Өмірге құштарлықты сенен үйренсін!

Құттықтаймыз!
Академик Рабиға ҚУАТБЕКОВА:
«Мейірхан, сенің адамдығыңды айшықтап тұрған нәрсе – адалдығың мен адамға деген махаббатың. Сол қасиетің тіл үйренуіңе де себепкер сияқты. Жолыңда жақсы адамдар кездесіп, үлкен-үлкен есіктер ашылатынына сенімім зор. Тілдің киесін ұғынып, өзіңді тіл ғылымына арнағаныңа шын жүректен қуанамын!».
Академик ҚУАТБЕКОВ Әбдімұса Мұсаұлы атындағы Халықтар достығы университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім бағдарламасының магистранты, 8 тілде сөйлеп, 68 мың кітап оқып бітірген Мейірханның бүгін туған күні.
Отызында орда бұзған азамат. Мейірхан Мейрамбекұлын туған күнімен шын жүректен құттықтап, бұдан да мықты денсаулық тілейміз! Ғұмыр жасы ұзағынан болып, арман-мақсаттары орындала бергей дейміз!
Жасынан ерекше жан, бала жастан ДЦП дертіне шалдыққан, алайда өмір үшін күресіп, жай ғана көптің бірі болмай, суырылып шығып көш бастаған батыл жастың бірегейі. Өзіндей жандарға деген көпшіліктің көзқарасын өзгертіп, қоғамда еленбейтін ДЦП – ға ұшыраған балалардың болашаққа деген ұмтылысын ісімен дәлелдеп келеді. Олар да қоғамның еңбекке жарамды бір мүшесі екенін Мейірханға қарап, мойындамау мүмкін емес.
Мейірхан туралы республикалық «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығының иегері аттанғанда ақпарат құралдарынан оқып, таңданысымызды жасырмағанымыз рас. Біздің басылым да Топанбай Мейірханның өмірі мен өмірге құштарлығы басқа жандарға, жасөспірімдер мен жастарға өнеге болсын деп ақпарат көзінің гиперсілтемесін сақтап көшіріп басқан едік.
Көп ұзамай Мейірханның өзі редакцияға хабарласып, танысып кеттік. Содан бері уақыт тауып, бір сөйлессек қоғамдағы әртүрлі тақырыптарды қозғап пікірімізді білдіріп кейде күліп, кейде мұңаямыз. Мейірхан бала күнінен басқа құрбыларына қарап іштен тынып, денсаулығына байланысты тоқырап қалған бала емес. Сал ауырын жеңіп, жеке тұлға болып қалыптасу үшін адамның жігері, ішкі жандүниесіндегі «Мен бәрін жеңемін» деген табандылық пен жүректегі жалын сөнбеуі қажет. Осы қасиеттер сөнген күні – бұл топтағы жандарды қайта тұрғызу мүмкін болмайтынын да Мейірханнан естідік. Сондықтан, бір құлап, бір тұрған Мейірхан бүгінде мыңдаған балалар мен жасөспірімдерді мотивация беріп келе жатқан бірегей тұлға десек, қателеспейміз.
Жас жазушы, ақын Мейірхан атқарған шаралары туралы мақалалар жазып, редакциямызға ұсынып келеді. Ерінбейтін жан. Ізденістен де жалықпайды. Жаңалыққа жаны құмар. Бір минут уақыытын текке жібермейтінін қайтерсіз?!
М.Топанбай – Түркістан облысы, Түлкібас ауданының Тастұмсық ауылдық кітапханасында кітапханашы. Нағыз руханияттың белордасы. Мектеп жасындағы балалардың кітап оқуына түрен салып, олармен кітапқа байланысты, авторлар туралы көптеген іс-шара ұйымдастырып, оқитын ұлт ұрпағын қалыптастыруға бар ғұмырын арнап келеді. Қазақ тілімен бірге түрік, армян, грек, парсы, тәжік, неміс, испан және француз тілдерінде сөйлей алады. Әңгіме барысында, оның сегіз тіл біліп қана қоймай, сөйлей алатынын естігенде: «Қай уақытта сегіз тілді меңгеріп үлгердіңіз? Біздің кейбір жастарымыз шет тілі түгілі ана тілімізде сауатты сөйлей алмай жүр ғой» — деп таңданғанымызды жасырмадық.
— Анам Ұлбосын Абешова неміс және француз тілінен сабақ берген шет тілі маманы. Көп тіл білу өміріңді жеңілдетеді» деді. Әкем Мейрамбек Топанбай да менің армандарым орындалсын деп қолдау көрсетті. Ата-анам бүгін – зейнеткерлер. Ата-ананың үмітін ақтау – әр перзенттің парызы. Сол себепті де үш жыл түрік және парсы тілдерін үйрететін академияда оқыдым. Мен мектеп бітіретін 2011 жылы ауылымызға жерлесіміз, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асқар Бейсенбаев ағамыз келген. Сол кісінің де: «Көп тіл білген адамдар жетістікке жетеді» деп айтқан әңгімесі есте қалып қойды. Екі түрлі мамандық бойынша оқу бітіргенмін. Біріншісі – психология, екіншісі – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сал ауруы соңғы үкім емес, — деп алға ұмтылған Мейрамбекке «Жігерлен! Жалында! Ұшқыр ойла! Биікке самға! Әлемді шарла!» деген ақжарма тілегімізді арнаймыз!
Игі тілекпен: Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының журналистері