Судың жасы

Адамдардың қолымен арнауы тұрмыстық қалдықтарға толып, көзін қоқыстан аша алмаған бұлақ пен оның  арнасынан өзенге айналған судың әңгімесі

Бұлақ:

—Ей, бұл адамдар тазалық десе, үйінен шыққан қоқысты арнама әкеліп төгіп, көзімді жаппақ түгілі тұншықтырып бітті ғой. Табиғатқа жандарың ашымай ма? Ұрпақтарыңа таза су қажет емес пе? Бүгін төккен қоқыстарың ертең өз ұрпақтарыңа зиян екенін ойласаңдар нетті?

   Иә, бұлақтың дауысы сылдырлап, еркелей аққаны ғой. Суының мөлдірлігі соншалық, бетіне қарасаң, аспандағы бұлт сурет болып қалатын. Айнадай жарқырап, бүкіл табиғатты алақаныңа салғандай әсер беретін. Жер бетіне шыққан бұлақ көздері арна бойынан қосылып, өзенге айналып, ұзындығы бірнеше ауылға жететін. Қысы – жазы бір тоқтамай ағатын бұлақ суынан қаншама адам нәр алатын. Жан – жануар қанып ішіп, жан сарайын сергітетін. Жағасына біткен құрақтар мен гүлдер қыс кете жайқалып өсіп, ағаштар нәр алатын. Бұлақ суынан қанып ішіп, бір сергуді арман еткен ерте заманның адамдары жыл он екі ай бастауға арнайы келіп, алдымен бұлақтың көзін ашатын. Бетіне тұрып қалған шөп – шаламды аршу үшін кетпен —  күрегін ерінбей көтеріп келіп, жағасын тазалайтын.

   Наурыз айы бүкіл адамдар айналаны тазалауға шығып, бұлақ арнасын кеңейтіп, тіршілік көзінің молаюы үшін  балалар да күнде келіп, тіпті су бетіндегі жапырақты алып тастағанын кәдімгі табиғат – ананы қорғауға қосқан үлесі деп бағалайтын. Үлкен адамдар малды бастау басында емес, судың аяғына апарып суғаратын. Ертедегі адамдар «Бұлақ көрсең, көзін аш!» — деп, жердегі қар ери сала тазалық жұмыстарын жүргізетін. Бүгінгінің кейбір адамдары, қоқыс сумен ағып кетеді деп, лақтыра беретін болды. Бұлақ көзіне кім төрелік етеді? – деп саңылаудан бір тамшы көпіршіп шығып, Күнге қарады.

Күн:

Е, е, бұлақ! Менің жылы шуағым да, сенің суың да тіршілік нәрі ғой. Мына жаңа заманның адамдары барға үйренген. Жоғын сатып алады. Табиғатты аялауды баладан бастап үйрету керек десең, оған да мән бермейді.

—Бұлақ – ау! Мен көктен бәрін көремін. Көремін де, басымды шайқаймын. Тәңірден пендеңе сана бер деп сұраймын.

Бұлақ:

Шуағы он сегіз мың әлемге жететін Күн! Бұрындары мал келіп ішіп кетсе, ренжитін едім, суымды лайлады деп. Әйтседе, суым мол, шайып кететін. Менің кішкентай көздерімнен шыққан су арна бойындағы қаншама ағаштардың, гүлдердің қаныа ішуіне жететін. Адамдар бұрып алып, бау – бақшасын суғаратын. Жазда балалар бөген жасап, мөлдір суыма шомылып, рахат күй кешетін. Балалардың күміс күлкісіне қосылып мен де сылдырап ағатынмын. Қазір сол бір шақтың ешбірін көре алмай, жылдан жылға тынысым тарылып барады. Күн, айтыңызшы, Сіз көктен жердегі нені көресіз? 

Күн:

—Мен жақсыны да, жаманды да көремін. Қазір адамдар табиғатқа, айналадағы жасыл желекке жаны ашымайды. Қоршаған ортаны таза ұстамайды. Таң атып, көктен қарағанда, кесіліп жатқан жап – жасыл ағаштарды көремін. Қапп! Қапп! деймін. Жердің бетін қағаздар, бөтелкелер, түрлі құрылыс заттары қаптап кетеді. Біреулер шашады, біреулер оны жинайды. Иесіз жатқан кең далада исі аңқыған гүлдің арасына кішкентай балаларының пайдаланған заттарын тастап кететінін көргенде, тастаған қоқысын өзіне арқалатып жібергім келеді. Бұлақ, білесің ғой, мен ешкімге төрелік ете алмаймын.

Бұлақ:

—Күннің айтқан әңгімесі Бұлақты қатты ойландырды. Шіркін – ай! Жаратқан маған кейбір адамдарды жөнге салатындай құдірет берсе ғой, алдымен мен, өзімдей қоқысқа көміліп жатқан бұлақтарды тазалататын едім. Бұлақтың айналасына ағаш отырғызып, гүл егер едім. Шөлдеген құстар, жәндіктер қанып су ішетін, көлеңкесіне демалатын. Әттең қолымнан келмейді…

Бұлақ өз суына өзі тұншығып, бетін жапқан қоқыстарға қақалып жатты.

—Ең болмаса, бір жануар келіп су ішсе, қоқыстар сәл де болса ашылар еді, суым сылдырлап ағып, күнннің көзімен шағылысып, мәрмәрдай жарқырап еркелей ағатын еді, — дегенін өзі ғана естіп… ертеңгі күнге үлкен үміт артып тына қалған еді…

Құс қанатының сусылын  жақыннан естіді. Менен келіп су ішсе ғой деп тіледі.

Міне, ғажап!

Көгершін!

Жіңішке жіптей ағып жатқан бұлақ сағасынан су ішті де, көзін жауып қалған шөпті тістеп алып кетті.

—Осы көгершіннің келуі құт болып, басқалары да келіп, көзімді жапқан қоқысты алып кетсе ғой…

Ойлап үлгермеді, бір бала келді де жағасында тұрып жуындыны шаша салып жүгіріп кетті. Ар жақтан анасының:

—Әй, ебедейсіз, жуындыны әрі апарып төкпедің бе, үстіңді былғадың ғой, — деген дауысын естіді.

—Аа, қоқысқа батып  жатқанымда сезбеппін, мына жатқан бос жерге адамдар үй салып, көшіп келіпті ғой.

—Қайдан сонша қоқыстар үйіліп кетті десем…

Көгершін:

—Достар, су ішетін таза бұлақ таптым. Айналасындағы шөбі қандай жұмсақ. Балапандарымыз үшін ұя жасауға керемет екен, — деп күн бата үйлердің үстіне қонған достарына хабарлама айтты.

Үйрек:

Мына көгершін не деп тұр? Ертең қай бұлақтыңбасына баратынын бақылайын. Адамдар келіп, салған үйлері көбейген сайын бізге тұзақ құрылды. Жылдар бойы жылы ұямызға айналған бұлақ жағасын бұзды. Ұстап алды, жұмыртқамызды жарды. Балапандарымызды алып, ойыншыққа айналдырып, өліп қалған соң, лақтырып жіберді. Қой дейтін үлкен, дана қарияны көрмедік, — деп үйрек те өз мұңын өзіне шақты.

   Таң біліне бірнеше көгершін келіп бетіндегі көлденең жатқан шөп – шаламды таси бастады. Бұлақтың көзі ашылып қалды. Олар кетті – ау дегенде үйрек келіп, жағада үнсіз тұрды. Адамдардан қашып, басқа жаққа кеткелі бір кезде өздері балапандарымен шомылып, мәре – сәре болатын бұлақтың жағдайын көріп басын шайқады. Сөйтті де тұмсығымен қоқыстарды итеріп, жалпақ аяқтарымен әрлі – берлі жүрді. Су астындағы шылаушын құрттарды теремін деп су көздерін терең ұңғылады. Өзінің шамасы жетпеген үйрек  «Уақ, уақ!» бір топ достарын шақырды. Ана үйректің шақыруына үн қосқан бірнеше үйрек келіп, бұлақ жағасына қонды. Ана үйрек бастап, біртіндеп шылаушынды тере бастады, қалғандары да су ішіп, өздеріне жем теріп, бір тоқтады.

   Бір кезде бұлақ суы жас сәбидің күлкісіндей сыңғырлай аспанға атылды. Мұны көрген үйректер мәз, суға шомылды. Яғни, бұлақтың көздері ашылды да, суы жылжып арық болып ағып барады.

Жалғыз ағаш:

—Бұлақжан, жылдар бойы қайда кеттің? Бізді ұмытты ма десем. Су жетпеген қаншама балапан ағаштар құрап кетті. Құраған ағашты кім аясын? Адам келіп бір сындырды, мал келіп бұтақтап, жапырағымды жеді. Биыл көктемде көгермеймін бе деп едім. Рақмет, саған Жаратқан!

Бастаудың көзі ашылған соң, судың екпінімен жолдағы қоқыстарды басып өтіп, жылжып аға берді. Шөптер де басын көтеріп, жас буынның өсетініне қуанды. Малын су ішкізуге ұзаққа айдайтын малшы да мәз. Бұлақ арнасын жағалай қоныс тепкен адамдар да судың аға бастағанын көріп, «Биыл бау – бақшаны көп екпесем, су көбейіпті ғой» — деп арқаны кеңге салды.

Бұлақтың:

Ей, адамдар! Сендер жағама әкеліп, қоқыс төккенді білдіңдер, бірақ көзімді ашуға келгенде елемедіңдер. Құс екеш құс құрлы болмадыңдар. Көгершін мен үйрек болмаса, су жоқ деп отыра берер ме едіңдер? Сендер қоқысты тиісті жерге апармай, судың бетіне төккенді дұрыс деп таптыңдар. Еріндіңдер ме? Үлкендердің осы әрекетін көрген бала, ертең табиғатқа жаны аши ма? – деген өкпе – назын суының сылдырымен білдіріп аға берді.

Баласын іздеген ана:

Жаздың ыстық аптабында балалармен суға шомылуға келмеген кішкентай сәбиін іздеген ана, айнала шарқ ұрды. Бірге кеткен балалар да қайда кеткенін байқамадық, үйге кеткен шығар деді жайбарақат. Содан алып ұрып, балалар шомылып жүрген арнаны жағалай айқайлап келеді. Құраған қамыс, құрай мен қоқыстың арасына тығылып қалды ма дейді. Төменнен жоғары жүгірді. Бұлақтың басында бүрісіп отырған баласын көргенде, тілін жұтып қоя жаздады. Өз көзіне өзі сенбеді. Өйткені, ойына нендей ойлар кіріп шықпады. Оқтай ұшып келіп баласын құшақтай алды. Қасынан пыр етіп, көгершін, үйрек ұшып кетті.

Құстар:

—Ей, Ана! Балаңа ие бол! Балалар ойнап жүріп, жұмыртқаларымызды талай жарып жіберді. Үлкендер қой демеді. Су ішуге келген бізді көрген балаң тоқтап қалды, әйтпегенде екі кештің арасында қайда кетерін кім білсін? Адамдар бізге қастандық жасамасын, — деді өз тілінде.

    Баласын құшақтаған ана есін жиғанда, бұлақ салған арнаның жағасы қоқысқа толғанын көрді.

Ана:

Көршілерді жинап, су арнасын тазалап, қоқыстарды шығаруды айтайын. Табиғат Анаға осыншалық зиянымызды тигізгеніміз үшін Жаратқан пендесін аямас. Адамдар келіп, жағасына сейіл құрады, қоқысын тастап кетеді. Көліктерін жуып, лайлайды. Ал, бұлақ көзін ашуға келгенде, ат – тондарын ала қашады. Жауапты орындармен сөйлесейін. «Қоқыс төгуге, көлік жууға болмайды» деген тақта қақтырамын. Көршілер жиналып, улап – шулады. «Наурызда» тазалайық деді. Жұмыстан қолы босамайтындарын айтты. Қарты бар үйлер ойланды. Табиғаттың тазалығың сақтап,  қоршаған ортаны өзіміз үшін тазалау міндет болып па деп, су жағалауына келді. Келді де осыншалық әдепсіздікті байқамағандарына өкінді. «Табиғат Ана адамдардың осыншалық немқұрайдылығын көре тура әлі де міз бақпай келеді. Қаһарына мінсе не болмақ? ..»

Қариялар күні бойы бұлақ бастауының көзін ашты, қоқысты бір жерге жинап, үйді. Арнаны тазалап, судың аяңына дейін барды. Шамасы жеткені сол.

—Біздің ісімізді жастар жалғастырып, қоқысты тиеп алып кетсін, құраған ағаштарды кесіп, орнына жас көшет отырғызсын. Суды ластамасын. «Судың да сұрауы бар. Судың жасына қалмайық», — деген аманаттарын тапсырды.

Бұлақ:

—Жер –Ананың жұмыр басты пендеге берері таусылған ба? Жер қойнауынан шыққан суымды барша адамзат баласы, тіршілік иесі пайдалансын, дамылсыз аға беремін. Тек адамдар өз қолымен апат жасап, табиғатқа қиянатын тигізбесін. Жерде өмір сүруге болашақтың хақы бар, — деген бұлақтың ниетін атқылаған суы буырқанып, бірде күліп, бірде тынып жолын қуып кете барған суы жеткізді деп білдік..

   Қариялар аманатына ұрпағы қаншалықты адал? Оны алдағы уақыт көрсетеді деп бұлақ арнасын жағалай өскен бұта, шөптер мен гүлдер желмен тербеле биге көшті. Адамзаттың баласы бізге зиянын тигізбесе екен деп құстар да аспанға қалықтай көтерілді.

 

                                                             Жанастан КУЧУКОВА