«Ғылымға арналған ғұмыр»

Адамзат баласының елу мың жылдық  арғы тарихына бойлап, байырғы

жаһандық тұлғалар өмірін суреттеп, ежелгі  дамыған өркениет­тердің ғажайып құпиясын

бүгінгі күнге жеткізген бірегей зерттеуші.

(М.Жылқыбаева еңбектерін зерт­теуші

 қаламгер Болат Шарахымбай)

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен №47 жалпы білім беретін орта мектебінде ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Мағрипа Жылқыбаеваның 80 жылдығына арналған «Ғылымға арналған ғұмыр» атты ақпараттық сағат өтті. Шараға мектеп оқушылары қатысты. Шара барысында Мағрипа Жылқыбаева туралы бейнежазба көрсетілді және оның Есік қорғанынан табылған Алтын адам туралы зерттеу жұмыстары туралы ақпарттар айтылды, сонымен қатар тарих тақырыбында Кахут ойыны ойнатылып оқушылар белсене атсалысты. Шара соңында тарих пәнінің мұғалімі Жетпісбаева Майра Ыхсанқызы сөз сөйлеп қорытындылады.

Енді Мағрипа Жылқыбаева ол кім? Бірі білсе, бірі білмес, сол себептен Мағрипа Жылқыбаеваның қысқаша өмірі мен еңбектеріне тоқталып өтейін.

Мағрипа Жылқыбаева – ол адамзаттың көне тарихына терең бойлап, көптеген тұлғалардың өмірін зерттеп, ежелгі өркениеттердің ғажайып құпиясын бүгінге жеткізген тарихи тұлға. Мағрипа Шөжеғұлқызы Жылқыбаева (13.04.1945-24.02.2019) 1945 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент. Алтын адамның күміс зереншесіндегі жазудың шифрын ашқан ғалым. Мағрипа 1964 жылы Жамбыл ауылындағы мектепті медальмен бітірген алғашқы үздік түлек болған. 1969 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін тәмамдаған. Мағрипа Жылқыбаева — оптикалық кристалдарға радиацияның әсері деген тақырыпта зерттелген диссертациясын 1981 жылы Томск мемлекеттік университеті, Сібір физика-техникалық институында қорғап, «физика-математика ғылымдарының кандидаты» деген атақ алған. Осы ғылыми еңбек қорғалған кезден бергі уақыт аралығында В.А.Федоров, Т.Н.Плужникова, Р.А.Кириллов, О.П.Матвеева, И.В.Нефедова т.б. жаратылыстану  салаларындағы  ғалымдар Мағрипа Жылқыбаеваның еңбегі негізінде зерттеулер жүргізіп, өздерінің ғылыми жұмыстарына, диссертацияларына ғалым еңбегін арқау еткен. 1991 жылы 29 қарашада Москвада Мағрипа Жылқыбаеваға физикадан «доцент» ғылыми атағы берілді. Жалпы Мағрипа Жылқыбаева әлемдегі тұңғыш қазақ әйел ғалым болып саналады.

Есік қорғанынан табылған Алтын адам

Мағрипа Жылқыбаева – Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуларын 30 жыл зерттеп, құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан әлемдегі тұңғыш физик. 1989 жылдан бастап Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбасын оптика ілімі арқылы зерттеумен айналысқан ғалым еліміздегі және шет елдердегі 1000-нан астам жартас жазуларының, көне каллиграфиялық суреттердің шифрын ашқан. Көне заман жәдігерлеріндегі шифрлы жазуларды кванттық оптиканың көмегімен оқу əдісі – Мағрипа Жылқыбаеваға тиесілі. Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуларын зерттеушілер бұған дейін де болған. Бірақ күміс зереншеге бедерленген 26 таңбаның әлемдік деңгейдегі маңызы зор мұра екендігін ғылыми тұрғыда дәлелдеген ғалым біреу. Ол – Мағрипа Жылқыбаева. Есік қорғанынан табылған Алтын адамның құпиясын ашу үшін ғалым отыз жыл уақытын сарп еткендігін, адамзат баласы үшін аса құнды мәліметтердің бәрін Алтын адамның жанынан шыққан күміс зереншедегі жазудан алғанын, зерттеу жұмыстары кезінде көптеген ғылыми тәсілдер қолданылғаны жөніндегі ақпараттарды Мағрипа Жылқыбаева өзінің үш томдық кітабының «Алтын адамның мұрасы» және «Алтын адамның аманаты» деп аталатын 2, 3-ші кітаптарына жазып қалдырған. Мағрипа Жылқыбаева – Алтын адамның тостағандағы жазуын фундаменталды тұрғыда ғылыми әдіспен зерттеген жалғыз ғалым. Күміс тостағанның қорғаннан шыққанына 50 жыл болса, Мағрипа Шөжеғұлқызы соның 30 жылын таңбаларды зерттеп, мәнін қағазға түсірумен болған. Ғалым 26 таңбадан үш томдық мәтін шығарған. Одан да ары тереңдеп, бұл таңбалардың 49 қабаты бар екенін анықтап, жаратылыс­тану, гуманитария ғылымдарына керекті орасан мол мәлімет шығарды.

Сатира жанрындағы еңбектері

Жазушы жайлы әдебиет сүйер қауым жақсы білуі тиіс. Ең алғаш 1986 жылы бір топ сатирик жазушылардың еңбектері топтастырылған «Қисық шеге» деп аталатын жинаққа Мағрипа Шөжеғұлқызының сықақ әңгімелері мен мысалдары енген. 1993 жылға дейін «Қазақ радиосының» әдеби хабарлар, жастар редакциясы арқылы әдеби, публицистикалық әңгімелері беріліп тұрған. Қазақстан Жазушылар одағының «Найзагер» сатирик қаламгерлер қауымдастығының мүшесі болған ғалым-қаламгердің публицистиканың сатира жанры бойынша жазған шығармалары «Ара», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақстан-Заман», «Қазақстан мұғалімі», т.б. газет-журналдарда басылды, қазір де республикалық ақпарат құралдарының сатира қосымшаларында жариялануда. 2019 жылы «Мерей» баспасынан М.Жылқыбаеваның «Жалғасы бар ұтыс» деп аталатын сатиралық шығармалар жинағы жарық көрді.

Құпия күш құдіреті — Жамбыл

Жуырда ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың көпшілікке беймәлім болып келген қабілеттері жайында ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізіп, ақынның көзін көрген ақсақалдардан дәйекті деректерді қағазға түсіріп, ол мәліметтерді ғылыми тұрғыда сараптап, терең зерделеген ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Мағрипа Шөжеғұлқызы Жылқыбаеваның (1945-2019) «Жамбылдың жұмбақ әлемі» деп аталатын еңбегі «Evo Press» баспасынан жарық көрді. Ғалымның қолжазбасын жүйелеп баспаға ұсынған Мағрипа Жылқыбаеваның қызы Шарафат Жылқыбаеваның айтуынша, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен  жарық көрген бұл кітап Жамбыл жыраудың жалпыға айтылмай келген белгісіз қырларын көрсетуге арналған. Өмірінің бар болғаны кейінгі 10 жылында ғана мемлекеттік қамқорлыққа алынған ақынның одан бұрынғы сексен-тоқсан жылдық өмірі жұртшылыққа белгісіз боп келгені мәлім. Кітап авторы кезінде Жамбыл өмірімен байланысты құнды мәліметтерді оның көзін көріп, дәмдес болған  қариялардан  жазып алып, Қазан төңкерісіне дейін Жамбыл ақынмен жиі араласқан кісілердің айтқандарын қағазға түсірген. Ғалымның мақсаты — Жамбылмен замандас ақсақалдардың айтқандарын саралап, ұлы жыраудың осы  кезге дейін танылмай келген қырларынан оқырманды хабардар ету. Жамбыл жыраудың өміріне көңіл аударып, 50 жыл бойы зерттеу барысында қоршаған дүниедегі тылсым күштердің осы кезге дейін ашылмай келген сырларын ұғуға мүмкіндік туғанын жеткізген кітап авторы ақын өмірге келген аймақ пен оның жүріп өткен жолдары, үлкен ортасы адамзат өміріндегі дүние тарихымен байланысты екенін түсіндіреді. 1993 жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан «Қазақ бақсы-балгерлері» деп аталатын жинаққа ғалымның Жамбылдың ерекше қабілеті жайында жазылған «Құпия күш құдіреті» деп аталатын мақаласы енген.

Кеңес Үкіметі кезеңіндегі қазақ тілінің қалыптасуына қосқан үлесі

Мағрипа Жылқыбаева 1991 жылдары халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі болған. Кеңес Үкіметі кезінен бастап елімізде қазақ тілінің өркен жаюы үшін тер төгіп еңбек еткен қайраткердің бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматы қаласындағы №128 орыс мектебінің таза қазақ мектебі болуы үшін ата-аналарды ұйымдастырып, тиісті мекемелерге хаттар жазып, мемлекеттік тіл іргесінің беріктенуіне үлес қосқан ғалым. Қазақ тілі отаршылдық идеологияның ықпалында болған кезеңде Мағрипа Жылқыбаева В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында декан орынбасары қызметін атқара жүріп, аталмыш оқу орнында қазақтың атақты ақын-жазушыларымен студенттердің шығармашылық кездесулерін жиі-жиі ұйымдастырып тұрған, ондағы мақсат қазақтың әдебиетін, тілін, ақын-жазушыларын кейінгі ұрпаққа таныстыру, саналы ұрпақтың қалыптасуына ықпал ету.

Мағрипа Жылқыбаева туралы аз-кем ақпаратпен таныстырып өттім деген үміттемін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығара келе айтарым саналы ғұмырын қазақ ғылымына арнаған ғалымның атын өшірмей, кейінгі ұрпаққа айта жүру біз кітапханашылар мен тарихшылардың, физиктердің басты міндеті деп білемін. Өскелең ұрпақтан тағы бір елінің тарихына қызығатын ғалым шығып, біз білмеген әлі талай тарих беттерінің құпиялары анықталады деген үміттемін. Тарихымызды біліп, саралап, санамызға сақтап жүрейік.

Гүлнұр Ихсанғалиева,

Сағи Жиенбаев атындағы  облыстық жасөспірімдер

                                                                               кітапханасының библиографы.

Ақтөбе қаласы.