Өлең өнеріндегі әл-Фараби қағидаты мен өлеңдеріне қысқаша талдау.
Қыпшақ даласының жүрегі саналатын қасиетті өлке – Отырарда туып, Шаш, Самарқан, Бұқара, Мысыр Халеб, Бағдад шаһарларына білім іздеп сапар шеккен ғұламаның тіл мен өнерге қосқан үлесі қомақты. Түркі халықтарының аспаптарының негіздемешісі ретінде танылған алып тұлға – Әбу –Насыр Әл –Фараби. Тірліктің әділ бағасын біліп, жетпістен астам тілді игерген ғұламның өлеңдері де өзгеше. Өлеңдеріндегі басты көркем бейне – ғұламаның өзі.
Тіршілікте құрыштай бол төзімді,
Сан мәртебе алдаса да өзіңді.
Тағдырыңды еш уақытта жазғырма,
Тіпті, кейде болса да әзәзіл азғырған, — дейтұғын өлең жолдарынан –ақ шалқар шабытты жанның өмірге деген таным-түсінігінің биіктігі мен теңеулі сөз қолданысы өз заманындағы ақындардың алдыңғы қатарында болғанына ешбір күмән қалдырмайды. «Теңеу де өз көркемдік дәрежесімен ерекшеленеді. Бұл зааттың – тақырыптың өзінен туындайды, теңеу дәл келе ме, жоқ жуықтай ма, немесе бір-бірімен тым алшақ екі заттың қосымша кейіптеу арқылы суреткерге тән тәсілмен ұқсастыру –әрбір ақынның шеберлігіне байланысты» деген пікірін әлі күнге не үшін өзекті? Өйткені, шырайлы сөздің бағасы кеміген жоқ.
Қазақта, «Теңеусіз сөз – төрге озбас» деген аталы сөз бар. Теңеу дегеніміз –көркемдеп суреттеушінің затты, құбылысты екінші зат, құбылыспен салыстырып бейнелеуі. Салыстыру үшін үлкен ой теңізінің тереңдігі ләзім. Салыстырудағы мақсат: сөзді тыңдаушыға ұғынықты хәм әсерлі ету. Адам сөйлеуді жылдар бойы дамытады. Ақыл –ойын арттырып толассыз еңбектенбесе, сөзбен тыңдаушысын таңқалдыра алмайды. Сөз қай ғасырда болмасын, маңызды құндылық. Сөзбен сана сергиді, жан рухтанады. Сөзбен адам тәрбиеленеді. Бос мағынасы мен мәні жоқ сөзден адам безеді. Өйткені, сөздің мәнсіздігі – ойдың мәнсіздігінен хабар береді. Мағынасы таяз айтылған сөз оқырманға еш азық бере алмайды. Сөздің әуезділігі мен тереңдігінен ақынның деңгейі айқындалады.
Әл-Фарабидің өлеңдерін ұзақ жылдар зерттеген Немат Келімбетов «Өлеңге деген парасатты қалыптастыру – Әл-Фарабидың негізгі асыл мұраты болғанын бізге жеткен өлеңдері нақтылайды. Философ болған соң әр өлеңінің өз идеясы бар. Идея болған да өлеңдерінен метонимия,синекдоха, қайталауларды кезіктіреміз» деген пікір білдіріп, дара тұлғаның әдебиетте қалдырған ізіне әділ бағасын береді.
Қағаздың түсіп бетіне,
Сызықтай бейне тартылған.
Тап болып, жігер сарқылған,
Кездейсоқ өмір өртіне,
Қайыспай тұрса нар тұлғаң, –деп теңеудің озық үлгісін оқырманына ұсынады.
Тамылжып бал тыныштық
Поэзия — ұлы өнер. Көңілдің төрін нұрға бөлеп, ой бағынан түлеген жарқын сезімдердің сөзге айналуын адам баласы ертеден –ақ асыл өнерге балап келеді. Ізденіп келеді. Өлең адамзатпен бірге дамып, әдебиет аталатын рухани қазына күн сайын жаңа жырлармен толығуда. Өлең әлемі өркендеген соң оның ғылыми зерттелу жағы да өзектілігін жоймайды. Түбі бір түркі халықтарының барлығына тән арда қасиет – өлеңге құмарлық. Сөз өнерінің дамуына Ғылыми зерделеніп, өлеңнің формасы мен мазмұнына баға беріледі.
Ұлы өнердің әліппесін зерделеушілердің бірден-бір ғылыми ізденісте темірқазық санап қолданатын ғылыми еңбек — Әбу-Насыр Әл-Фарабидің «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактаты. Ислам дәуірі әдебиетінің дамуына үлкен бір серпіліс сыйлағаны айқын. 164 трактатының ішіндегі ең халық арасында жиі талқыланып, өлең шығаруға икемі бар азаматтардың сұранысына ие болған трактаттары- «Өлең және ұйқас туралы», «Поэзия өнерінің негіздері туралы трактат». Әуелі сөздің белгілі бір мағынаға ие болуына мән берген ғұлама поэзияның негізі — оймақтай ойлы ой мен сырлы сезімнің асыл сөзбен суретке айналуы екендігін түсіндіруге тырысады. Сөзді күрделендіріп, қисынсыз теңеулерді қолдануға өз қарсылығын трактаттарында бірнеше рет атап көрсетіп, философ араб пен парсы поэзиясы, грек поэзиясын жете зертеуінде поэзия өнеріне байланысты үлкен тұжырымды ұсынады. Олар:
Трагедия; Дифирамбы; Комедия; Ямб; Драма; Эпос; Диаграмма; Сатира; Поэма; Эпика; Риторика; Амфигеноссос (космогония); Акустика.
Бұл өнердің негізгі жанрларына қысқаша түсіндірме береді. Трагедияның арнайы өлшемге ие болып, тыңдаушы мен айтушыға жан рахатын сыйлайтын поэзияның түрі ретінде пайымдайды. Грек поэзиясындағы трагедияның сипатының біршама өзгеше болғанын да ерекшелеп көрсетеді. Трагедиялық өлеңдердің патша өлгенде қайғылы сарында марқұмды жоқтауға арналатынын баяндаса, дифирамбы — трагедиядан екі есе артық өлшемге ие мақтауға, мадаққа құрылған белгілі бір оқиға құрылған ізгі істер суреттелсе, комедияның келеңсіз жайлар, жеке адам баласының қоғамға тұрпайы саналатын мінез құлқы сөзбен келемежделетін өнер түрі екенін ерекше екпінмен түсіндіреді.
Ямб — жалпы қоғамға бетпе- бет келіп отырған жағымды-жағымсыз оқиғалар арқау болатын өзіндік өлшемі бар жыр түрі. Ямбтың қазіргі мақалдар сияқты ойы анық, жалпыға бірдей түсінікті берілетінін атай отырып, поззия туралы сөз қозғағанда жиі ақындардың айтып жүргеніндей тайталас , ашу мен беймаза тұстарда ішкі жан толғанысын ортаға шығаруға мүмкіндік беретініне бірнеше дәлелдер келтіреді.
Бүгінгі күні де трагедиялық шығармалардың негізгі мазмұны — қайғы мен қасіретке құралып, адам өмірінің арпалысқа толы сәттерін суреттеу болса, драмалық өлеңдерге жеке есімдерге қатысты мақалдар мен қанатты сөздер, эпостық өлеңдерге басқа өлең түрлерінен қанық бояулы сөздер мен эмоциялық күшті күй сыйлайтын өлеңдер жатса, диаграмманы заң шығарушылар адам жанын күтетін бақытсыздық пен әділеттілік өлең арқауына айналса, эпика мен риторика — ел басқару мен заңның үстемдігі жырланатын өлең түрі болса, сатира — музыкантар ойынан туған сан алуан қимыл-қозғалысты қажет ететін әнге лайықталатын өлең, поэма — сұлулық пен тұрпайылық, жүйелілік пен жүйесіздікті толғайтын өлең, амфигеносос — жаратылыс ғылымдарын баяндайтын оқымыстылар баяндайтын өлеңдер, акустика — музыка өнеріне баулитын өлең түрі ретінде ғылыми түйіндеме ұсынады.
Бұл ғылыми түйіндеменің маңызы сол — әрбір өлең түріне қысқаша мысалдар беруінде. Әрі ақындарды үш топқа бөледі. Әр топқа өзінше баға берген ғұлама, бойында табиғи дарын, өлең жазу мен оқуды да игеру, өзгелерге ұқсамайтын теңеулер құрумен бірге үнемі ізденістен айнмауы арқылы ғана ақын бола алатынын сөз етеді. Ақын идеяшыл болмаса, өлең толық жүректерге жол таппайды.
Әл-Фараби сөз өнері жақсы дамыған грек, шығыс халықтары әдебиетіне қарағанда арабтар өлеңдеріндегі бәйіттердің жазылу жайына үлкен мән береді. Бәйіт дегеніміз — араб өлеңдеріндегі екі жол.
Араб ақындары осы екі соңғы жағына баса назар салатынын айта келіп, араб бәйіттері белгілі өлшемдегі шектеулі сөздерінің әсерінен өз оқырманына оқылуға жеңіл болатынын баяндап, грек өлеңдері мен араб өлеңдерінің айырмашылығын талдап көрсетеді.
«Тағы біздің айтпағымыз, осы өнер иелері мен (ойды) безеуші суретшінің өнерінің арасында қандай да бір байланыс бар. Осы екеуінің өнеріндегі қаруы әртүрлі болғанымен де, түрде, жаратылыс һәм мақсаттарында бір -біріне сәйкес мақсаттарында бір-біріне деген сәйкестік, ұйқастық бар. Оның мәнісі мынада, өлең өрнегін безейтін нәрселер — сөздер болса, суретшілердің өнерін безейтін нәрсе — бояулар. Осылардың арасында айырмашылық бар, алайда екеуі де адамдардың қиялы мен сезімін бір мақсатқа -еліктеуге жетелейді», -деп өлеңнің басты шарты — сөзбен сурет салу екенін меңзейді. Сонымен бірге өнер еш уақытта жалқы жүрмейтінін бір-бірімен сабақтасу арқылы адамзатқа пайда беретіні жайлы өзекті де, өткір пікірін ортаға салады. Поэзиядағы суреткерлік — ақынның оқырманының көңілін тербеудегі басты кілт. Жай ғана адамның ғұмырын ағып жатқан өзенді бейнелеу арқылы жеткізуге де суреткерлік шеберлікке жатады.
Әл-Фараби өлең теориясын жете білуі арқасында тамаша өлеңдер жазып, өзінің ой кемелдігін, мөлдір сезімнің иесі болғанын жаһанға айғақтайды.
Қашықтасың, туған жер -қалың елім,
Не бір жүйрік болдырған жарау деген,
Шаршадым мен, қанатым талды менің,
Шаныт жолға сарылып қарауменен, -деп толғанған ақын жүректің толғанысынан бір ғұмыр бойғы сағыныштың азабы көрінеді. Бүгінгі ақындардың элегиялық өлеңдерімен өте ұқсас.
Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, жаратқан неткен көп ақымағың,
Құм секілді тез ысып, тез суынар, -деп азаматттық лириканың озық үлгісін жазып қалдырады. Осы Әл-Фарабидің өлеңі алаш арыстарының көбіне, Абайдың «Қалың елім қазағым», Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаевтың тар қапаста жазған азаматтық лирикасымен тамырлас. Әмбебап ғұламаның өлеңдерінде шалыс ұйқас пен ерікті ұйқас жиі қолданылған. Жоғардағы өлеңдердің дені – кезекті ұйқас. Кезекті ұйқас – әлемдік поэзиядағы тармақтардың соңғы сөздеріндегі үндестіктің а,ә,б, ә болып кезектесіп келуі. Кезекті ұйқас қазақ өлеңіндегі сегіз ұйқастың бірі болып табылады. Ерікті ұйқас – а,ә, б,б, в, в,г, ә,д,ж,г болып соңғы тармақтардың ерікті түрде үндесіп келуі. Ұйқастың мықтылығы – өлеңдегі айтар ойдың әсерлі хәм нақты жетуінің кепілі.
Өлеңді жанына серік еткен ақын жанды халқымыз үшін Әбу Насыр Әл-Фараби қай кезде де ардақты. Осынау ғазиз дүниеге ілім нұрын шашып, соңына өлмес еңбектер қалдырған тұлғаның өлең өлкесіне қосқан еңбегін зерделеу дегеніміз – өлеңге хәм ақынға деген құрметімізді арттырады. Сөз құдіретіне өмірі өлеңнен тұратын халықтың өкілі ретінде тағы бір мәрте тағзым етуге жетелейді. Ғазиз жүректен туған өлеңдер арқылы өмір нұрланады, жан қуаттанады. Бұл – өлеңді өмірдей сүйген ұлы данышпанның адамзатқа қалдырған аманаты. Аманатты ақтау – бүгінгі ұрпақ бізге парыз!
ТОПАНБАЙ Мейірхан Мейрамбекұлы,
Түлкібас аудандық орталықтандырылға кітапханалар жүйесіне қарасты
Тастұмсық ауылдық кітапханасының кітапханашысы,
Ф.ғ.к.аға оқытушы Кайырбекова Ұ. С.
Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің
«қазақ тілі мен әдебиеті» білім бағдарламасының магистранты
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Фараби ББК 83/.Өлең қағидаты-Алматы: 2001. «Жеті жарғы» баспасы 68- б.
2.Келімбетов Немат ББК 83/ Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері.
– Алматы: «Рарирет»баспа компаниясы, 2019.25 0-б.