21 күнде жаңа әдет қалыптастыруға бола ма?

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде «таңғажайып» 21 күн жайлы жиі айтылады. Оған сәйкес адамдар 21 күн үзбей бір істі қайталау арқылы ол істі әдетке айналдыра алады. Бұл түсінікті халықтың миына сіңірген атақты коуч пен мотиваторлар, өзін-өзі дамыту саласындағы мамандар. Осыдан бізде  «21 күнде жаңа әдет қалыптастыру мүмкін бе?» деген сұрақ пайда болды. Әлде бұл жай ғана аңыз ба? Ендеше, осы сұраққа бірге жауап іздеп көрелік.

21-ғасыр- ақпаратқа толы ғасыр. Адамзаттың дамуы барша саланы қамтып, даму үрдісі өзінің шаңына да ілестірмей келе жатқан бұл заманда, расымен де,  мәлімет тым көп.  Ең қызығы,  бұл ұшан-теңіз ақпараттың анық-қанығын көбі біле бермейді. Осы орайда дәлелденбеген деректерге тап болу ғажап емес. Өйткені, әлеуметтік желілерде маман емес әр адамның парақшасы ақпарат көзіне айналды. Нәтижесінде, әр сөзді тұтынушылар ой елегінен өткізіп отыруы тиіс.  21 күн туралы ақпаратты біз де толыққанды қарастыруға міндеттіміз.

Ғаламторда  өзін-өзі дамыту тақырыбы өз өзектілігін жылдам қарқынмен өсіруде. Осы тақырыпқа сәйкес адам ескі әдетпен жаңа өмірге қадам баса алмайды. Яғни, көпшілік қалайтын жақсы өмірге жету үшін күнделікті іс-әрекетті өзгерту керек. Әдет  қалыптастыру – оңай емес болса да мүмкін іс. Тек қана оған керек нәрсе төзімділік пен табандылық.

Міне, осы нәрсені адамдар өзінен емес, сыртқы әлемнен іздейді. Мәселен, «21 күн туралы» контентті. Аталмыш бейнені көрген адамдар өзіне ертеңнен бастап өмірінің жаңа парағын бастаймын деп уәде берсе де,  тек 21 күн емес, талай апта, ай өткеніне қарамастан адамдар бірсарынды өмірін сақтап қалады .

Неге? Себебі, таңертең 5:00-де оянып, спортпен айналысып, одан кейін кітап оқу сияқты әдеттерді қалыптастыру үшін адамға апталар емес, айлар қажет. Сонда бізде 21 күн деген түсінік қайдан қалыптасты деген ой келеді. Бұл түсініктің шығу тарихы 1896 жылы Джордж Стрэттонтың эксперименті мен 1950 жылы пластикалық хирург Максвелл Мальцтің бақылауымен байланысты. Оған сәйкес адам жаңа нәрсеге 21 күнде бейімделеді екен.

Демек, біз 21 күннің ішінде әдетті қалыптастыра аламыз. Дегенімен, бұл жерде адами фактор мен әдеттің күрделілігін ескеруіміз керек. Жалпы, тәжірибелерге сүйенетін болсақ, жаңа әдетті қалыптастыруға 18 күннен 254 күнге дейін уақыт қажет екен. Ал, орта есеппен іс-әрекетті әдетке айналдыру  66 күнді қамтиды.

Қорытындылай келе, ел ауызында жүрген «21 күн» аңыз емес, белгілі бір деңгейде шындық. Дегенімен, бұл әр адам кез-келген әдетті 21 күнде қалыптастыра алады деген сөз емес. Әдет қалыптастыру кем дегенде 3 аптаны алады екен. Жалпы, әдетті қалыптастыру барысы әрқилы. Сондықтан оны бір өлшеммен өлшеу де қиын. Бірақ, бір нәрсеге көзіміз жеткені анық. Әдет қалыптастырам десеңіз, сізге мотивация емес, тәртіп мен шыдамдылық керек.

БАРАТ Гаухар,

Қарағанды облысы, Теміртау қаласы

«10 ЖББМ» КММ 11 «А» сынып оқушысы,

Республикалық «Farabi shakirti» журналы мен

 www.farabishakirti.kz  желілік басылым сайтының Жас тілшісі

кураторы: ЕСЕНҚАБЫЛ  Ақбота Русланқызы

 Дереккөзі:https://jamesclear.com/new-habit https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov

https://en.wikipedia.org/wiki/George_M._Stratton.

Сурет:https://sn.kz/sn-akparat-agyny