Заң және тәртіп

ТОҚАЕВ  Қасым-Жомарт Кемелұлы,

Қазақстан Республикасының Президенті.

«Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек.

Тағы да қайталап айтамын: біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз.»

(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,

 экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм»

 атты Қазақстан халқына Жолдауынан.)

      Қазақстан Республикасының Ата Заңы – Конституциямызда адам құқықтары нақты шегенделген.  Ата заңымыз 9 бөлім, 98 – баптан тұрса, оның ІІ – бөлімінің 30 бабы құқыққа арналғанын оқушыларымызға үнемі айтып келеміз. Конституцияның  17-бабында: «1. Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды. 2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды.», — деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Адам құқықтарының сақталуы мен әр бала өзінің құқығын  білуді үйрету, заңсыз әрекеттерге бармауына жол көрсету – ұстаздардың білім беру мен тәрбиедегі негізгі міндеттерінің бірінен саналады. Оқушы  мектепте сабақ кезінде, сабақтан тыс уақытта ата-анасымен бірге болады. Соған қарамастан, оқушалырымызға заң мен тәртіп туралы айта отырып, заң бұзушылыққа барудың, тәртіпке бағынбаудың соңы немен аяқталатынын үнемі жадына салып отырамыз.

Алматы қаласы, №10 мектеп – интернатында оқушыларымыздың тәртіп сақтап, бір-біріне әлімжеттік жасамауына, құқық бұзышылыққа бармауын жіті қадағалап келеді.  Сол себепті, интернат тәрбиеленушілері арасында Заң  және тәртіп тақырыбында әңгімелер, дөңгелек үстел, дебат, пікірсайыс сабақтары, сұрақ-жауап сағаттарын өткізу  арқылы оларға құқықтық тәрбие бере отырып, шәкірттерге бұзақылық пен қылмыстың алдын алуды үйретеміз. Тапсырмалар береміз. Тапсырманы  орындау барысында оқушылар бірқатар деректерді оқиды. Ойын суретке салады. Берілген тапсырма арқылы құқықтық сауаты ашылады, тіл байлығы артады, шығармашылық қабілеті дамиды. Ойын ашық жеткізіп, әр баланың, ересектердің ойланбай, ашумен немесе қасақана жасаған әрекеттерінің салдары қандай болатынымен бөлісе алады.

Өткен аптада 5-6 сынып оқушылар арасында өткен «Заң және тәртіп» атты дөңгелек үстел өткізіп, балалар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі талқыланды. Оқушылардың пікірлерін, ойларын тыңдап, заң – әділеттілік пен тәртіптің тұғыры, заң мен тәртіп – тыныштықтың, яғни адам өмір сүруінің кепілі екенін баспасөз беттерінде жарияланған дүниелер, арнайы дайындалған слайдтар, бейнефильм көрсетілді. Бүгінде, жасы кәмелетке толмаған балалар арасында бір-біріне әлімжеттік жасау, өз-өзіне қол жұмсау, ұрлық жасау, ойланбастан биік үйлерден құлай салу – үйреншікті әдетке айнала бастағаны әрбір ата-ана, ұстаздың жанына батып,  қоғамды ойландыратын оқиғалар.  Дөңгелек үстел барысында 5-6 сынып оқушылары:

—Бап; Құқық дегеніміз не? Құқықтың ерекшеліктері; Құқықтық нормалар; Қылмыстық кодекс; Жаза түрлері; Жасөпірімдердің қылмыстық жауапкершілігі – деген ұғымдармен танысып, қысқаша жауап алды.

Құқық дегеніміз — мемлекет арқылы қамтамасыз етілетін, әділеттілік туралы адамдардың көзқарастарынан көрініс табатын, жалпыға бірдей міндетті нормалардың жиынтығы. [1]Құқық нормасы (лат. norma-үлгі) — құқықтың білдірілу нысаны; қоғамдық қатынас саласындағы сол немесе басқа да мемлекетпен рұқсат етілген жалпы сипаттағы (заң, жарлық, қаулы) міндетті тәртіп. [2]  Халық  қаһарманы Бауыржан Момышұлы атамыз  «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», — деп қалдырған өсиеті  оқушыларымыздың жадында өшпейтін ұран болып қала бермек. Оқушыларға  Қылмыстық Кодекс — бірыңғай, жүйеленген заңнамалық актқылмыстық заң. Қандай қоғамдық қауіпті әрекеттер қылмыс болып есептелетінін анықтайтын және оларды жасағаны үшін жазалауды тағайындайтын қылмыстық заңнамалық акт болып табылатынын [3] мысалдар арқылы айта отырып, қылмыстың кез келген түрі  заңды жазаға тартылатынынан хабардар еттік.  Қылмыстық кодекстің 39-бабында көрсетілген 12 жазаның жетеуі кәмелетке жасы толмағандарға қолданылатын жаза екенін түсіндірдік. [4].

Біздің елімізде адам құқығы – басты құндылық. Оқушыларымыз дөңгелек үстелде барысында тақырыпқа байланысты өздері білетін өмірде естіген, ақпарат құралдарынан оқыған оқиғаларымен бөлісті. Жасөспірімдер арасында жасалған әрбір құқық бұзушылықтың ата-анаға әкелетін зиянын, қаржылық қиыншылықтарды түсінді.  Жаза мен айыппұл туралы мәлімет алды. Біздің елімізде қасақана, абайсызда жасалған қылмыстың өтуі болатынынан хабардар болды. Айталық, балалар ойнап жүріп бірінің аяғынан шалып құлатты делік, құлаған бала міндетті түрде дене жарақатын алады. Сөзге келіп, төбелесті. Қасындағы басқа ұлдар оларды ажыратудың орнына жабылып, оны жерге құлатып, есінен танғанша ұрды. Топтық қылмыс. Ерегесіп, бірінің затын, қалтасындағы ақшасын рұқсатсыз  алғаны — ұрлық. Бір-біріне айдап салу, балалар көре тұра сыныптастары жасаған қылмысты жасырып қалу, дер кезінде хабарламау, затын, ақшасын тартып алу, қорқытып, бопсалау туралы әңгімелеп, салдарына тоқталдық.

Заңға бағынбай тәртіпті сақтамаған жасөспірімнің әр әрекеті, ең алдымен ата-анасының көпшілік, ұжымы алдында абыройын төгетінін, ұятқа қалдыратынын, өз ортасының да балаға деген көзқарасының өзгеретінін, отбасына үлкен материалдық шығын әкелетінін, онымен тоқтамай құқық бұзушылық әрекеттерін жалғастыра берсе, сот арқылы жазаға тартылатынын, осылайша өз өміріне өзі балта шабатынын бір шарамен тоқтатып қалмай, одан жалғастыра бермекпіз. Әрі кейбір сұрақтар негізінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен кеңес ала отырып, ата-анамен бірлесіп, шәкірттеріміздің құқығының бұзылмауын, балалардың құқық бұзбауын қадағалап, тәрбиелей береміз.

КУЛБАЕВА Кулзира Есимовна,

БАЙБОРИНОВА Гулнар Жанысбаевна,

Алматы қаласы №10 мектеп-интернаты

Дереккөзі: [1] [2] [3]   «Wikipedia» ашық энцеклопедиясы;

[4]   «Инфоурок» 14.02. 2018 жыл