Ерекше бала – ертеңгі дана
Ерекше білім беру қажеттілігі (ЕБҚ) — бұл көптеген дамыған елдерде кеңінен таралған түсінік. Себебі, инклюзивті білім берудің принципіне қарар болсақ, әр оқушы жемісті білім алуы үшін барлық жағдайларды жасауға мектептің назары аударылады.
Инклюзивті білім — әрбір оқушының мүмкіндіктеріне қарамастан, олардың ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыратын сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету процесін білдіреді.
Инклюзивті білім беру – әрбір оқушының білім алу мүмкіндігіне және жеке қажеттіліктеріне сәйкес білім алу құқығына ие деген идеяға негізделген.
Мақала арқауы болып отырған арнайы және инклюзивті білім беру- халықаралық және отандық заңнамада нақтыланған. «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында», «БҰҰ Бала құқығы туралы конвенциясында», «Баршаға арналған білім туралы Дүниежүзілік декларацияда» қорғансыз жандарға мемлекет пен қоғам тарапынан қол ұшын беру, ынта -ықылас, жәрдем көрсету мәселелері нақтыланған, «Білім туралы»ҚР заңымен кепілдендірілген.
Осы заңнамаларға сәйкес «Балалардың түрлі білім беру және оқыту бағдарламаларына, байыпты білім беру ресурстары мен технологияларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету» идеясын негізге ала отырып, ауылымыздағы Жұмашев Болат Рысқұлұлы басқарып отырған Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінде 2020 жылы қазан айында «Психологиялық – педагогикалық түзету кабинеті» ашылған болатын.
Мақсаты: «ЕББҚ оқушылардың қиындықтарын анықтауда дұрыс диагностика жүргізу ,оларды табысты және нәтижелі оқытуға, ал болашақта әлеуметтік ортаға бейімделіп кетуіне жағдай жасай отырып, ерекше білімді қажет ететін балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу,олардың өздерін болашақта қоғамның толыққанды тұлғасы болуға жағдай туғызу».
Арнайы жұмсақ төсеніштер, терапевтік доптар, массаж- кілемшелер, шарикті бассейн, құм- тақта тб құралдармен жабдықталған оқу кабинетінде мектеп бойынша әртүрлі жастағы 5 оқушы аптасына 2 күн, әр маманмен 45 минут жұмыс жасайды. Арнайы дипломымен , жоғарғы оқу орнын бітірген психолог , дефектолог, логопед, әлеуметтік педагог сынды мамандар әр баланың ерекшелігін ескере отырып, түрлі жаттығулар жасайды, тапсырмалар орындатады, ойындар ойнатады, бірге кітап оқып, бірге есеп шығарады. Бейімдіктеріне қарай түрлі байқауларға да қатыстырып, жүлделі орындар да иеленіп жатады.
Оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатып, мектептен тыс уақыттағы іс -әрекеттері мен қызығушылығын да бақылауда ұстап отырады.
Мектеп басшылығының бақылауымен мектептегі басқа пән мұғалімдері де өз кезегінде курстан өтіп, сертификатталған. Яғни пән мұғалімдері өз сабақтарында әр ерекше балаға лайықтап ерекше оқу бағдарламасын жасайды, сонда айрықша әдістеме көмегімен сабақтарда сыныптастары алып жатқан білімді ерекше бала да ала алады.
Осындай ынтымақтастықта әр ерекше баланың жүрегіне жол тауып, қолдау көрсетіп жүрген ерекше жандар — нағыз «Ұстаз» деген атқа лайықсыздар дегім келеді!
КӨШЕНОВА Қымбат Ермекқызы,
Қарағанды облысы, Шет ауданы,
Жұмыскер ауылы, Абай атындағы ЖББМ,
бастауыш сынып мұғалімі