ШАПАҒАТ

Жәкеш Ділманов ағаға
1. Жәкеш Ділманов ұзақ жылдар (1958 -1964 жылдары) «Социалистік Қазақстан — Egemen Qazaqstan» газетінің
штаттан тыс тілшісі болған.
І.Қапыда көз жазып қап ата-анамнан,
Қайғының құшағында қапаланғам,
Мұнартып жүрер жолым, келер күнім,
Ерте-кеш мейірімге қаталағам.
*…Қалтамда көк тиын жоқ мен бейбақтың,
Көшесін кезіп қала келе жаттым.
Бұрышта қарсы алдымнан ұшырасты,
Түрімді көріп бірден елең қақты.
*Сұрады хал-жайымды тоқтатып ап,
Қызардым өртенердей отқа құлап.
– Қарағым, қысылмағын, сырыңды айт,
Жүрегім қуаныштан соқты тулап.
*– Келіп ем оқу іздеп мен қалаға,
Вокзалға шықтым түнде қонып, аға.
Ойланып қабақ шытып, деді кенет:
– Қамықпа, болады екен жолың, бала.
*Лезде жадырасып, ұғысып жай,
Үйіне ертіп барды туысындай.
– Міне, төр, міне, жеңгең. – Таныстырды,
Көңілім ұшты биік жыл құсындай…
ІІ.Еншіме тиді шеткі жеке бөлме,
Алаңсыз ердім арман жетегіне.
Кітаптан бас алмадым ертелі-кеш,
Деп, шіркін, еңбек зая кетеді ме?
*Кеудеме Алатаудай сенім қонып,
Студент атандым мен жолым болып.
Құшақтап Жәкеш аға шөп-шөп сүйді,
– Жарайсың, – деп күлімдеп көңлі толып.
ІІІ.…Жәкеңді ұмыта алман тіршілікте,
Еске алам қуанып та, күрсініп те.
Білмейтін жабырқауды, жатырқауды,
Жан еді тұғыр болған жыршы үмітке.
*Ұшатын көңіл құсы самғап биік,
Бойға сәби мінезін алған жиып.
Шешіліп сөйлемейтін өздігінен,
Ойлаушы ем деп те кейде: «Жан ба тұйық».
*Таза еді көңілінің күміс көгі,
Бірге еді туған елмен тыныс демі.
Қорғасын заводында Шымкенттегі,
Кәдімгі қарапайым жұмысшы еді.
*Ән шырқап, домбырамен күйлер шертіп,
Алушы еді жұрттың тез билеп еркін.
Сабырлы, асықпайтын барлық кезде,
Өзінен көп еді өнер үйренетін.
*Құмары қызыл жалын атқа деген,
Оқитын қолын сермеп жатқа да өлең.
Тілші еді штаттан тыс/, сонау жылы,
Шымкентке келген көшіп Ақтөбеден.
*Бірде мен қарттарға ұқсап төрге құмар,
Қызықтап жұмыс орнын көргенім бар.
Көлбеңдеп темір қалпақ, темір көсеу,
Жамылған бозғыл будан перде мұнар.
*Дегендей толғана біл сыр аңғарып,
Сұр өзен жатты ағып бұраң қағып.
Қайратына сүйсіндім жан ағаның,
Қияға қонғандайын қыран барып.
*Кезі ме тарқатылар сыр бұрымы,
Кеудемде сол көрініс жүр дірілі.
Қазір де қаз қалпында елестейді,
Сабырлы қой көздері, қыр мұрыны.
*…Өтті ерте кеудеме мұң, сыр тапсырып.
Жасай да алмадым мен бір жақсылық.
Көңілім құлазиды өкініштен,
Даладай жылдардағы құрғақшылық.
*Ақсары жүзін әжім шимайлаған,
Еске алсам, кең бөлмеме сыймай қалам.
Қол бұлғап ту сыртымнан ақ жол тілеп,
Тұрғандай қарап әлі қимай маған…
ІҮ.Ырзамын сізге мәңгі, тарлан ағам,
Аққудай сыйладыңыз арман маған.
Ақ ниет жандарға әр кез қорған болып,
Жек көрген жағымпазды жарбаңдаған.
*Секілді әр сөзіңіз ар қамалы,
Күрессіз, сірә, өмірдің бар ма мәні.
Әлдилеп өсірген бе сізді, шіркін,
Халқымның қиял әні, арман әні.
*Сын кезде берілмеген мұң-налаға,
Толқыдым сырыңызды тыңдап, аға.
Сырдария өзенін елестеттім,
Бет алған күндіз-түні құм далаға…
ЖАН АҒА
Жәкеш Ділманов ағаға
Жан аға, күн секілді,
Ұмытпан бейнеңізді.
Тұнжырап түн секілді,
Тербетем ой теңізді.
*Сүрініп тегіс жерде,
Тал таппай қарманарға,
Жүр едім еңістерде,
Жетелеп арман алға.
*Тағдырдың отты селі,
Есейтіп кетті мені.
Кеудемді ар-намысым,
Аяусыз тепкіледі.
*Жасытпай жас үмітті,
Ойласам өрлік неткен.
Сіз еткен жақсылықты,
Ұғамын ерлік деп мен.
*Қосылып жүйріктерге,
Өтермін самғауменен.
Көз жетпес биіктерге,
Үмітті жалғауменен.
*Мың алғыс, асыл ағам,
Жақтасы жақсылардың.
Мейірімді сіз сыйлаған,
Ініге тапсырармын…
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ,
«Халықаралық «Алаш» әдеби слығының иегері, бауыржантанушы.
РЕДАКЦИЯДАН: Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 80 жылдығымен ұстазымыз Мамытбек Қалдыбайұлын құттықтап, хабарластым. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – нің журналистика факультетін 1981-1986 жылдары бітірген студенттер қос оқытушыларымыз — Мамытбек Қалдыбайұлы мен Әбулақап Райымбекұлын (1923-2012 жж.) кураторымыз деп мақтанышпен атаймыз. Мамытбек ағай өзінің жастық шағы туралы айта келе мына естелікке оралып, Жәкеш Ділманов есімді қамқор ағаға арнаған өлеңін ұсынды.
—Жәкеш Ділманов ұзақ жылдар (1958 -1964 жылдары) «Социалистік Қазақстан — Egemen Qazaqstan» газетінің штаттан тыс тілшісі болған. Жәкеш аға Ақтөбе облысы, Қобда ауданының азаматы. Білуімше байдың баласы (мұны мен кейін білдім, өзі ешқандай айтқан емес), Шымкент қорғасын заводының ең зиянды цехында жүмыс істеген. Мен жұмыс істеген цехын барып көргем.
Ол кісіге ешқандай жақсылық жасай алмадым. Институтты бітірісімен әскерге кеттім. Әскерден келісімен үйіне іздеп барғанымда, ол кісінің қайтыс болғанын үйдің жаңа иесінен естдім. Жеңгей мен қызы көшіп кеткен. Адресін сұрап едім, білмейтінін айтты. Менің ойым, ұрпағы табылса, ол кісілерге алғысымды білдірсем деймін. Жәкеш ағаның адамгершілігін, ағалық қамқорлығын ешқашан ұмытқан емеспін, — деп «Халықаралық «Алаш» әдеби слығының иегері, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайұлы көкейден кетпей жүрген арманын айтып өтті.