Сүйікті Отаным

Сүйікті  Отаным

Әні: Шынтемір Мырзамұратовтікі

Сөзі: Алтынхан  Сыдықованікі

Сүйікті Отаным, гүлдеп, жайнаған.

Елімнің  ертеңін ұрпағы ойлаған.

Егемен  елімнің қыраны болып,

Бойымда күш – қуатым қайнаған.

Болашақ күтеді мені алдымнан,

Жетуге армандап, күнде талпынам.

Ержетемін білімді, ғарышкер де боп,

«Елім!» деп туған ұлан мен болам.

Жақсылық тілейсің,  мәпелейсің сен,

Анамдай  мейірімді,  пейілің де кең.

Сүйікті Отаным – Қазақстаным!

Теңелді тереземіз басқа елдермен.

 

Мұхтар ағаға

(28 қыркүйек М.Әуезовтың туған күніне тарту)

Жүзіңізден мейірім нұры тараған,

Қара сөздің пірі деп ел таныған.

Мақтан тұтты ұрпағың атыңызды,

Әдебиет алыбы деп санаған.

Нар тұлғалы адамсыз парасатты,

Шығармаңыз жүректерден орын тапты.

Шет елдің оқырманы қолына алып,

Тәнті болып, талантыңа таңырқапты.

Абай болып жазылған шығармаңыз,

Қазақ болып шарлады жердің жүзін.

Сіз туылған бүгінгі күніңізде,

Мұхтар аға, жыр арнадым өзіңізге!

«Адамзаттың негізі – әйел»деген,

Суреттеп, қыз бейнесін кестелеген.

Шебер тілмен дәл тауып мінездерін,

Қылығын жүз әйелдің әспеттеген.

Зере мен Ұлжан ана тең өсірген,

Үйреткен ақыл – сабыр, пейілді кең.

Ізгілік қасиетті мейірімімен,

Тани білдік Абайды зердесінен.

Бақытсыз қыз тағдыры күйіндірген,

Қосыла алмай жігітке өзі сүйген.

Салтанат, Керімбала, Тоғжандардың,

Махаббатын жырлаумен сүйіндірген.

Қалам тарттың «Қилы заман» соқпағына,

Халқыңның ортақ болып зар –мұңына.

«Қорғансыздың күніне» жаның күйіп,

Зұлымдардың лағнет айттың қорлығына.

Оқырманға таныс қой «Көксерегің»,

Балғын жүрек алданып, не істемедің.

Бағып – қаққан қасқырдың бөлтірігін,

Суреттеуде ешкімге тең келмедің.

Толғанып, тебіренген дала мына,

Мақтанады Абай мен Мұхтарына.

Тұнжыраған заманда жарық күн боп,

Екеуі де нұрын шашқан қазағына.

Әзілхан ағаға

Қош келіпсіз, мектебіме құрметпен,

Жүздесуді күтіп едік, біз көптен.

Ардақты ұлы, халқымыздың аяулы,

Өзіңізге сәлем бердік ізетпен.

Сіз Абайдың сөзін ұғып өстіңіз,

Талай қиын асулардан өттіңіз.

Азаматтық тұлғаңызбен биік боп,

Адамдықтың нәрін бізге септіңіз.

Махаббатты, сезім қылын шерттіңіз,

Сіз көздеген мақсаттарға жеттіңіз.

Оқырманның жүрегіне жол салып,

Мәңгілікке ұмытылмастай еттіңіз.

Біз таласып оқушы едік кітапты,

Сіздің жазған кейіпкерің сияқты.

Жас кезімді есіме алсамғ бір мезгіл,

«Қызыл дәптер» нұр құяды шуақты.

Алдан күттің аяулы ұлды ардақты,

Ибалы қыз мінезге бай салмақты.

Келешекте жарқыратып ұстайтын,

Келеді өсіп жастарымыз жан – жақты.

 

Тұм аға 

Биік ұстап, өлеңді қадірлеген,

Келіп отыр қонақтар қадірімен.

Қош келіпсіз, мектепке Тұман аға,

Халқымыздың құрметі сізге ерен.

Жыр еттіңіз мәңгілік махаббатты,

Табындырып өлеңге адамзатты.

«Өлең» атты өнерді бағалайтын,

Арамызда жандар бар парасатты.

Жыр еттіңіз сезімнің қыл пернесін,

Кірлетпеуді көңілдің терезесін.

Жаны нәзік жандарды аяладың,

Қасиетін адамдық бағаладың.

Тебіренбей бұл жүрек тұра ала ма?

Құштар көңіл өлеңге жұбана ма.

Қызығып бір оқимыз жырларыңды,

Ұзақ өмір сүріңіз Тұман аға!

 

Қазағымның мақтаны

(Мұхтар  Шахановқа)

Қазағымның мақтаны болдың аға,

Бақытыңа алғыстан алдың бата.

Ұлтжандылық сезімге қозғау салып,

Биігіне  қыранша қондың аға!

Ұлтың үшін от болып маздадыңыз,

Желтоқсанда алау болып жанғаныңыз.

Араша боп Аралға шырылдаумен,

Елің үшін тер төгіп, талмадыңыз.

Қайран қалып жүреміз сөзіңізге,

Керемет жыр біздерге кезігуде.

Рухымыз асқақтап тұрсын деумен,

Жас ұрпаңыың  еліктер өзіңізге…

Сізді оқысам сергимін. Көңілденем,

Тұтастығың Қазақстан бөлінбеген.

«Биік болам!» дегенсің Мұхтар  аға,

Жаза бергін осындай өмірлі өлең.

 

Құтты болсын!

(«Ғалым» қазақ ұлттық гимназиясының 20 жылдығына)

Мектебім, алтын ұя – сая бағым,

Бауырыңа ап шәкірттерді аяладың.

Талантты танытумен таң аттырып,

Шығарманың қыр – сырын баяндадым.

Туған тіл, тұнық сезім аялаған,

Туған жер тау самалы аймалаған.

Шәкірттің жүрегінен орын алып,

Аяулы анасындай сая болған.

Құрметпен бас иеміз ұстаздарға,

Жыр жазам олар жайлы ұзақ таңға.

Бақыттың кілті – білім болса егер,

Білімнің нәрі осы ұстаздарда.

Танымал талай жан бар арамызда,

Еңбегі ұшан – теңіз дара тұлға.

Мектепке таңмен келіп, кеш қайтатын,

Қосыңыз, ақындарым оны жырға.

Өнегеңді жалғастырған ел екен,

Ел ішінде арта берсін берекең.

Ұстаздарым, үстем блып мерейің,

Құтты болсын, жиырма жылдық мерекең.

 

СЫДЫҚОВА Алтынхан Есілханқызы

ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин, Б. Момышұлы атындағы медаль иегері. Алматы қаласы