Қол созғанмен жете алады Күнге кiм?

Исраил САПАРБАЙ

қазақ ақыны, драматург, аудармашы, сазгер, «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Парасат орденінің иегері (2012).
(1941 жылы 15 мамыр – 2025 жыл 18 шілде)

Қоңыр әуен

Достан да, дұшпаннан да қалған көңіл
Аңсап жүр аққулы әуен, арман көлін…
Күнгейге Күнікейдей қызды ұзатып,
Танакөз тағдырымды таңнан көрдім.

Қайталап маңғаз мұңын «Маңмангердің»
«Қайран-ай, қайта оралмас жалған!..» дермін.
Доңыз жеп, қоңыз терген Қодарқұлға
Келмейді Баянымды қолдан бергім.

Дабысы жер мен көкті жарған жердің
Дарақы Жапалағын жардан көрдім.
Байғыздың мұңын кешіп бағзы бірде,
Баянсыз махаббатты тордан көрдім.

Қорланса қолы жетпей Қорланға ердің,
Қозымды қоңыр мінез қолдан көмдім…
Қаңғып жүр ұрынарға қара таппай
Қайырсыз бұл қазақтан қалған көңлім.

Ұлттың ұлы мұраты

…Нұх мінген кеме,
Қайнарға енген
Қазығұрт емей қай маңға келген?!
Топан су соңы тобықтан аспай,
Ұрпағы өнген..,
Пайғамбар өлген…

Пайғамбар өлді…
Патшалар келді,
Атшабар менен бәтшағар келді.
Бақшалар көмді бепаян шөлді,
Патшалар келді,
Бақ шабар ма енді?

Патшалар келді,
Дүр атақтары:
Дүние — дүлдүл!
Рахат бәрі!
Қара жер, бірақ, қанішерлерден
Мұратын іздеп, мұра таппады.

Тайғанақ екен патшаның тағы:
Аспанның өңі ақшабырланды…
Тақты да бақты тандырды естен
Алтынның исі, ақшаның дәмі.

Патшаның тағы тайғанақ екен:
Айдала — мекен…
Айнала бөтен.
Қылыштың жүзі,
Қызыл аңсаған
Қынаптан шықпай қайрала ма екен?!

Алатын Күн мен Айдан да дерек
Кешегі есте майдандар ерек…
Патшалар емес,
Пақырға біздей
Пайғамбар керек!
Пайғамбар керек!!!

Тұңғиық теңiз түбiне

Тұңғиық теңiз түбiне
Отырма ойды батырып.
Шаттан, күл туған күнiңде
Шараптан ұрттай отырып.
Санамай тiлiн сағаттың,
Жанымыз тауып жарасым,
Қып-қызыл нарттай шараптың
Қызуы қанға тарасын!
Өткен бiр күнге наз артып,
Балалық шақты есiңе ал.
Күлсең, күл көңiл тазартып,
Жыласаң, жыла, несi бар?!
Не ойласаң бүгiн мақұл-ды,
Кештiң де мынау Сен – көркi.
Аңқылдақ мендей ақынды
Сүйемiн десең – ол да еркiң!
Демеймiн мен де: «сүймешi»,
Бəрi де бəрi жарасар.
Қалып та қоям үйде осы
Қарсылық етпей, қаласаң.
Алқына соғып жүрегiң,
Əн шырқа, биле, күл, ойна…
Қамшыдай қысқа бұл өмiр
Өтiп те кетер былай да!

Бастау алған бұлақтан кəусар көлiм

Бастау алған бұлақтан кəусар көлiм,
Тұнығыңды, шөлдесем, таусар ма едiм?
Жанарыммен үн-түнсiз жайымды айтып,
Кəусар көлге жаңбыр боп жаусам дедiм…
Жараса ма жақсыға тұйық болған,
Соншалықты сен асар биiк пе арман?
Қалай ғана ерiтiп алсам екен
Ернiңдегi күлкiңдi ұйып қалған?
Қуанышын, бақытын бұлдамаған
Кезiксе екен бағыңа бiр ғана адам…
Қалай ғана жылытып алсам екен
Көзiңдегi жұлдызды мұң қамаған?
Жалаң сөзге елiкпей жалтылдаған,
Сездiрмеген сұлулық салтын маған,
Қалай ғана жылытып алсам екен
Кеудеңдегi сезiмдi салқындаған?
Күннен-күнге солдырған iреңiңдi,
Жылдан-жылға тоңдырған жылы өңiңдi,
Қалай ғана жұбатып алсам екен
Жылай-жылай жүдеген жүрегiңдi?..

Өзге емес, өзiме аян өз кеселiм

Өзге емес, өзiме аян өз кеселiм,
Уақыт құйып жатыр көзге шерiн…
Өртенген жапырағы жадау бақта
Дерт емген күндерiммен кездесемiн.
Шапқылап,
шаң боратып, құйындаған
Күндерге ендi iлесу қиын маған.
Өмiрдiң өң-түсiне қарап қойып
Көңiлдiң əбеқоңыр күйiн бағам.
Жалғыздық – еншi, көршi ендi маған,
Жалғанның керек емес кеңдiгi оған.
Кiмге нəр, кiмге дəрi болар дейсiң
Көздегi ноқаттай мұң-меңдуанам…
Маза бер жүрегiме сен де, сезiм,
Қайтесiң мəймiлдетiп көз көзесiн?
Бұлбұлмен қоңыр бақта қош айтыстың,
Кiм бiлген, ендi кiммен кездесесiң…

Қырлар қайда қырмызы гүл қаптаған?

Қырлар қайда қырмызы гүл қаптаған?
Қыздар қайда бұрымы бұлғақтаған?
Өкпелеген балаша томсыраймай
Тiлiң болса,
Тiршiлiк,
үн қат маған?
Көкшеқұмар көңiлдiң пайғамбары –
Бау-бақшаның басынан тайған бағы.
Жапырақтар үзiлiп түсiп жатыр,
Жауынгердей оққа ұшқан майдандағы.
Күндi ұрлаған..,
Қырмызы гүлдi ұрлаған
Өткен шақтың бейнесi бұлдыр маған.
Жапыраққа жалқау жел жаудай тидi-ау,
Ала жаздай шөп басын сындырмаған?!
Деп жүргенде əнiммен əспеттермiн,
Алтын күндi қалайша босқа өткердiм?
…Тереземнiң жақтауын паналаған
Жайын ойлап отырмын қос кептердiң.

Қол созғанмен жете алады Күнге кiм?

Қол созғанмен жете алады Күнге кiм?
Шер буғанда шағушы едiм гүлге мұң. . .
Кiндiгiне сырға таққан қыздардың
Түндiгiнен Ай қарай ма, бiлмедiм.
Көзден ұшып қос етек пен қос бұрым,
Өз iшiмде өлiмсiреп өштi үнiм.
Көшкен күндi көкжиекке ұзатып,
Иттей ұлып отырамын кешқұрым.
Көзiмдегi тұнжырыма түн айғақ.
Мен сияқты мұңай сен де, мұңай бақ.
Қу тiрлiктi құлағынан жетелеп,
Құлақ-миды жеп барады Жынойнақ!
Көнтоз көңiл көндiге алмай ыңғайға,
Шыбын жанның шырқы кетер мұндайда.
Ай астында «Алтыбақан» тербелiп,
Күн астында күмбiрлейтiн күн қайда?..
«Қайда, қайда, қайда, қайда, қайда?» деп
Маң далаға маңып кеттi майда леп.
… Көкдөнендi көкжиекке босатып,
Көзiмдi ашсам… аспан да жоқ, Ай да жоқ!
Кiндiгiне сырға таққан, қылдай қыз,
Елден безiп ендi кiмдi тыңдаймыз?
«Кеше мен де сендей едiм» дегендей
Су түбiнде сұңқылдайды сұм Байғыз…

Дереккөзі: Bilim-all.kz