«Аздың азаншысы болғанша, көптің қазаншысы бол»

                Суретте: Академик Серік Қирабаев және танымал ақын Шөмішбай Сариев ағалармен

Құрметті    АҚЫШ Нұрдаулет  Бәбиханұлы!

Сізді 75 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Ғұмыр жасыңыз ұзақ, денсаулығыңыз мықты  болып, оқырман сүйіп оқитын жазар шығармаларыңыз толастамасын!

Нұрдаулет А.Б. — Көрнекті жазушы, әдебиетттанушы, ғалым,  филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданынң «Құрметті азаматы», Халықаралық Алаш» сыйлығының лаутеаты.

 Гүлзия ПІРӘЛІ,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, 

«Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д.

Бүгінгі мерейлі мереке күні, әрине, көрнекті қаламгер, талантты сыншы, білікті ғалым, прозашы, әдебиетші, зерттеуші Нұрдәулет Ақыштың сөз өнеріне арналған өмірі мен шығармашылығы жан-жақты және сан-сала бойынша талдануы табиғи заңдылық. Ондай ойлы да танымды туындылар бүгінгі республикалық бүкіл баспасөздерде жарияланып та жатыр. Сондықтан мен бүгін ол кісінің өзім куә болған кісілік қасиеттері мен шығармашылық ерекшеліктері жөнінде ғана сөз қозғасам деймін.

2002 жылдан бастап  ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Тәуелсіздік дәуірі әдебиеті және көркем публицистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері болып еңбек етіп келе жатқан замандас ағамыз, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш туралы ізіне ілесіп келе жатқан  әріптес ретінде өз ілтипатымды білдіргім келеді.

Біріншіден,  Нұрдәулет Ақышты қазақ оқырмандарына таныстырудың қажеті шамалы. Өйткені көзі қарақты қазақ оқырмандары оны сыншы, әдебиетші, қаламгер, қайраткер, ғалым ретінде жақсы таниды. Қазіргі кездегі қайсы бір басылымды қарасаңыз да ол кісі қатыспаған алқалы жиын, түрлі тақырыптағы ғылыми теориялық, халықаралық және республикалық конференциялар, ғылыми дискустар, әдеби кештер, оқырмандармен кездесулер, т.б. күрделі де көкейкесті мәселелер қозғалатын қызу айтыс-тартысты жер жоқ деп батыл айта аласыз. Және жай жүрмейді, барған жерінде ұлтқа қажетті құнды ойларын ортаға салып, жұртқа жағымды, жүрекке жылы сөздерін аямай сөйлеп, сананы сілкіп, ойға түрткі сөздердің туралығын, төрелігін айтып отырады. Алқалы жиындардың тақырыбына сай қай салада болса да сөзден сүрінбей, батыл ойдан үрікпей үн қосады.

Бүгінгі аға буын өкілі  ретінде жастарға жанашырлығын, замандастарына жылы лебізін, көзден кетсе де көңілден кетпейтін қимас аға қаламгерлердің, ұлғатты ұстаздарының өшпес өнегесін бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етуден де еш жалықпайды. Талай биіктерді бағындырып, асқаралы асуға жетсе де жаны жай таппай елдің ертеңі үшін алаң болып, «менің сөзім жетеді-ау» деген жерлерден табылып жүрген жазушы, ғалым, зерттеуші, әдебиетші ағамыздың осынау жанкештілігі, күрескерлігі, қайраткерлігі, белсенділігі кім-кімді де ойландырса керек. Жанына жайлы бап тілеп, жазуға ыңғайлы жағдай жасап тек жазумен айналысуға да оның уақыты да, жігері де, мүмкіндігі де мол. Алайда Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп (1973), республикамыздағы бүкіл оқу орындарының білім басқару, ұлттық білім беру жүйесіне жетекшілік жасайтын Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясында еңбек етіп, кәсіби маман ретінде қалыптасқан педагог, әдебиетші, зерттеуші Нұрдәулет Ақыш бүгінгі оқу жүйелерінде жүріп жатқан кейбір келеңсіз көріністерге көз жұмып қарай алмайды. Қай жерде мектеп, жоғары оқу орындарына қатысты келелі мәселелер көтеріліп, оқу құралдарының сапасы сөз болса сол жерден ол кісі табылады. Қай жерде қазақ тілі мен әдебиетінің тағдыры, еліміздің ертеңі саналған балалар әдебиеті мен прозасының келешегі жөнінде көкейкесті мәселелер қозғалған жерде де ол кісіні міңдетті түрде көресіз. Қазақстан Жазушылар одағының жыл сайын өтетін дәстүрлі жыл қорытындысында да ол кісі белсенді баяндамашы. Және әр жылдары бір тақырыпты таптаурын етіп қайталамайды. Әр жылдары әр жанрда жазып, ортаға салар ойын да, айтар уәжін де, көтерер мәселесін де жаңартып, тың толғаныстарымен көптің көңілінен шығып жатады.

Бір сөзбен айтқанда, ұлт әдебиеті, ана тілі, ұрпақ тәрбиесі, әдебиет мәселелері, ғылымның келешегі оның күнделікті мұң-мұқтажы, ой-арманы, алаңы. Сондай сәттерде есіңе еріксіз «Аздың азаншысы болғанша, көптің қазаншысы бол» деген халық даналығы түседі.

Екіншіден, ұстазын ұлықтағаннан ұтылмаған текті талант екендігі.

Әсіресе оның өзі өнегесін көріп, өсиетін естіген, алдын көріп ақыл кеңесін тыңдаған  ұлағатты ұстаздары мен аға буын ағалары туралы айтса тауыса алмайтын аңыз-әңгімелері мен соларды құрмет тұтудағы қадір-қасиеті назар аудармай қоймайды. Өз басым көзім көріп, куә болған бір факті – Нұрдәулет Ақыш ағамыздың өткен жылы өмірден өткен  көрнекті ғалым, абайтанушы, мұхтартанушы, өзінің ерекше құрмет тұтатын ұстазы Мекемтас Мырзахметұлын соңғы сапарға шығарып салуға шалғайдағы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданына жедел жетіп, бүкіл шараға қатысуы дер едік. Айласын тапса түрлі сылтауларды себеп етіп, төтеннен болған тосын жайға түнделетіп суыт жүруге екінің бірі бара бермесі де анық. Ал Нұрдәулет Ақыш ағамыз алдындағы бүкіл шаруасын жиып тастап, азаматтығын, ұстазына адал шәкірт екендігін дәлелдей білді. Және аяқасты жоспарланбаған жол болғандықтан қайтар кезде түрлі көлік кедергілеріне кездессе де ұстаз алдындағы шәкірттік парызын абыроймен атқарғанына куә болып, риза болған едік. Ұстазды ұлықтаудан еш ұрпақ ұтылмайтынын ұқтық.

Ақиқатында асыл мен жасықты ажырата білуді, ақыл мен азаптың айқасын түсінуді  жүрекке көшіріп қана қоймай жан-тәніңмен түсініп, табиғатыңды түгелдей өзгертіп, тал бойыңа ғұмырлық ғибрат, өміріңе мәнді  мәйек болар аяулы мезеттерді де ұлылықпен ұлықталған, тәлімі мен тәрбиесі, берері мен көрсетер бағыты бар мықты ұстаздар болғаны қандай бақыт?! Өзгенің құнын осындай ұлы ұстаздардан өнеге алған қасиетті жан ғана сезіне алса керек. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген осы болар. Бүгінгі жастарға үлгі болар өнеге деп ойлаймын.

Өңінен нұр шашып, үнемі күлімдеп жүретін Нұрдәулет Ақыш ағамыз өзі өнеге тұтып, тәлім алған, қадір тұтып қасиетін құрметтеген қаламдастары, ұстаздары, замандастары да туралы да әрдайым жақсы сөзін айтып, жан-жағына мейірім шуағын шашып жүретін жан.

Үшіншіден, ол жанкешті зерттеуші, белсенді күрескер, іркілмей ізденуді мансұқ тұтқан қаламгер. Сондықтан да болар жаратылысына тән жанкештілікпен, ол ең бірінші ұлттық сөз өнерінің сынын жоғалтпай бар мазмұнымен танылуы жолында, яғни әдеби-көркем сын жанрында ұзақ жылдар бойы сарылып ізденді, жемісті еңбек етті, қаламын қалыптастырды, танымал әдебиетші деген дәрежеге дейін көтерілді. Нұрдәулет Ақыш еңбек еткен жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіндегі сын бөлімінде қайнаған қызу жұмыстар жүріп жататын. Күн сайын   әдебиеттің әңгімесі ол бөлімде таусылмай даулы пікірталасқа, дискурстардың небір түрлерінде өрбіп отыратын-ды. Сол кездері ойлаушы едік: «Кешке дейін есігі жабылмайтын, кісісі таусылмайтын, әңгімесі бітпейтін бөлім қызметкерлері қай уақытта жыл сайын жарық көріп жатқан кітаптарды қадағалап, оқып, оларға салмағы ауыр сын айтып, сараптап талдап үлгеріп жатады», – деп. Және ол кездері «Қазақ әдебиеті» газетінің әр санының айқара беттері әдеби көркем сынның сан алуан өзекті мәселелерін дөңгелек үстел ретінде үзбей беріп отыратын еді. Одақ көлеміндегі туыстас елдер әдебиетіндегі жаңа шыққан шығармаларда назардан түспей талқыланып, қазақ оқырмандарына көптеген ақпараттар мен мәліметтер берілетін-ді. Ол кездері бүгінгідей сайттар, әлеуметтік желілер, түрлі ақпараттар ағыны деген атаулы жоқ еді ғой. Бәрін іздеп тауып, оқып, талдап, таразылап, оқырманға ұсынар еді. Бұл деген нағыз жанкештілікті талап ететін тынымсыз тіршілік қой.

Тегінде көркем сыни ойы қалыптаспаған, эстетикалық талғамы төмен әдебиеттің көкжиегі кеңімейтіні мәлім. Сын жанрында ұзақ жылдар жанкештілікпен еңбек ету Нұрдәулет Ақыштың әдебиеттегі қаламгерлік қолтаңбасын табуға түрткі болды. Көркем ойдың таразысы болған сын авторға интеллектуалдық өре, тың теориялық пайымдаулар әкелді. Оның бәрі қайнап жатқан конвейер секілді Нұрдәулет ағаны қаламгерліктің қазанында қайнатып әбден пісіріп алды-ау дейміз. Бертін келе таза қаламгерлікке қолқа салып, қай кезде де бүтінделмей жататын балалар әдебиетінің бір бүйірін ұстап, оны көтеруге көңіл бөлді. Балалар әдебиетінің, әсіресе прозасының жетпей жатқан тақырыптарын толықтыруға, кем түсіп жатқан көркемдік әлемін әрлендіруге, еліміздің ертеңі болған балаларымыздың дүниетанымын кеңейтіп, талғамын тәрбиелейтін танымды туындылар жазуға белсенді түрде араласты. Қазақ балалар әдебиетінің проза саласындағы алғашқы діңгегін салған Ыбырай Алтынсариннен бастап  қаламгерлер Б.Соқпақбаев, М.Гумеров, С.Бақбергенов, С.Сарғасқаев, т.б сынды аға буынның жақсы дәстүрін жарасымды жалғастырған жазушының бірі де Нұрдәулет Ақыш десек артық айтқандық емес. Сөз жоқ, сәби сезімін қозғайтын, шынайылықпен жазылған шығарма жазу оңай шаруа емес. Әсіресе қазіргі ғылыми-техникалық революция дәуіріндегі, түрлі ақпараттар ағынында, тіпті бүгіндері әлемді жайлап бара жатқан жасанды интеллект заманында кішкентай балалардың білім байлығы, ой-өрісінің кеңдігі қай қаламгерге де жауапкершілік жүктері сөзсіз. Себебі, суреткер өз жазғандарының қатал сыншысы. Сын болмай қаламгердің қаламы қайралмайды. Нұрдәулет Ақыш та балалар прозасына көп дайындықпен келген жазушы. Әдебиеттің көнеден келе жатқан көркемдік кеңістігінен кеңінен таныс, тамыры терең дәстүрінен тағылым-тәлім алған жазушы осы балалар әдебиетінің атасы атанған Ыбырай Алтынсарин тағдырын тірілткен «Алтынсарин алауы» деген туынды жазып, тұлғатану тақырыбына да тың дүние сыйлады. Әрдайым үйренумен, ізденумен жүрген қаламгердің бұл да бір үлкен табысы.

Әдеби ортаға тұңғыш туындысы «Қиянда» атты әңгімесімен танылған талантты қаламгер Нұрдәулет Ақыш  бүгінде «Қоңыр өгіз», «Жұмбақ іздер», «Күрмеуі қатты түйіндер», «Үндемейтін ұл», «Таң алдындағы дабыл», «Жатақхана қыздары», «Нағыз әже қайда?», «Мұңды жанардың сәулесі», «Дон-Жуанның қалыңдығы», «Көнбіс бәйбіше», « Рақымсыз көктем», «Аласа таулар арасында» және басқа да көптеген әңгіме-повестері жарық көрген танымал тұлға.  Жиырмаға жуық көркем және ғылыми кітаптардың авторы болған Н.Ақыштың «Екі томдық таңдамалы шығармалары» (2011) оқырман қауымның жылы жүрегінен орын алды. Әдеби орта оны әсіресе «Таң алдындағы дабыл», «Саяқ жауынгер» атты повестері арқылы бұрындары көпшілік бара бермейтін әскери тақырыпқа батыл қадам жасаған қаламгер ретінде құрмет тұтады.  Аталған шығармалардан автордың өзіндік өрнегі, стилдік ерекшелігі, көркемдік әлемі, жазу машықтары,  өмір мен өнердің күрделі де қат-қабат қыртыстарына, құпия сырларына  қанық қаламгердің  қолтаңбасы танылады. Шығармаларынан тынымсыз еңбектенуі, үйренуі белгі беретін қаламгердің жанкештілігі мен есепсіз еңбекқорлығы бүгінгі белестен де биік жетістіктерге жол ашатындай. Творчествода тапқанынан   табары көп екені де сезілмей қалмайды. Оның айқын айғағы – Нұрдәулет Ақыштың көптеген шығармалары өз замандастарынан бұрын орыс, түрік, беларусь және ұйғыр тілдерінде жарық көріп үлгерді. «Необыкновенное лето» (1989) деген туындысы соның дәлелі. Осынау ұзақ ізденістердің нәтижесінде ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Ондағы бірнеше секциялардың белсенді мүшесі ретінде қазақ әдебиеті мен өнерінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Жылдар бойы жүйелі түрде жүргізілген шығармашылық, ғылыми зерттеушілік еңбектердің нәтижесінде «Құрмет» орденінің иегері, жастардың «Жігер» фестивалінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі байқауының, халықаралық «Жамбыл» және «Алаш» сыйлықтарының иегері, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы атанды. Біле білген кісіге бұл марапаттар оңайлықпен қолға түспейтін олжалар.

Ол турасында Нұрдәулет Ақыштың тағы бір құрмет тұтатын ұлағатты ұстазы, бірнеше жылдар бойы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Тәуелсіздік дәуірі әдебиеті және көркем публицистика бөлімінде пікірлес, сырлас болған академик Серік Қирабаевтың: «…Жан-жақтылық деген де үлкен қасиет. Бойыңа берген қабілетті дұрыс пайдалану – ол өзіңді-өзің сыйлау деген сөз»,  – дегені біздің ойымызды дәлелдей түсетіндей.

Төртіншіден, талантты зерттеуші, филология ғылымының докторы, қарымды қаламгер Нұрдәулет Ақыш М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Тәуелсіздік дәуірі әдебиеті және көркем публицистика бөлімінде  академик Серік Қирабаевпен бірге ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің жариялайтын байқауындағы бірнеше ғылыми жобаларды ұтып алып,  ұлттық әдебиеттану ғылымының күрделі де тың тақырыптарын зерттеді. Соның бірі – 2006-2009 жылдары академик Серік Қирабаевтың «Қазіргі қазақ романы: өткені мен бүгіні» атты ғылыми жобасы аясындағы зерттеу жұмысының ең күрделі де көлемді тарауларының авторы болуы дер едік. Қазақ прозасының алғашқы үлгілерінен бастап, тәуелсіздік кезеңге дейінгі генезисін, қалыптасу жолдарын, даму үрдістерін, ұлттық сөз өнеріне қатысты көркемдік-эстетикалық ізденістерін әр кезеңде жарық көрген қазақ қаламгерлерінің шығармалары мысалында мұқият зерттеп, зерделеп жазды. Әдебиет тарихының белгілі бір дәуірін  жүйелеп жазу әрине тағы да жанкештілік жұмысты, асқан жауапкершілікті жүктері ақиқат.

Міне осындай ауыр міндеттерді мойнына ала жүріп те қоғамдық жұмыстардан қашпады. Бөлімнің бүкіл жұмысына белсене араласып, барлық ғылыми жобалардың ең көлемді тарауларын жазған  қаламы қарымды қаламгер, әдебиетші зерттеуші Нұрдәулет Ақыш бірнеше жылдар бойы институт құрылтайшығымен шығатын ғылыми-көпшілік «Керуен» журналы бас редакторының орынбасары да болды.

Бесіншіден, талантты сыншы, білікті әдебиетші ғалым Нұрдәулет Ақыш М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Тәуелсіздік дәуірі әдебиеті және көркем публицистика бөлімінде  жүріп, «Зұлмат жылдары қазақ прозасында» (2005), «Қазақ мемуарлық романы» (2011), «Замана рухы» (2014) т.б., ғылыми еңбектер жазды. Сол еңбектердің нәтижесінде филология ғылымының докторы дәрежесіне дейін көтерілді.

Нұрдәулет Ақыш ұлттық әдебиеттану ғылымында бұрындары арнайы  зерттелмеген, тек тәуелсіздік алған жылдары ғана тұсалған тұсы шешіліп жазуға мүмкіндік берілген аштық, талай адамның ажал құшуына себепкер болған кеңестік кезеңнің ең бір кесірлі заманындағы кесек тақырыпты зерттеді. Бұл тақырып тың әрі бұрын қарастырылмағандықтан тарихы мен теориясы тиянақталмаған, зерттеу нысаналары белгісіздеу болатын. Сондықтан да бұл тақырыпқа да жанкешті зерттеушінің зейіні мен табандылығы, күрескерлігі, қайраткерлігі қажет болды. Қаламы төселген, әдебиеттің арғы-бергі тарихынан жақсы хабардар жазушы Нұрдәулет Ақыш үшін бұл тақырып қиын болмаса да оңайлықпен игерілген жоқ. Онда да оқу, тоқу, үзбей үйрену, ерінбей іздену іздері жатты.

Әдетте, шығарма тағдыры мен ғылыми зерттеудің жемісі, оның жетістігі мен кемшілігі ғалымның кәсіби біліктілігіне,  суреткерлік дүниетанымына тәуелді болады емес пе? Бұл жерде де Нұрдәулет Ақыштың  ізденіс үстіндегі талантты тұлға екендігі танылды.

Ең бастысы автордың, ғалымның өзіндік пікірі, дәлелді ғылыми тұжырымдары бар. Ал пікірсіз дүние парықсыз парақша болары сөзсіз. Сондықтан да ашаршылыққа арналған романдардағы адамдар тағдырын зерттеу арқылы Н.Ақыш қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақ беттерді ашып, кеңестік кезеңдегі тоталитаризм, қолдан жасалған қиянаттардың салдарынан аштан әдейі қырылған жандардың қасіреті тарихтан жойылмайтынын дәлелдеп берді. Алайда жазықсыз жапа шеккендердің, құрбан болғандардың, зор нәубәттің тарихы мен тағдыры әлі де түгелденіп болған жоқ, яғни бұл тақырып толыққанды таразыланып, зерттеле қойған жоқ. Біздің есігі жаңа ғана ашылып жатқан архивтеріміздегі шаң басқан мың-сан құжаттарды қайта қарап, түрлі мұрағаттарымызда мұрты бұзылмай тұрған тарихи материалдарымызды, архивтік қолжазбаларымызды, әдеби, ғылыми, саяси жәдігерлерімізді жүйелеп, тәуелсіз ой-сана тұрғысынан таза деректер негізінде қайта қарау, тереңдетіп, талдап жазу ендігі ұрпақтың міндеті болса керек.

Қалай болғанда қарымды қаламгер, ғалым зерттеуші өз деңгейінде, алдында бар құжаттар негізінде жанкештілікпен еңбек етіп, өзіне тән күрескерлік, қайраткерлік, қаламгерлік қабілетін таныта білді. Қайда жүрсе де көптің көз алдында болып, өзінің айтар ойын алқалы жиындарда ашық айтып, пікір білдіріп жүрген әріптесіміз, танымал жазушы, көрнекті ғалым Нұрдәулет Ақыш шын мәніндегі «Аздың азаншысы болғанша, көптің қазаншысы бол» деген даналықтың дәлеліндей болады да тұрады. Әрдайым осы қалпыңыздан танбаңыз, аға.