Интернат — өмір мектебі
Интернаттар әлемде бірнеше ғасырлар бұрын пайда болды. Алғашқы интернаттар шіркеулер мен қайырымдылық ұйымдары жанынан ашылып, жетім қалған немесе тұрмысы нашар балаларға баспана, білім мен тәрбие беруді мақсат етті. Кейінірек мемлекеттер балаларға толыққанды білім беретін арнайы интернаттарды ұйымдастыра бастады. Кеңес Одағы кезінде интернаттар кең таралып, көптеген балалар ауылдық жерлерден қалалардағы мектеп-интернаттарға оқуға жіберілді.
«Интернат» — сөзі латын тіліндегі «internus» (ішкі, ішіндегі) сөзінен шыққан. Бұл термин алғаш рет Еуропада XVIII-XIX ғасырларда қолданылды және ол мектеп-интернаттарда оқушылардың тұрып, білім алуын білдірді.
Ал елімізде интернатқа ұқсас мекемелердің алғашқылары XIX ғасырда ашыла бастады. Қазақтың ұлы ағартушылары Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы және басқа да зиялылар білім алуға жағдай жасауға үлкен үлес қосты. Ы. Алтынсарин — қазақ даласында ең алғашқы мектеп-интернаттарын ашып, негізін қалады. Ол 1864 жылы Торғайда тұңғыш қазақ мектебін ашты.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін интернат жүйесі біршама өзгерістерге ұшырады. Мемлекеттік мектеп-интернаттардың саны азайды, бірақ олардың орнына Дарын мектептері, Зияткерлік мектептер (НЗМ), мамандандырылған білім беру интернаттары (әскери, спорттық, өнер бағытындағы) пайда болды. Елеміздің әр ауылы, ауданынан білімін тереңдетіп, бір пәнге болашақ мамандығы үшін машықтануға келген балалар тек сабақ оқып қана қоймай, жаңа достар тауып, өмірге бейімделеді Интернатта балалар әрдайым бірге жүреді, бірге тамақтанады, сабақ оқиды және демалады. Бұл олардың ұжыммен жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады және достық қарым-қатынастарын нығайтады.
«Өмірде өзіне толық жауапкершілік алған адам ғана жетістікке жете алады», демекші интернат өз өміріңе өзің жауапты екеніңді ерте жастан түсіндіреді. Әрине, ата-анасының жанында өскен балалар көп жағдайда тұрмыстық қиындықтарды сезінбейді. Ал интернатта оқушылар өз киімдерін жуып, өзінің жеке мәселелерін өзі шешуге, істерін өздері атқаруға дағдыланады. Және көптеген интернатта балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалады. Олар сабақтан тыс уақытта спортпен айналысып, шығармашылық үйірмелерге қатысып, түрлі мамандықтармен таныса алады.
Интернаттағы өмір – әр бала әр түрлі әсер етеді. Кейбіреулер үшін интернаттағы өмір – үлкен мүмкіндік, ал енді біреулер үшін қиындықтарға толы болуы мүмкін. Дегенмен, интернат балаға дербестік, жауапкершілік, тәртіп және достық қарым-қатынас секілді өмірлік маңызы зор қасиеттерді үйретеді. Егер балалар дұрыс бағытта тәрбиеленсе, интернат олардың болашағына жарқын әсер қалдыра алады. Бұл жердегі орта олардың тұлғалық қасиеттерін дамытып, алдағы өмірде кездесетін сынақтарға төтеп беруді үйретеді.
Интернаттағы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, қиындықтарды жеңе білген бала, өз болашағынаың іргетасын нық қалайды!
ТҰРЛЫБАЙ Нұртілеу,
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға
арналған қазақ тілі мен әдебиетінтереңдете оқытатын орта
мектеп-интернатының 11 «Б» сынып оқушысы.
Алматы