Екі оқиға

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ,

Халықаралық «Алаш» әдеби  сыйлығының иегері, бауыржантанушы

(Жалғасы. Басы 06.05.2025 жылы жарияланды)

   Баукең темекі қалдығын стол шетіндегі күлсалғышқа тастап, сөзін жалғады.

– Солдаттар өлімге көзбе-көз қарап үйренген жандар ғой. Олар кінәсін мойнына ала біледі. Әділетті қаталдығыңа ешуақытта өкпелемейді. Бәрін айт та бірін айт, екі оқиға есіме түсіп отыр. Тыңдағың келсе…

          – Тыңдаймын.

          – Алтыншы Армияның инженерлік әскери бөлім бастығының орынбасары генерал-лейтенант еді. Өзінің штабы, адьютанты, шофері бар.

           Орман шетіндеміз. Солдаттар Балтық теңізіне таяу, ені жиырма екі шақырымдай келетін көлденең кеңістікте қатар түзеп, автоматтарын кезене алға жылжып барады.

          Әлгі генерал-лейтенант жаудан түскен олжаны екі машинаға тиеп, қайтып келе жатады. Оны біздің адамдар көріп, тоқтатады.

          – Машинаға жолатпаймын! – деп шофер қару кезеніп, біздің адамдарға қарсылық білдіреді. Осылай деген маған хабар жетті. Келсем, аға лейтенант автоматын серт үстап тұр. Төңірегінде оншақты адам.

          – Не боп қалды?

          – Осындай да осындай.

          – Кімсіңдер?

          – Пәлен генерал-лейтенанттың – адьютантымын, мен – шоферімін. Сол кісі жұмсап еді.

          – Мен 9-ші дивизияның командирімін. Жолдас аға лейтенант, қаруыңызды тастаңыз!

          Ақылы бар екен, бұйрыққа бағынды. Шофер:

         – Жоқ, мен қоймаға барып өткіземін! – деді  байбалам салып. Міне, тәртіптің бұзылуының бір көрінісі.

          Бір сарбазым артынан кеп, қаруының дүмімен періп кеп жіберді. Шофер құлаған кезде автоматы тырр-р ете қалды. Бір жақсысы, оқтар мені жанай өтті.

           – Ұруды доғар! – Сарбазым кілт тиылды. Аға лейтенантқа қарап:

           – Жолдас аға лейтенант, сіздің де қолыңызды байлауға тура келеді,  – дедім. Байлап, Балтық теңізінің жағасындағы қыстаққа әкелдік. Бір үйдің жертөлесіне түсіріп, он тәулікке қамадық. Белдік, ұстара, тарақ, төсек дегендер берілмейді. Ешкімге жолықтырмайды. Қорегі күніне 250 грамм нан, бір кружка су ғана.

            Он тәуліктік қатаң жазаны жоғары жақ өзгерте алмайды. Заң солай. Екеуін бөлек қамадық. Он тәулік өткен соң:

          – Босатайық, – деп сыртқа шығардық. Екеуі де қу сүйек, сақал-мұрты өсіп кеткен. Киімдері де мәз емес.

          – Сендер жазаларыңды өтедіңдер, – дедім.  – Енді өз бөлімдеріңе барасыңдар.

           – Жолдас полковник, қырынуға рұқсат етіңіз? – деді аға лейтенант.

          – Жоқ.  Бөлімдеріңе барған соң қырынасыңдар!

        Тамақтандырдық. Кішкене автобусымыз болушы еді, соған отырғызып, белдіктерін бердік. Аға лейтенантқа:

           – Генерал-лейтенантқа өзің барып мәлімдейсің, – дедім. Кетті. Ол барып мәлімдейді. Генерал-лейтенант таңғалып, ұяла қызарып:

           – Бұл Момышұлы жолдастың ісі ғой, – десе, сақал-мұрты өсіп, сүмірейіп түрған шофер-солдат:

           – Жоқ, жолдас генерал-лейтенант, бұл Момышұлының емес, сіздің ісіңіз, – депті. Оның  әлгі сөзінде  «сен жұмсамасаң, Момышұлы бізді қамамас еді»  деген әділеттік бар ғой. Ол менен қорлық көрді, атыла жаздады, он күн аш болды. Ал айтқан сөзі анау. Бұл, түсінсең, генерал-лейтенантты тірідей жерлеу ғой.

           Мұны маған автобусымның шофері айтып келді.

          – Әділетті, ақылды солдат екен, – дедім де қойдым.

          Екі-үш ай өтті ме, өтпеді ме, әскери кеңес болып, соған бардым. Кеңес үш күнге созылды. Үзіліс кезінде машинама қарай келе жатсам:

          – Здравия желаем, товарищ полковник, – деді бір солдат. Бұрылып қарасам, мен қамаған шофер-солдат.

           – Халің қалай?

           – Бәрі дұрыс, тек сіздің бізді қырынуға рұқсат етпегеніңізге ренжідім. Соны аға лейтенантқа айтып едім, ол:

           – Сол жазасына да рақмет, әйтпесе ол бізді атар да еді деді, – деп күледі.

           – Менен сәлем айтыңыз, ол жаман офицер емес екен.

       Баукең біраз ойланып:

          – Солдаттың өзі келіп сәлем бергені әділеттілігі, адалдығы ғой. Оны арамдыққа жұмсаған ана генерал-лейтенант, – деді қатулана қабақ түйіп. – Солдаттар әділетті қаталдығыңа кек сақтамайды. Мұндай мысал көп. Белі ауырмай байымақ болған генерал-лейтенантпен күресем деп солдаттарды бұрынғыдан да жақсы көре түскенім бар.

           …Ұрыс жүріп жатыр. Алдыңғы шепке барып бақылап тұрмын. Бір өзен бар еді, кеңдігі үйдей. Соған жетіп тоқтадық та қалдық.

            Немістер судың ар жағына бекініп ап жіберер емес. Сасқалақтап, ой құшағында тұрған едім, әскери трибуналдың бастығы мен прокурор келді. Амандасқан соң, қалың папканы алдыма қойып:

           – Біз екі солдатты ату жазасына кестік. Осыны бекітіңіз, – деді.

           Тәртіп бойынша үкімге дивизия командирі қол қоюы керек.

          – Қалай атқызам? – деп ойланып тұрып қалдым.

          – Сізге түк те болмайды, – деді прокурор. Алара қарадым. Комиссарым Коньков жақсы кісі еді, жасы алпыс үште. Қасымызда ол да тұр.

          – Қалай атпақсыздар? – Прокурор менің мысқылыма түсінбей:

          – Қазір солдаттарды жинап, сап алдында атамыз, – деді.

          – Солдаттар соғысып жатыр ғой.

          – Әр бөлімшеден бір- біреуден әкелейік.

          – Екеуін атам деп жүз солдатты өлтірем бе? ССРО Жоғарғы Советі Президиумының атынан әскери трибунал үкімін бекітпеймін! – дедім мен даусымды қатайтып.

         – Бұл үшін жауап бересіз!

         – Мен үкімді бекітуге де, бекітпеуге де еріктімін. Жазалыларды әкеліңдер!

          Әкелді.

          – Обалы жоқ оңбағандар! Маған сендер емес, үйдегі балалар аянышты. Сатқын ретінде атылсаңдар, олар жұрттың көзіне қалай қарайды?! Қазір белдіктеріңді шешіңдер де, алдыңғы шепке барып соғысыңдар!

          Ұрыс бітті. Екеуі де жақсы соғысыпты. Біреуі өліп, біреуі жарақаттаныпты.. Тірісіне де, өлгеніне де Қызыл Ту орденін бергіздім. Өлгенінің үйіне  «ерлікпен қаза тапты»  деп хат жаздық…

          Баукең  ойға  бата отырып:

          – Солдаттың сырын білсең, жеңіске жетудің жолы біршама айқындала түседі, – деді тұнжырай. – Ол үшін онымен тіл табыс. Сонда ол командирге өз көзқарасын айтады.

          «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» деген мақал бар. Мұны сен кең түсін. Солдат қауымы сыншыл келеді. «Қап, мына жерден командиріміз мүлт кетті-ау» деп ойлайды. Себебі, бірі жараланып, бірі өліп, жеңіліп жатыр. Қайнаудың ішіндегі кісі ғой. «Мына жерде жау мықты екен, бізді мұнда бекер салды» – деп өкінеді. Жеңсе: «Командир жаудың осал жерін біліп алған екен»,  – деп командир қимылына баға береді.

           Тірі қалған солдат жеңілгеніне  «қап!» деп өкінеді. «Іш қазандай қайнайды» деген сол. Командиріне батып ойын айта алмайды. Ал жау «мен бүйтпекпін» деп сыр ашпайды. Соғыс – жатқан жұмбақ. Біздің заманда сыр айтып, ашық соғысу жоқ. Командир байғұс кей кезде дұрыс, кей кезде бұрыс шешеді. Бірде жағдайды дұрыс бағалайды, бірде қателеседі. Бірде жеңіс, бірде жығылыс содан шығады. Бұл екеуінің де  ең ауыртпалығы алдыңғы шептегі солдаттың мойнында, солдаттың иығында.

          Солдаттың бетпе-бет ұрыстағы ең басты командирі – азаматтығы мен патриотизмі. Бетпе-бет ұрыс жағдайында оның өз еркі өзінде. Атам десе, атады, жатам десе, жатады. Оған атқын деуші де, алға жүгір, керек кезінде жата тұр деуші де, – ар-намыс, азаматтық парыз.

          Оның бәрін біз көре білмейміз, жасыратыны жоқ, көргенді түсіне де білмейміз. Ол мүмкін де емес.

          Бұл заманның бетпе-бет ұрысында кімді кім байқайды? Ол оңай ма? Түсінсек, солдат қауымының ниет, ар-намыс бірлігі – бас командир.

           ҰЛЫ МОЙЫНДАУ

  Есікті Баукеңнің өзі ашты. Үйреншікті орнымызға жайғастық.

         – Ал айта бер көрген-білгеніңді.

          Мен Есік қаласында тұратын қарт солдатқа жолыққанымды  әңгімеледім. Тыңдап болған соң:

          – Солдат туралы әркімнің көзқарасы әртүрлі. Оған әркім әртүрлі түсінеді, – деді Баукең салмақты үн қатып. –  Партия солдаты, өнер солдаты дейміз. Мұның мағынасы терең.

         Солдат  –  соғыстың жұмысшы табы.  Петр Бірінші  солдат жақсы болмаса, жоғарыда отырған ақылдылардың ақылы түкке тұрмайтынын түсінген. Сен азаматтық ар-намысыңды біл дегеннен басқа оған берген  шен жоқ. Еңбек озаты, Социалистік Еңбек Ері дейміз ғой. Олардың негізгі қозғаушы күші –  өндірістік көрсеткіш. «Сен жақсы істедің, мына сыйлықты ал, сен нашар еңбек еттің, саған түк бермейміз» дейміз. Әрине, жұмысшыларда, колхозшыларда патриоттық сезім жоқ дей алмаймыз. Алайда оларда материалдық қызығушылық басым.

         Петр Бірінші Армиядағы ең үлкен шен – солдат деген. Оның бұл мойындауы – ұлы мойындау.

(Жалғасы бар).