1 Мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!

Қадыр Мырза Әли

Мамыр мен тамыр

Мамыр жайлы мен білетін көп кітап.
Мықты болсаң,
Айтылмаған жоқты тап.
Өткен күзде кесіп алған еменнің
Түбірінен көтерілді көк бұтақ.
Көктемнің бұл құдіреті көп пе еді!
Күн де нұрын тектен-текке төкпеді.
Шебер қолдар талдан тоқып тұрғызған
Шарбақтың да шыбықтары көктеді.
Күн көзінен алатұғын бұрын нәр
Ерте гүлдер Кавказдар мен Қырымдар.
Ұзақ тұрсам,
Тамыр жайып табаным,
Менің өзім көктеп кетер түрім бар!

Абдрахман Асылбек

Мамыр ай

Жанға жайлы жадырай,
Келді көктем мамыр ай.
Сұлулықты соншалық
Жаратушы Тәңір-ай!
Еріп қырдың мұз-қары,
Қыстың кеткен ызғары.
Қызыл-жасыл киінген
Ауылдың бар қыздары.
Ақ тілектер табысып,
Ақ білектер қабысып,
Бала біткен далада
Жүгіріп жүр жарысып.
Бұлақ сылдыр ағады,
Құрақ сыбдыр қағады.
Көбелектер көлбеңдеп,
Қырдан асып барады
Алма, өрік, алшасы –
Гүлін ашқан баршасы.
Кеуделерге қадалған
Қызғалдақтың қаншасы.
Түлеп тоты, тауысы,
Күйге толған тау іші.
Шатқалдарда шадыман
Бұлбұлдардың дауысы.
Тіріліп бар тіршілік,
Бүргендерге бүр шығып,
Еске алады өткенін
Кемпір-шалдар күрсініп.
Желпіп жұпар жел жібек,
Елдің бәрі кең жүрек.
Бір-біріне қарайды,
Мейірлене елжіреп.
Жанға жайлы жадырай,
Келді көктем мамыр ай.
Сұлулықты соншалық
Жаратушы Тәңір-ай!

Рза Қунақова
Май таңы
Алқызыл қызғалдақтай көктемдегі,
Жалаулар көшелерде тербетілді.
Сергітті жомарт жаздың өпкен лебі,
Тосамын терезеден мен бетімді.
Желпиді жапырақты таң самалы,
Бақшада жасыл терек жайқалады.
Бұлбұлдар сапқа тұрып əн салады,
Дəл қазір басталғандай май парады.
Жұматай Жақыпбаев

Мамырым менің...

Бозамық көкке бозторғай құсты ілдірген,
Мал өріс қырға масаты тыстап үлгірген,
Мамырым менің, жер бетін түгел көгерткен,
Үйренем сенің үлгіңнен!
Тыңдарға әні, түрі бар таңдай қағарға,
Аспаннан түсіп Алакөлдегі аралға,
Аққуларыңның алды-арты келіп болды ма,
Ат-көліктері аман ба?
Көделі жазық, жусаны қалың бозы бар,
Қазақтың жері көгерген сайын созылар.
Көктеулеріңе бетеге шығып көкқасқа,
Толды ма тойған қозылар?
Албырап жүзі, ақсиған тісі пәк күліп,
Бойжеткен қыздар біреуін көрсе аптығып,
Сабағы жұмсақ сарғалдақ сайдан терді ме,
Арқаға бұрым лақтырып?
Мейірімге толып мейрамдап жүрген кезімде,
Қаратал құсап тасиды қара сөзім де.
Қызыл гүл тауда, қызыл күн сенде, мамырым,
Қызықтың бәрі өзіңде.
Жұпары молым, жұлдызы көбім, жарығым,
Аспандататын адамның алуан дарынын,
Жер бетін түгел көгерткен, жөні бөлегім,
Мамырым менің, мамырым…

Сәкен Иманасов

Мамыр

Қарсы алып мамыра-жай мамыр айын,
тағы да қағынайын, сабылайын,
есімнен жаңылайын, жамырайын,—
сәулелі күндерімді сағынайын!..
Білмейтін ым-жымыңды,
ымыраны,
басталып баяғы асқақ ғұмыр әні,
Күн нұры қараулықтан қашып шығып,
қорғана
қолтығыма тығылады.
Кешегі күйініштің сарқыны ма,—
тығылып ащы бір жас алқымыма,
аспанды айқыш-ұйқыш тілгілеген
қараймын нажағайдың жарқылына.
Көл-көсір көкірекке жыр тұнғасын,
шығады бұрынғыдан күлкің басым,—
қаншама жыртылмасын көмекейің,
оны да енді бірақ кім тыңдасын!
Шыға ма беткейлерге жамырай гүл
тұра ма өзін өзі танымай қыр,
Дүние мың құбылып жатқан шақта
көңілді күпті қылған тәңірі-ай бұл!

Есләм Зікібаев

Мамыражай майда леп көктембісің?

Мамыражай майда леп көктембісің?
Көңілімде гүл болып көктермісің.
Ақ көрпесін айқара жамылып ап –
Сағындырды-ау өзіңді өткен қысым.
Сағындық қой, келші, тез сырласайық,
Жігіт болып, қыз болып қырды асайық.
Қыр үстінде жайылған масатыңа
Аунап жанның құмарын бір басайық.
Келші, көктем, жүректе лауласын от,
Сезімдерді шарпыған қауласын өрт.
Асып-тасып жататын шарасынан
Махаббаттың қасиетті арнасы боп!

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

Мамыр

Май сағымды маңғаз Тау үріп ішкен,
Өлөң аға жөнелер тіліңізден!..
Қаз дауысы аңқыған қоңыр желге
қазанақтың, қайыңның бүрі піскен.
Дәрменің жоқ Ойыңнан жаңылмасқа,
Тау тыңдаған саз басқа, сарын басқа.
Шегірткенің інжулі шырылынан
моншақ теріп алар ма ед қарындасқа!..
Көкіректің маздатып қарашығын,
қос көбелек зиреге таласуын!
Төңірекке төгілген төл үніне
төсеп отыр тұмсығын бала суыр.
Жанарынан танылған апрелі,
еркелеп жүр маған бір кекіл еріп.
Көкжиектен тырналар тыраулайды…
Марал – Көктем жатқан ол, мекіреніп.

Нұрбек Нұржанұлы

Мамыр

Ауыл,
…дауыл азынайды тал үстінде,
Төсекте шам дір-дір етед әл үстінде.
Сәл ұшымен бос бөлмені түртіп көріп,
Ауыр түнді көтеріп тұр кірпіктерім.
Жанарыма Айдың мөлдір нұры тамып,
Жүрегіммен мамырымды жылытамын,
Мамырымның жасыл жаны,
мен де жасыл
үмітімді саусағыма гүлдей ашып,
ұшырар ем, жарық көрсем қылаудай бір,
өсірер ем, тамшы көрсем жылаудай бір…
көнгіш мамыр мойнын созса көк әлемге,
Түнді сүйеп жұлдыз тұрар шегеленген,
жел қаққанда бос қанатын төбемде үдеп,
жұлдыз ақты, бұл өмірге менен де өгей…
Боз сәулені жақтауға кім қойған төсеп?
Азан даусы түскен екен, Ай ма десем.
Енді, жылу сұрап тұрмын ала таңға,
Мамырымды көтеріп-ап алақанға
жылап тұрмын…

Ерлан Ахмет

Кел, мамыр, халқымды сүйіндір!

Кел, мамыр, мейірлен, мамырлап,
күн нұры шашылсын жамырап.
Жібісін қара жер тегімнің
тарихын сіңірген тамырлап.

Хош келдің, мамырым, лағылдап,
жұртымның жанарын жалындат.
Жылғалап жылжыған суыңмен
тіршілік тынысын арындат.

Ойнатып көз ұшын сағымға,
мәз болып қараймыз мамырға.
Бәрі де ән салып кетеді,
бұлбұлдар сайраса бағында.

Жарғанда бұтақтар бүршігін,
сеземін жүрегім дүрсілін.
Аймаңдай жымыңдап түсінер,
айтпай-ақ сезімнің қыр-сырын.

Ынтымақ жарасқан шаңырақ
тұрады қарсы алып таңын ақ.
Береке бастауы, әманда,
татулық, достықтан табылад.

Табиғат үйлесіп тұрғанда,
махаббат билігін құрғанда,
сан алуан ұлттардың баласы
сыйласып жүреді бұл маңда.

Жан-жаққа көк шапан киіндір,
көкорай билесін биін бір.
Бірліктен, айырмай тірліктен,
кел, мамыр, халқымды сүйіндір!

Дереккөзі:https://bilim-all.kz/;

https://www.zharar.com/;https://www.gov.kz