Тарихи тұлғалар жайлы 10 дерек: Амангелді Иманов

Сурет:ЖИ
«Тарихи тұлғалар жайлы 10 дерек» айдары аясында таныстыратын кезекті тұлғамыз – ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті өкілі, халық батыры, 1916 жылғы Торғай көтерілісінің бас сардар-қолбасшысы, кеңестік кезеңде халық жадында аңызға айналған тарихи тұлға Амангелді Үдербайұлы Иманов.
- 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Амангелді Имановтың қол астында 15 мыңға жуық әскер болды. Ал жалпы көтеріліске Тобыл-Торғай өңірінен 50 мыңға жуық адам қатысты.
- Кеңестік кезеңде Амангелдінің шыққан тегі кедей ретінде сипатталғанымен, тарихи құжаттар мен ауызша деректер оның атасы Иманның өз заманының орта дәулетті, абыройлы адамы болғанын дәлелдейді. Иман батыр Кенесары ханның ең сенімді сардарларының бірі болды. Бұл Амангелдінің еркін, ойлы тұлға болып қалыптасуына негіз болды.
- Патша өкіметіне қарсы саяси наразылық Амангелдіні ерте оятты. 1905 жылдан бастап ол әділетсіздікке қарсы шығып, болыстар мен ояздарға қарсы сөз айтып, ел арасына үгіт жүргізе бастады. Осы әрекеттері үшін Кеңес үкіметі орнағанға дейін екі рет түрмеге қамалды.
- 1916 жылғы көтеріліс кезінде Амангелді Торғайда партизандық үлгідегі әскери құрылым құрды. Оның жасағы мергендер, барлаушылар, тәртіп сақшылары болып ұйымдастырылды. Бұл қазақ тарихындағы алғашқы құрылымдалған әскери жасақтың үлгісі еді. Тарихи деректерде Амангелді сарбаздарының біраз бөлігіне қару-жарақ патша гарнизондарына шабуыл жасау арқылы табылғаны айтылады. Далалық көтерілісшілер үшін бұл үлкен стратегиялық артықшылық еді.
- Амангелді ұйымдастырған көтерілісшілер қатарында әйелдер де қатысқан. Бұл қазақ қоғамындағы патриархалдық құрылым жағдайында сирек кездесетін тарихи факт. Олар көбіне жаралы жауынгерлерге көмек көрсету, қару-жарақ пен азық жеткізу, барлау ісіне қатысу сияқты міндеттер атқарған. Бұл дерек 1916 жылғы Торғай көтерілісіне қатысты архивтік құжаттарда көрсетілген.
- Алаш зиялылары мен Амангелді батырдың ұстанымдары 1916-1918 жылдары екіге бөлінді. Амангелді Кеңес өкіметінің «жер – кедейлерге», «теңдік – еңбекшіге» деген ұранына сеніп, большевиктерді қолдады. Бұл оның Алаш көсемдерімен саяси-идеологиялық тұрғыда қайшылыққа түсуіне алып келді.
- Ол 1919 жылы сәуір айында Торғай уезіндегі Жалдама болысы аумағында (қазіргі Қостанай облысы жері) қаза тапқан соң, Кеңес үкіметі тарапынан бірнеше рет жерленеді. Кейін батырдың сүйегі ардақталып туған жерге қайта жерленіп, Торғайда Амангелдіге арналған мазар және алғашқы ескерткіш орнатылған.
- «Амангелді» фильмі қазақ киноөнерінің тарихындағы алғашқы тарихи-батырлық бағыттағы фильмдердің бірі болды. Сценариін Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов жазды. Басты рөлде Елубай Өмірзақов ойнаған. Фильм қазақ қоғамына Амангелдінің батырлық бейнесін кеңінен танытты.
- Амангелдінің ұлы Болат Иманов – философия ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғаған, кеңестік академиялық ортада беделге ие тұлға болды. Ол әкесінің мұрасын зерттеп, оның есімін идеология аясында насихаттауға атсалысты.
- Қостанай облысы, Амангелді ауданында Амангелді батырдың екі қабатты мұражайы салынған. Бұрынғы Батпаққара ауданы, қазіргі Амангелді ауданы Амангелді батырдың құрметіне ауысқан. Батырға арналған мұражайда батырдың қылышы, туы және құнды жәдігерлері сақталған.
Автор: Жауынбай ЖЫЛҚЫБАЙҰЛЫ,
https://e-history.kz/