Дәрі-дәрмек пен табиғат: экологияны сақтаудың жолдары

Денсаулық пен табиғат – бір-бірімен тығыз байланысты
Қазіргі қоғамда дәрі-дәрмексіз өмірді елестету қиын. Ауырсақ – дәрі ішеміз, алдын алу үшін де түрлі препараттарды қолданамыз. Фармацевтика – адамзаттың ең маңызды жетістіктерінің бірі, денсаулықты сақтаудағы басты құрал. Алайда, біз дәрілердің тек пайдалы жағын ғана емес, олардың қоршаған ортаға әсерін де ескеруіміз керек.
Бүгінгі таңда қолданылған немесе мерзімі өткен дәрілердің көп бөлігі дұрыс жойылмайды. Көптеген адамдар оларды қоқысқа тастайды немесе дәретханаға шайып жібереді. Бұл әрекеттердің соңы неге апаратынын көбіміз түсіне бермейміз. Шын мәнінде, бұл дәрілердің құрамындағы химиялық заттар топыраққа, жер асты суларына, өзен-көлдерге өтіп, табиғи экожүйелерге зиянын тигізеді. Мысалы, антибиотиктер судың құрамында сақталып, бактериялардың оларға төзімді түрлерін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл жағдай медицинада үлкен қауіп тудырады – ол емдеуге келмейтін «супербактериялардың» пайда болуына алып келуі мүмкін.
Сонымен қатар, дәрі-дәрмек өндірісі кезінде пайда болатын химиялық қалдықтар мен пластикалық қаптамалар да табиғатқа зиян келтіреді. Әсіресе, көп қолданылатын блистерлер (пластик + алюминий) қайта өңделуі қиын, сондықтан олар қоқыс полигондарында жүздеген жылдар бойы шірімей жатады.
Басқаша айтқанда, біз өз денсаулығымыз үшін жасап отырған әрекеттер табиғатқа кері әсерін тигізіп жатыр. Ал табиғаттың өзі – біздің денсаулығымыздың басты тірегі. Ауаның тазалығы, судың сапасы, топырақтың құнарлылығы – бәрі де адамның амандығына тікелей әсер етеді.
Сондықтан осы мақалада біз фармацевтикалық ластану ұғымына тоқталып, оның табиғатқа қандай қауіп төндіретінін және бұл мәселені қалай шешуге болатынын қарастырамыз. Бұл мақаланы жазудағы біздің мақсатымыз – дәрі-дәрмектің қоршаған ортаға қалай әсер ететінін және бұл мәселенің шешімдерімен оқырманды ақпараттандыру, ойландыру және әр адамның экологиялық жауапкершілігін арттыру.
Фармацевтикалық ластану деген не?
Фармацевтикалық ластану – бұл қоршаған ортаға дәрі-дәрмек қалдықтарының, сондай-ақ олардың қаптамалары мен өндірістік қалдықтарының түсуінен туындайтын, көзге көрінбейтін, бірақ өте қауіпті, ерекше экологиялық ластану түрі. Себебі, ол біртіндеп жиналып, адам мен табиғат үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Фармацевтикалық ластану бірнеше жолмен жүреді:
- Адамдар жарамдылық мерзімі өткен немесе қолданбай қалған дәрілерді қоқыс жәшігіне тастайды. Бұл дәрілер жаңбыр суымен бірге топыраққа, арықтар мен өзендерге өтіп кетеді.
- Кейбір дәрілік заттар адамның ағзасынан өзгермеген күйде шығарылады. Олар дәретхана немесе канализация арқылы ағынды суларға түсіп, тазартылмаған күйде табиғи су көздеріне араласады.
- Фармацевтикалық зауыттардан шыққан өндірістік қалдықтар арнайы сүзгілерден өтпей, бірден суға немесе ауаға таралуы мүмкін.
- Пластик бөтелкелер, блистерлер (пластик пен алюминий аралас қаптама), қағаз қораптар – осының бәрі сұрыпталмай, полигондарға тасталады. Бұл қалдықтар ондаған жылдар бойы ыдырамай, табиғатта жиналып қалады.
Мысалы, зерттеулер көрсеткендей, кейбір елдердегі өзен-көлдерде анальгетиктер, гормондар және антидепрессанттар сияқты заттардың іздері табылған. Олар тірі ағзалардың мінез-құлқына, көбею қабілетіне, тіпті жыныстық дамуына әсер етуі мүмкін.
Бактериялар қалай «үйреніп алады»?
Ең қауіпті жағдай – антибиотик қалдықтарының су мен топыраққа түсуі. Бұл кезде микроорганизмдер сол антибиотиктерге «үйреніп», олардан қорғану жолын табады. Нәтижесінде, бұрын оңай емделетін аурулар енді емге көнбей қалады. Бұл жағдай медицинада антибиотикке төзімділік деп аталады және ол бүкіл әлем бойынша алаңдаушылық туғызып отыр.
Табиғатқа әсері қандай?
Фармацевтикалық ластану тек адам денсаулығына ғана емес, бүкіл экожүйеге әсер етеді. Әсіресе су экожүйелері бұған өте сезімтал. Бұған бірнеше мысал келтіре кетсек:
- Судағы тіршілік иелері зардап шегеді. Дәрілік заттар балықтардың өсуіне, көбеюіне, тіршілік циклдеріне әсер етеді. Ғалымдар кейбір балықтардың бойында гормоналды бұзылыстар мен генетикалық өзгерістер байқалғанын анықтаған.
- Амфибиялар мен ұсақ шаянтәрізділердің санын азайтады. Бұл түрлердің азаюы азықтық тізбектің бұзылуына әкеледі.
- Микроорганизмдер мен бактериялар арасында дәріге төзімділік дамиды. Бұл кейін адам организміне зиян келтіретін «супербактериялар» пайда болуына себеп болады.
- Ауыл шаруашылығына жанама әсер етеді. Егер дәрі қалдықтары малға берілетін жем-шөпке немесе тыңайтқышқа түссе, олар адам ағзасына тағам арқылы қайтып келуі мүмкін. Бұл да денсаулыққа ұзақмерзімді қауіп төндіреді.
Сонымен қатар, өсімдіктерге де зиян келуі мүмкін. Топырақта жинақталған кейбір химиялық заттар өсімдіктердің өсуін баяулатады, тіпті кейде өнімсіздікке алып келеді.
Не істеу керек? Жауапкершілік әр адамнан басталады
Фармацевтикалық ластанудың алдын алу – баршаға ортақ міндет. Бұл тек экологтар немесе медицина мамандарының ғана емес, әр адамның саналы әрекетіне тікелей байланысты. Себебі ластану – адам қолымен жасалса, оны шешу де адамның қолында.
Төменде экологияны қорғауға көмектесетін нақты әрі қарапайым қадамдар берілген:
-
Дәрілерді тек қажет кезінде және дұрыс пайдалану
Дәріні тек дәрігердің кеңесімен қабылдау қажет. Көп жағдайда адамдар «алдын ала» деп артық дәрі сатып алады. Бұл – тек қаржылық шығын емес, болашақ экологиялық қауіптің бастауы. Артық дәрі – артығымен ластану деген сөз.
-
Артық немесе жарамсыз дәріні дұрыс жою
Дәрілерді ешқашан қоқыс жәшігіне немесе канализацияға тастамаңыз. Көптеген елдерде жарамсыз дәрілерді қабылдайтын арнайы жәшіктер дәріханаларда орнатылған. Қазақстанда бұл жүйе енді дамып келеді. Егер ондай орын болмаса, дәріні тығыз орап, бөлек шығарып, тұрмыстық қалдықтардан бөліп тастаған жөн.
-
Қаптамаларды сұрыптап тастау
Блистерлер (пластик + алюминий), шыны флакондар, картон қораптар – барлығы қайта өңдеуге жарамды. Қаптамаларды сұрыптап тастау – табиғатты қорғаудың оңай, әрі тиімді жолы.
-
Экологиялық білім беру мен насихат
Бұл тақырыпты тек мамандар ғана емес, әрбір ата-ана, ұстаз, ерікті қозғауы тиіс. Мектеп пен университет бағдарламасына «экология және дәрілік заттар» сияқты тақырыптарды енгізу қажет. Балалар дәрінің пайдалы екенін ғана емес, дұрыс қолданбаса – зиян екенін де білуі тиіс.
Тұрақты даму мақсаттарымен үндестігі
Фармацевтикалық ластану – жергілікті ғана емес, жаһандық мәселе. Сондықтан ол Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен тікелей байланысты:
- №3 – Жақсы денсаулық және әл-ауқат: Егер табиғат ластанса, адамның иммунитеті әлсірейді, жаңа аурулар пайда болады.
- №6 – Таза су және санитария: Дәрілік заттар су көздеріне түскенде оны тазарту қиынға соғады. Бұл ауыз судың сапасын төмендетеді.
- №12 – Жауапты тұтыну мен өндіріс: Артық дәрі алудан, ысырапшылдықтан бас тарту – тұрақты дамуға қосқан үлес.
- №13 – Климаттың өзгеруімен күрес: Фармацевтикалық өндіріс кезінде де атмосфераға зиянды заттар бөлінеді. Энергия үнемдеу мен технологиялық жаңарту – маңызды шара.
- №14 – Теңіз экожүйелерін сақтау: Дәрі қалдықтары теңіз жануарларының денсаулығына зиян келтіреді, экожүйені бұзады.
Әркім өз орнында әрекет етсін
Фармацевтикалық экология мәселесі – болашақтың мәселесі емес, бүгінгі күннің нақты шындығы. Табиғатты қорғау – тек арнайы мамандардың емес, біздің – қарапайым адамдардың ісі.
Егер әрбір адам:
- дәріні орнымен қолданса,
- артық қалдықты жауапкершілікпен жойса,
- қаптаманы сұрыптап тастаса,
- балаларын экологиялық санаға баулыса – онда табиғатқа келетін зиян әлдеқайда азаяды.
Бүгін жасаған ісіміз – ертеңгі ұрпақтың өмір сапасын анықтайды.
Ендеше, денсаулығымызды ойлап дәрі қолданғанда, табиғатымызды да ойлауды ұмытпайық!