«Жазған құлда шаршау бар ма, әлі де ізденем…» —
деген екен курстасымыз Ыбырай Мұстафаұлы «Алматы ақшамы» газетіне берген сұхбатында.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – дің журналистика факультетінде 1981-1986 жылдары бірге оқып, бітірген курстасымыз, бүгінде арамыздан шын дүниеге озып кеткен Бекжігітов Ибраһим – Ыбырай Мұстафаұлын 15 қаңтар күні қарсаңында шаңырағында жиналып, 70 жасқа толған күнінде оны еске алдық. Оған арнап, Құран бағыштап, кейінгі ұрпағы мен отбасының ұйытқысы болып, ұлдарын алдына салып, келіндерін ұлттық салт-дәстүрімізге үйретіп, немерелеріне әже болып келе жатқаны өз алдына, жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, оларға ағылшын тілін үйретуден жалықпай әлі де мектептің жүрегі болып жүрген зайыбы, ұстаз – Маржан Жарасқызына жолдасы Ыбекеңнің курстастарын үйіне шақырып, жақсы тілектерін балалары мен немерелеріне әке мен ата жайлы жылы естеліктер тыңдатпақ болған ниетіне шын көңілден алғыс білдірдік.
Өзі болса, дастарханында жымиған қалпында, әр курстасына риза болып отырар еді… Ыбекеңнің сол студенттік қалпын әңгімеледік. Университет бітірген соң атқарған қызметіне тоқталдық. Шығармашылықпен қатар емшілікпен тұрақты айналысып, өкпе ауруына қарсы емдеп-жазатын дәрі ойлап тапқанын, сол дәрілермен бірқатар адамдарды емдегенін біріміз білсек, біріміз білмедік. Журналистикамен қатар Оңтүстік Қазақстан облысы гуманитарлық академиясының журналситика факультетінде ұстаздық етіп, қаншама жастың таңдаған мамандығының тереңіне бойлауына жол нұсқаған.
Дастархан басында бес жыл бойы бір аудиторияда оқыған студент «Ы.Бекжігітовтің» қызықты сәттерін айттық. Көңілі таза, еш жамандық ойы жоқ, көп сөйлеп, жасаған жұмыстарын айқайлап айтпайтын Ыбекең Тибет медицинасы саласында айтарлықтай еңбек қалдырған мұраларымен таныстық. Арнайы патент алып, «Мен жіңішке ауруына ем таптым» — деп емдік шөптермен қаншама адамды емдегені жайлы баспасөз беттерінде бірқатар зерттеулері туралы жарияланыпты. Емшілік бағытқа бет бұрғанының себебін де сұхбаттарында айтыпты. Ыбыкең ерінбей шығыс медицинасына жүгініп, асықпай зерттепті. 20 түрлі шөптерден дәрі жасап, жаны ауырған жандарға қол ұшын беріп, дертіне дауа болуға ұмтылыпты. Тоғыз жыл айналысқан емшілік өз нәтижесін бергенін, ғылыми негізде жалғастыруға ниетті екенін сұхбаттарында айтқан. Мақсатына жету үшін көп еңбектенгенін, білікті мамандардың ғылыми зерттеу жұмыстарына сүйене отырып, өзі біраз дүниенің басын құрап, жинақ етіп шығаруға дайындап қойыпты.
Курстасымыз Ыбырай Бекжігітовке дұға бағыштап, отбасына игі тілегімізді арнай отыра оның өмірбаянына да қысқаша тоқтала кеттік. 1955 жылы, 15 қаңтарда Түркістан облысы, «Кұшата» елді мекенінде дүниеге келген. Университет бітірген соң еңбек жолын Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетінде журналист болып қызметін бастаған. 1988 жылы «Жалын» альманағында жалғастырады. 1989-1990 жылдары «Өркен-Горизонт» студенттерге арналған газетте қызмет етеді. 1990-1998 жылдары сол кездегі Теле-радио комитеті ОҚО радионың бас редакторы, телевизия саласында Түркістан, Кентау қаласы мен Созақ ауданының меншікті тілшісі қызметін атқарды. 1998 – 2000 жылдары Қазақ-Кувейт университетінің журналистика факультетінде оқытушы болды. 1984 жылы студенттердің «Жігер» фестиваліне қатысып, жүлдегер атанады. 1986 жылы Жамбылдың 140 жылдық мерейтойында айтыскер ақындар жиынын арнау өлеңімен ашып, арнайы марапатталған. Топтама жырлары студенттердің «Аудитория» жыр жинағында жарық көрген. Өлеңдері мен прозалық шығармалары 1988 жылдан бастап баспасөз беттерінде жарық көріп отырды. Ыбыкеңнің ар алдындағы адалдығын, еңбекқорлығы мен сіңірген еңбегін ризашылықпен атадық та, оның өмір жолы мен өнегесінен кейінгі жастар ғибрат алсын дедік.
Абай атамыздың «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес» далаға деген қағидасы осындай адал еңбек иелеріне бағышталғанына курстасымыздың атқарған игілікті істері арқылы куә болдық. Маржан Жарасқызы жодасының өмірінің соңғы сәтіне дейін қаламы қолында, қағазы жанында болғанын жүрегі жылап айтса да, оның есімін жоқтатпайтын жандардың бірі — отбасы болса, екіншісі курстастары барына алғысын арнады.
Уақытын текке өткізбей, шығармашылықпен айналысып, журналист-жазушы прозза саласындағы тұңғыш шығармасы — «Ұрлықшы қыз» — детектив нұсқадағы кітабын да жариялап үлгенген екен. Детектив тақырыбы – өте күрделі, кез келген журналистің бара бермейтін тақырыбын алып, нақты ресми деректерге сүйене отырып, жазыпты. Курстасымыздың қара шағырағында ұлдары ержетіп, екі ұлы Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері, тұңғышы — Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттерінде жоғары білім алып, мамандықтары бойынша қызмет етуде. Үшеуі де бір-бір шаңырақтың иесі – әке болып отырған үлкен әулетке айналғанына қуандық. Әке тәрбиесі, ана сүтімен ұлдарына дарыған қабілетпен алға адымдап келе жатқан өз саласының білікті мамандары. Егіз ұлдары Серік пен Берік, Досымбектен тараған ұрпақ, күні ертең бір қауым ел болсын деген тіледік.
Мектеп бітіре сала студент атанғандықтан курстағы жасы бізден үлкен кейбір жігіттерді құрметтеп «Ағай», «Аға» дейтінбіз. Ыбекең жайлы екі естелік айттым. Студенттік жылдары, қацй курс екенін ұмытып қалдым, үзіліс кезінде қандай мәселеге байланысты екенін білмеймін, «Аға!» — дегенім есімде. Аға қасыма келіп, «Маған аға» — деп айтпа деді жаймен ғана. Мен үндемей қалдым. Университет бітіріп, жылдар өткен соң Ыбекең Берік есімді ұлын үйлендіріп, курстастарын 2015 жылы туған жері қасиетті Түркістанға тойға шақырды. Тойды кіндік қаны тамған қара шаңырақта өткізді. Сол кезде «Аға!» дейін бе дедім қалжыңдап. Ыбекең үнсіз бір күліп алған. Курстың атынан «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Нұржамал Байсақалмен жастарға тілекші болып, барып, келдік. Сонда үш курстас балалық шағымыздан той басталғанша, әңгіме айттық.
—Бала кезімде де осындай үндемей жүре беретін едім. Өздерің білесіңдер, мен мектеп бітірген соң, алты-жеті жыл газетте жұмыс істеп келіп күндізгі бөлімге оқуға түстім. Аға деп айтатындарың содан ғой, — деді байсалды күйі.
Айта кететіні, біздің курс ерекше әр студенттің жалықпай айтатын қылықтары мен қызықтары өте көп, айтқан сайын жер қойнауынан шыққан қазына қайнарындай буырқаныпшыға беретін естеліктері бар курс шығар. Әр бас қосқан сайын қанша айтсақта таусылмайтын студенттік шежіреміз эпопеяға бергісіз естеліктер ғой, шіркін! Ыбырай Мұстафаұлын айта отырып, курсымыздың ең үлкені, жасы 35-ке келгенде ҚазҰУ студенті атанған арамыздан ерте кеткен Аманғали Дайрабаев ағамызға тоқталдық. Бүгінде ғұмырының жартысынан көбін ұстаздыққа арнаған зейнеткер Абиштаева Қуанышкүл Хайдарқызы жеңгеміз ортамызда, ағаның орнын жоқтатпай келеді. Бауыржан Үсенов, Жамила Түлкеева, Жаяу Мұса Дурманов, Алмабек Түстікбаев, Қаржау Омар, Жандарбек Қатпабаевтардың да есімін атап, әруағына дұға бағыштадық.
Ыбырай Бекжігіттің шығармашылығында үлкен орын алған бір қыры ақындығы – жастайынан поэзияға құлаш сермегенін білеміз. оған студент кезде жеткен жетістіктері куә. Еш жерде жарияланбаған өлеңдерін зайыбы Маржан Жарасқызы ұсынып, жариялауға рұқсат берді. Курстасымыздың қаламынан тамшы болып төгілген өлеңдері мен кітапқа лайық жазған дүниелері көп екен. Денсаулығына байланысты санаторийде емделіп жүріп, шығармаларын баспадан кітап етіп басып шығарып беремін деген азаматтың қолына ұстатып жіберіпті. өзі кітап мәселесінің ара-жігін ашып алғанша Ыбекең дүние салды.Қол жазбаларын алған адам хабарсыз кеткен. Отбасы кітап шығаруды жауапкершілігіне алған адамның кім екенін білмейтінін айтып отыр.
Ж.Кучукова,
курстасы
Ибраһим БЕКЖІГІТ
Балалықпен қоштасу
Балалық ұшты қолдан «ақ кептерім»
Тосып алда өмірдің жатты өткелі…
Қош бол! – деп қолын бұлғап қала берді,
Сол күндер, аппақ шанқан – мектептерім.
Сол кезді еске аламын көп елеспен,
Шығып кетсе не деймін, егер естен?…
Қайтушы едік кей күні бәріміз де,
Болмашыға керісіп, төбелеспен.
Түк болмаған адамдай ертеңіне,
Жел байлап көңілдің ақ «желкеніне»
Қолтықтаса тату боп кетуші едік,
Айналды – ау, сол бір күндер «ертегіге!»
Өмір жүгін иыққа арқаладым,
Кездім дағы дүниенің шар тарабын.
Бара қалсам ауылға, ақ шаңқан үй,
Көзге ыстық көрінер парталасым.
Қош қайтып оралмайтын бал дәуренім,
Сен дүние самғау ма едің, алдау ма едің?
Бақытты, қайғы-мұңсыз балалығым,
Желге ұшып, құмға сіңіп қалды-ау менің!
Құшата
Жатып ап саялаушы ем құба талын,
Өзіңде жүріп жаздым жыр отауын.
Туған жер кіндік қаны тамды саған,
Бұтақ жайған желегі ем бір атаның.
Мен үшін саған жету болады арман,
Ой буса тұйғындаймын жаралаған.
Өзіңе оралам деп кетіп едім,
Өмір жолы бастау ап қара жолдан.
Құшата әкелердің құт мекені,
Ер жігіт жолға шығар жүктесе елі.
Ақын боп тумағанда, астанаға,
Айырбас жасамас ем тіпте сені.
Тілме өзені, жағаң тастақ, ауаң балдай,
Сәуірде ескен майда, самал қандай.
Қолым қалт босай қалса, аңсап жетем,
Өзіңде қасиет бар алаңдардай.
Ақын ем сара ойды ұстар бүгін,
Есімде түлеп сенен ұшқан күнім.
Өзіндік сағыныштан басталады,
Отанға деген шексіз құштарлығым
Каспийге арнау
Армысың өр Каспийім жатырмысың,
Тағзым етем, иіп мен басымды шын.
Немене толқып жатсың жел жоқта да,
Ой қуған сен де мендей ақынбысың?
Күн қақты болған сәтте далада көп,
Тарас та қалам ұстап жағаңа көп.
Қағазға мінезіңді түсірді ме?
Тұнжырай қарап тұрып саған ерем.
Білмеймін нені сызып, не салғанын,
Білсем – ау деген ой бар. Осы арманым!…
Білмеймін сол бір салған көріністе,
Өз ойын бояу тілмен, қоса алғанын.
Дайынмын өзіңменен сырласуға,
Көңілде қыжылдаған мұңды ашуға.
Далама иегіңді төсеп жатқан,
Өр Каспий куәсің сен мың ғасырға.
Кел онда достасайық қолыңды бер,
Мен де бір жан едім ғой жолын білер,
Егер де толқын буып ширықпасам,
Тұңғиық тереңіне көміп жібер.
Ақбөкен
Атпайықшы ақ тұмсық бөкендерді,
Жайласын ол, қыратты мекендерді.
Амал не, тыпырлаған сол бөкенге,
Дәру боп-менің шамам жетер ме енді?!
Жатты бөкен бір қырдың белесінде…
Балалық шақ.Сол кезең әлі есімде.
Тыпырлаған бөкенді ұқсаттым мен.
Талмаураған әкеме… сенесің бе?
Сол бір шақтың мұңдылау ақ таңында,
Қырау қатқан жастықтың-апанында.
Кетіп еді көкешім: Қош ұлым!-деп
Қолын жайлап, кететін жаққа бұлғап.
“Құты қашып барады-ау даланың да…
Сен ана тіршілікке қарадың ба?
…Тыпырлаған бөкенді көргенімде,
Бар дүние өксіп жатты жанарында.
Сырымды айтам, адамдар!
Биіктікке мен әлден құштар емен,
Құштар емен және де іштар емен
Адалдыққа талпынса мен не дейін,
Көкірегімнен пырылдап ұшқан өлең.
Жас еменмін, мен ертең жайқаламын
Келмейді ешкімді де қайталағым
Бар болмысым ешкімге ұқсамайды
Ұқсамайды сондықтан айтар әнім.
Манаураған жазира дала ұлымын,
Көкірегімде кейде бір талады мұң
Дала ұлы болған соң, есейсем де,
Сезіліп қалады сәт балалығым!..
Мен сендерге сырымды шын ақтарам,
Адал болу керек қой…бірақ та адам!..
Адамдарда бір мінез болу қажет!
Бойында ар-ұят боп тұрақтаған!
Жібек жолы
Мимырт тірлік сахарада сар желіп,
Шөлге шыдар түйе болып бар көлік.
Аралаған Бағдат, Мысыр, Иранды,
Керуен келеді аптап қысып бар демін
Үндістан мен жанай өтіп Қытайды,
Самарқанда өткізді олар үш айды
Шіркін енді қайтар жолда тым ауыр,
Қарақшылар тосса жолда жұтайды.
Қарақұм мен Қызылқұмды көктеген,
Азияның бар жерінен өткен ең.
Із қалдырып иір-иір құмдарға,
Жібек толы талай елге жеткен ең.
Күре тамыр болған талай қалама,
Білім,ғылым алып келдің далама
Ақырзаман орнатпаса Шыңғысхан,
Талай нәрсе сіңер еді-ау санама.
Қалам бар ед бой көтерген сан түрлі,
Моңғол келіп,сар даламда зар тұнды
Жібек жолын құмға көмді Шыңғысхан,
Мешеу етті 300 жылдай халқымды.
Вокзалда
Біреулер жылап, біреулер күліп табысқан,
Қоштасулар мен кездесулер аралы.
Бақытын іздеп осы бір өмір ағыстан,
Адамдар ұзақ сапарға шығып барады.
Жігітін сұлу тосты ұзақ қарап, келмеді,
Нәркестеу көзде шіркін-ай мөлдір бар ма мұң!
Келмеді. Енді келеді-ау?-деп те сенбеді
Қалады артта!… «ақ үміт гүлі. Арманы!»
Қиналған жүрек қабаққа мұңды-бұлт орап,
Моншақ боп тамды аққұба жүзге тамшылар.
Күмбірлеп дүние күлкіге толды бұл торап,
«Өзгенің түгел сүйгені мұнда бар шығар!»
Өмірде мына тағдыр да өзге, гүлде өзге,
Біреулер саған бақытын бөліп бермейді.
«Сыр айтып еді-ау!…Жымиып тұрып бір кезде?!
Сенбейді ол енді. Адалдарға да сенбейді!»
Біреулер күліп, біреулер жылап қоштасқан,
«Қоштасулар» мен «кездесулердің аралы»
Жүгіріп жеткен жігітті жерде тоспастан,
Аққұба ару вагонда кетіп барады.
Ентігіп келіп,пысылдап келіп тоқтаған,
Тағдырым менің көк тізбектер ме деп қалам.
Табыспасам да, қоштаспасам да біреумен,
Көңілім тілеп вокзалға ылғи көп барам.
Астанаға келмеді көктем әлі (Ерсайынға)
Оңтүстікте бозторғай бастады әнін,
Ашылмады-ау көктем қыз қас-қабағың.
Сылқ-сылқ күлген күлкіңді естірміз деп
Халқы сені тосуда астананың.
Аппақ нұр жердің төсін шымшылады,
Сәлден соң сәуле шашып күн шығады
Ұзын кірпік әлсіздеу ақ сәулелер,
Аппақ қардан қаймығып тұншығады.
Томсарады қайындар бүр ашпаған,
Бірақ көктем келгендей рас, маған.
-Көктем келіп қалыпты-ау — дейді Ерсайын,
Көріп қалса көшеден плащты адам.
Табиғаттың заңы ғой не демекпіз,
Қолдан келсе ерікті берер ек біз.
Нәркескендей жанары ойға тұнып,
Көктемді аңсап күрсінді көбелек-қыз.
*Өлеңдер мен суреттерді Ыбекеңнің отбасылық архивінен жолдаған Маржан Жарасқызы