Францияның ұлттық кітапханасынан қазақ хандары туралы көне қолжазбалар табылды

Францияның ұлттық кітапханасынан қазақ тарихына қатысты құнды деректер табылды. Нақты айтар болсақ, Тәуке ханның, Тәуекел ханның өмірі, Түркістан тарихы туралы тың мәліметтер табылып отыр.
Табылған көне қолжазбалар туралы ақпаратты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстанушы ғалымы Ғалия Қамбарбекова сүйіншіледі. Қазақ халқының тарихына қатысты деректердің ішінде шежірелер, құжаттар, соның ішінде сенім грамоталары, қазақ хандарының ресми хат-хабарлары бар. Мәселен, қолжазбалардың ішінде Тәуекел ханның Бұхараға жасаған соңғы жорығы, оның бауыры Есім сұлтанның қатысуымен болған шайқастар және Түркістан мен Ташкенттегі саяси-әлеуметтік жағдайлар баяндалған. Бұл деректер қазақ тарихының орта ғасырлардағы кезеңін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дипломатиялық хат-хабарлар, ресми құжаттар және сенім грамоталары да табылған, бұл қазақ хандығының Орталық Азиядағы басқа мемлекеттермен байланысын көрсетеді. Қолжазба құжаттар араб, түрік, парсы және шағатай тілдерінде жазылған.
Ғалия Қамбарбекованың айтуынша, Франция мұрағатындағы көне қолжазбалар біздің ғалымдар тарапынан бұрын зерттелмеген.
«Егер белгілі бір ғалымдардың еңбектерін ашып қарасаңыз, арасынан Орталық Азиямен байланысты атауларды кездестіруге болады. Мен сондай үш еңбекті таптым, олардың ішінде әлемдік тарихқа да арналғаны бар. Онда мұсылман әлемінің ғалымдары, соның ішінде Тәуекел ханның Бұхараға жасаған соңғы жорығы туралы баяндалады. Сондай-ақ, оның ағасы сұлтан Есім үлкен жорық жасаған, одан кейін Ташкент пен Түркістандағы тарихи оқиғалар туралы айтылады. Біздің ортада бұл ақпарат көзі бұрын айтылып-зерттелмеген», — дейдіӘл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің аға оқытушысы Ғалия Қамбарбекова.
Франция кітапханасы — әлемдегі ең бай коллекцияға ие мұрағаттардың бірі. Оған алдын ала сұрау жолдап, арнайы рұқсатпен ғана кіреді. Көне қолжазба мәтіндері көне тілде болғандықтан оқу мен аудару ісін білуіңіз керек болады. Оның қолжазбалар қорына қол жеткізу оңай болғанымен, құжаттарды оқу және аудару арнайы білімді талап етеді. Көптеген манускрипттер әлі де толық зерттелмеген, бұл қазақстандық ғалымдар үшін үлкен мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнатылды. Әрі Франция елі Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде мойындаған алғашқы еуропалық ел болып саналады. Осыдан кейін екі ел арасында саяси, экономикалық байланыстар артып, мәдени барыс-келіс, алыс-беріс жақсарды.
Мәселен, осындай мәдени байланыстар аясында 2014 жылы Алматыда өткен «Манускриптология және кодикология» халықаралық жазғы мектебінде Франция ғалымдары түркі қолжазбаларын зерттеуге қатысты. Бұл іс-шарада Бұхара мен Гераттағы түркі манускрипттері талқыланып, олардың дайындалу технологиясы зерттелді.
Сондай-ақ, отандық ғалымдар Франциядағы Орта Азияны зерттеу институтымен (IFEAC) бірлесіп біршама жұмыстар атқарды.
Мұстафа Шоқай қоры сияқты құжаттар, Қазақстан тарихын зерттеуге үлес қосты. “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында Франциядағы мұрағаттардан алынған құжаттардың көшірмелері Қазақстанға табысталды, бұл кеңестік кезеңдегі тарихты зерттеуге мүмкіндік берді.
Франция мұрағаттарынан табылған тағы бір маңызды дерек – қазақтың көрнекті саяси қайраткері Мұстафа Шоқайға қатысты құжаттар. 2000-жылдардың басында Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Франциядағы М. Шоқай қорынан алынған материалдар Қазақстанның Орталық Мемлекеттік мұрағатына табысталды. Бұл құжаттар Шоқайдың Франциядағы эмиграциялық қызметі, оның Алаш қозғалысымен байланысы және Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қосқан үлесі туралы мәліметтер берді.
М. Шоқайдың Францияда өткізген жылдары (1920-1940) оның саяси және публицистикалық қызметінің ең белсенді кезеңі болды. Ол Парижде шығарған “Яш Түркістан” журналы арқылы қазақ және түркі халықтарының тәуелсіздік идеяларын насихаттады. Франция мұрағаттарынан табылған хаттар, жазбалар және басқа құжаттар Шоқайдың еуропалық саясаткерлермен байланысын және оның ұлттық мүддені қорғау жолындағы күресін ашып көрсетеді.
«Мәдени мұра» бағдарламасы және шетел мұрағаттары Қазақстанның «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетел мұрағаттарынан тарихи құжаттарды іздестіру және олардың көшірмесін алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Франция, Германия, Ресей, Қытай және басқа елдердің мұрағаттары мен кітапханаларынан қазақ тарихына қатысты құнды деректер жинақталды. Франциядан табылған құжаттардың бір бөлігі Ұлттық археология және дереккөздер орталығының электронды каталогына енгізілді.
Бұл бағдарлама аясында Францияның Гиме атындағы Азия өнері музейімен ынтымақтастық орнатылды. 2010 жылы Парижде өткен қазақ мәдениетіне арналған көрме және халықаралық конференция барысында қазақ көшпелілерінің тарихы мен мәдениетіне қатысты тың деректер талқыланды. Бұл шаралар қазақ тарихын әлемдік деңгейде насихаттауға септігін тигізді.
Енді міне жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ хандығы дәуіріне тән мұралар табылып отыр. Франция кітапхаансынан табылған Тәуке және Тәуекел хандардың қызметіне қатысты манускрипттер қазақ хандығының саяси және мәдени байланыстарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берері сөзсіз. Бұған дейін отандық тарихнамада белгісіз болған мәліметтер қазақ тарихына қатысты жаңа зертттеу парағын ашып отыр. Нақты айтар болсақ, құжаттарда сақталған дипломатиялық хат-хабарлар қазақ хандығының Орталық Азия және басқа аймақтармен байланысын көрсетеді. Бұл қазақ мемлекеттілігінің халықаралық аренадағы рөлін айқындайды.
Сондай-ақ, Франция мұрағаттарынан табылған деректер қазақ тарихының әлемдік өркениеттегі орнын анықтауға септігін тигізеді. Бұл еуроцентристік көзқарастардан арылуға және қазақ мәдениетінің бірегейлігін көрсетуге мүмкіндік береді.
Автор: Бүркіт Нұрасыл
https://e-history.kz/