы Найманханова Салтанат Жораханқызының еңбегін ерекше атап өткен орынды. Жиырма бес жылдан бері шәкіртіне білімнің негізгі діңгегін сапалы, тәрбиені тағлымды етіп бастауышта қалаудан жалықпауда.

Осылайша, бала жұлдыз Амирдің отбасымен таныстым. Анасы Нәргүл Бекқожина – Тәуелсіз кәсіпкерлер одағында қызмет етеді. Әжесі  Иваш Асқарова, бар ғұмырын рухан қазынамыз саналатын кітапхана қызметіне арнап, меңгеруші қызметін атқарды. Тағдырдың тауқыметіне шыдап, 7 баланы бағып, ел қатарына қосты.

— Әкем Бекқожин Машираттың мамандығы ветеринар болғанымен, өнерге жақын болатын. Туған ауылымыз, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов туған Қасқабұлақтан. Әкеміз өлең жазып, ән айтатын. Әуесқой композиторлығы да бар еді, — деп әңгімеледі Нәргүл.

— Абай    туған    киелі    өлке — Шыңғыстаудың самал лебі бала Амирдің өнерін өркендетіп, мақсат-мұратына жетсін! – деп Ақ батамды бердім. Мектеп – гимназия директоры Қуатбеков  Ерік  Нұрғұмарұлына да шәкірттерімен мақтансын деп тілеймін.

  Алтынхан  СЫДЫҚОВА,

ардагер ұстаз.

 Алматы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *