Түсімде көрдім, Абай жолын

Есімі әсер етті ме әлде өзі ме, әйтеуір осы мектепке келгелі менің армандар тізімім толыға бастады. Соның бірі: Абайды өңімде көрмесем де, түсімде көрсем, үн қатпаса да жүзіне үңілсем деген үміт.
Бірде ақын Шәміл Тимурланұлы ұлы тұлғаның түсіне кіргені туралы өлең шумақтарын жазып еді. Біршама уақыт, қайта-қайта сол өлеңді оқып, тағат таппай тамсанумен болдым. Бір ғана “әттеген-ай” бар. Ол — өлеңде сипатталған түстің өтірік екендігі. Яғни, ақын қиялына ерік берген екен. Бұл шындықты өзім де кейіннен білдім. Соған қарамастан арада біраз уақыт өтіп, ол арманым тіпті есімнен шығып кетіпті…
Өткенде Елсияр Бижанұлының “Алыпқа” атты толғанысын көзім шалып қалды. Тұнып тұрған философия. Сол сәтте бойыма орын тапқызбай ойландырған, орындалмаған қай бір арманым есіме қайта оралды. Дей тұрғанмен, шығыстан шыққан күн батысқа батып, мектептегі қарбалас күндер жалғаса берді.
«Ділмар» клубының мерейтойына дайындықтардың қызу өтіп жүрген кезі. Күнде тың һәм жаңа ойларды да санама түйіп жүрмін. Қаңтардың 31 күні мәжіліс залынан кеш шыққан бойы, асханаға бармай, жолдан жатақханаға бірден кірдім де, күні бойы тыныштықта тұрған төсегіме жатып қалдым. Бөлмедегі қыздардың дауысын құлағым шалып жатқасын ояумын деп ойладым. Сөйтсем қатты ұйқыға бой беріппін.
Түс… Салқын жел ескен тау етегінде серуен құрып жүрмін. Қасымда жақын құрбымның бары анық, бірақ нақты кім екені беймәлім. Күніміздің осылай басталғанына шын ниетпен қуаныштымыз. Терең бойлай аққан судың дыбысы аса естіле қоймайды. Алдымыздан бір үлкен жақсылық күтіп тұрғанын сезіп тұрмыз. Кенет, тау жаңғырығын естідік. Таудың арғы бетінен бізге біреу үн қатты. Кім екенін, не айтқанын біле алмай далмыз. Содан, не керек, тау асып, арғы бетке өтуді ойладық. Қанша көргіміз келсе де көрінбейтін бұлыңғыр бейне алдымызда тұмшалап тұр. Сонда сол бұлыңғыр бейненің артынан ере бердік. Қайда барарымыз, басымызды қай жаққа жетіп соғарымыз белгісіз.
Белгілісі — осы жолмен жүрсек адаспайтынымыз. Алдымыздағы таудай тұлғаның дуалы аузынан елін, жерін ойлаған хақ ер айтатын сөздерді естіп келеміз. “Адасқан көштің атының басын бұруға жараған”, “Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос” деген сынды тармақтар. Біраз уақыттан соң шу үдей түсті. Жан-жағымызға зер салсақ, тек біз емес, барша халық осы адамның артынан еріп келеді екен. Біз өзіміз үшін емес, халық үшін қатты қуандық. Себебі, көптің адаспай, нағыз үлгі тұтар жанның артынан ергенін іштей сездік. Ең қызығы, халық ол кісінің түрін көрмегенмен, дауысына еріп, жүре берді. Бұл ешкімге беймәлім, бәлки шегі жоқ сапар. Бірде әр адамның жолы әр тармаққа бөлінді. Әркім өзіне керек жолаққа түсті де, сапарын жалғастырды. Біз ғылым мен білім жолының аялдамасына келіп тоқтаппыз. Жан-жағымызға қарап, таңырқап тұрмыз. Ұзақ тоқтағанымыз болмас деп, керек жарағымызды алдық та, келешек үшін қызмет етуге жолға аттандық. Ал, таудың арғы жағында біздің балалық шағымыз, ессіз естеліктер, ешкімді ұғына қоймайтын, ешкімге жақпайтын кереғар ойларымыз қалды. Біз кеткен соң, қалған жолаушылардың ішінде алып тұлға сызған жолақтан шығып кеткендер, тіпті, кері қайтқандар да кездесіп жатты. Сөйтсем, ол — әркімнің өз таңдауы бар деген әңгіме екен ғой…
Сол жолда келе жатып, аяғым бірдеңеге шалынды. Құладым деп ойлағаным мұң екен, ұйқымнан оянып кеттім. Жан жағыма қарасам қап-қара бөлме, қыздар мүлгіген тыныштықта ұйықтап жатыр. Менің де қыздарға қосылып ұйықтағым, жаңағы түсті жалғастырғым келді. Себебі, ол жол қай жаққа апарады? Неге ол жолды таңдадық? Неге басқалары ол жолдан шығып кетті? Сұрақтарға жауап іздедім. Осындай ойлардың жетегінде жаттым. Ал, түсімде көрген көсем, Абай екендігі айдан анық еді. Оны да топшылап үлгердім. Ендігі уайымым, халық сол жолдан айнымаса екен, Абайды түсінуге тырысса екен, тым болмағанда Абайдай болуға ұмтылса екен деп тіледім.
Келесі күні көзімді тырналап, жылы көрпемді төсекке әрең қиып тастап кеттім…
Гүлшат ДОСКЕНҚЫЗЫ,
жазба авторы:
Абай атындағы мектеп-интернаттың
10-сынып оқушысы, “Ділмар” үйірмесінің мүшесі.
Сурет: Шедеврум