«Мен қазақ қыздарына қайран қалам»

Қазақ қоғамында қыз бала – тек отбасының мүшесі ғана емес, ұлттың ары мен абыройының символы. Ата-бабаларымыз ежелден қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән беріп, оның бойындағы адамгершілік пен сұлулықты, парасаттылық пен инабаттылықты жоғары бағалаған. Қыз баланың тәрбиесі – бір ғана отбасының емес, тұтас елдің мәдениеті мен рухани деңгейінің көрсеткіші ретінде қарастырылған. Сондықтан да қазақ халқында «Қыз өссе – елдің көркі» деп, қыз баланың болмысын әдемілік пен тәрбие ұғымымен қатар қойып, үлкен жауапкершілік артқан.

Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы

Қыз баланың тәрбиесі – ұлттың болашағына салынған іргетас. Өйткені ол – болашақ ана. Ана – тәрбиеші. Ана – ұлтты тәрбиелейтін негізгі тұлға. Осы тұрғыдан алғанда, әр қазақ қызы – болашақтың сәулесін жарық ететін шамшырақ. Оның бойында тек сұлулық емес, терең парасат, сабырлылық пен кеңдік, инабаттылық пен ізгілік сияқты ұлттық құндылықтар тоғысуы керек.

Белгілі қазақ ақыны, лирик, драматург Исраил Сапарбай.

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жанары жаны жаздай жайраңдаған…»

деген жолдары – осы асыл қасиеттерге толы қыз бейнесін поэтикалық тұрғыдан бейнелеу. Ақынның таңданысы – сыртқы сұлулыққа емес, жан дүниесінің мейіріміне, мейірбан нұрына бағытталған. Бұл сөздер – ішкі тәрбиенің сыртқы болмысқа қалай көрініс беретінінің дәлелі.

Қыз тәрбиесінің бастауы – отбасында. Бойжеткеннің сөйлеу мәнері, киім киісі, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті – оның алған тәрбиесінің айнасы. Осындай ұлттық қалыпта тәрбиеленген қыз ғана қоғамға, отбасына, ұлтқа шын мәнінде пайда әкеледі.

Қазақ қызы – мәдениет пен руханияттың айнасы

Қазақ қызы – ұлттың мәдени бейнесі. Оның бойындағы рухани тазалық пен жүріс-тұрысындағы әдептілік – халқымыздың ұлттық дүниетанымының көрінісі. Халық арасында кең тараған аңыз-ертегілер, батырлар жыры мен дастандарда кездесетін қыз бейнелері – елдің ар-намысын қорғаған, ақылымен, ерлігімен ерекшеленген дара тұлғалар.

Осы тұрғыда ақын былай дейді:

«Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,

Көрінер туған айдай жүзі жарқын…»

Мұндағы «қызыл алтын» – аса қымбат, жоғалса орны толмас асыл заттың символы. Бұл теңеу арқылы ақын қыз баланың тек жан сұлулығын ғана емес, оның ұлттық құндылықтар жүйесіндегі ерекше орнын да атап көрсетеді. Ал «туған айдай» бейнесі – қыздың жүзіне, болмысына тән тазалықты, нұрлылықты паш етеді.

Бүгінде де осы сипаттарды бойына сіңірген қыздарымыз – еліміздің әр саласында жетістіктерге жетіп отыр. Олар ғылым мен техникада, білім мен денсаулық сақтау саласында, мәдениет пен спортта алдыңғы қатарда. Алайда олардың жетістігі – ұлттық болмысымен ұштасқанда ғана мағыналы.

Қорытынды:

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген бір ауыз сөздің ар жағында – ұлттық тәрбие, рухани тазалық, моральдық биіктік жатыр. Ақын бұл сөздерімен барша ұлтқа үлгі болатын қыз бейнесін сипаттап отыр. Оның жыры арқылы біз қазақ қызының көркем бейнесін ғана емес, ұлттық тәрбиенің терең философиясын сезінеміз.

Қазақ қызы – аналық мейірімімен де, парасатымен де, жан сұлулығымен де елдің рухани тірегі. Ұлттың болашағы тәрбиелі қыздардың қолында. Сол себепті біз оларға әрдайым қайран қалып, қолдау білдіруіміз керек.

УЗАКБАЙ  Арайлым  Серікбайқызы,

КурсANT SCHOOL

Алматы облысы, Карасай ауданы.

Суретті түсірген-Мақсат Шағырбаев, https://photooner.kz