Білім қарашаңырағының қайнар бұлағы

Қоғамдағы құрылымдық өзгерістерге, оны ақпараттандыруға, өркениетті дамудың негізі ретінде білім рөлінің артуына байланысты білім беру жүйесінің өзгеруі тек университеттердің стратегиясын ғана емес, сонымен қатар университет кітапханаларының стратегиясына да байланысты. Өзгерістердің динамикасы, тез өзгеретін сыртқы ортаның әсеріне бейімделу қажеттілігі, білім беру қызметтері нарығындағы шиеленіскен бәсекелестік жоғары оқу орындарының кітапханалары қызметінің жаңа парадигмасын қалыптастырды.

   Осы орайда, атап өте кететін жәйт білімнің қара шаңырағы әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ғылыми кітапханасы. Ғылыми кітапхана елдегі ең ірі университет кітапханасы болып табылады, оның қорында 3 миллионға жуық кітап бар. Санға емес,сапаға да жұмыс жасайтын қара шаңырақтың кітапханасы университет студенттерінің ғана емес, оқытушылардың да таптырмас көмек құралы болып табылады.

    Ғылыми кітапхана әр оқу ғимаратында орналасқан абонементтер мен оқу залдарынан тұрады. Оқу залдарындағы орын саны 1100 ден асады.

    Сонымен қатар кітапхана ғимаратында шартты түрде аймақтарға бөлінген 270 орындық электрондық кітапхана залы бар. Ондағы ұсынылып отырған мүмкіндіктер мультимедиялық, интернетпен жұмыс, графикалық бағдарламалармен жұмыс істеуге арналған аймақ, электрондық ресурстармен жұмыс аймағы, жеке ноутбуктермен жұмыс істеуге арналған аймақтың барында.

    Университет кітапханасын дамытудың перспективалық мақсаты – оны пайдаланушыларға бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрлерінде ақпарат ұсына отырып, ғылыми кітапхананың функцияларын біріктіретін интеграцияланған ақпараттық орталықтарға айналдыру.

    Ғылыми кітапхана өзінің ақпаратқа бай қорын түгелдей оқырманға қызмет көрсетуде пайдаланады. Осы мақсатта түрлі ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, үнемі оқу жүйесіне көмек көрсету мақсатында, студенттерге білім беруде жаңа технологиялар мен жұмыс әдістерін іздеу үстінде

   Кітапхана сайтында заман талабына сай өте қолжетімді қызмет түрі электрондық кітаптар енгізілген. Оқулықтарды электронды түрге айналдыру университетте 1999 жылдың басынан басталған. Ол 2020 жылдың наурыз айынан бастап, әлем халқына келген эпидахуал кезінде, студенттердің, ұстаздар мен профессорлардың қашықтан берілетін білім жүйесіне өту кезінде ақ үлкен пайдасын тигізді.

  Университет кітапханасын дамыту тұжырымдамасы оның даму деңгейімен, оқу процесінің ерекшеліктерімен, әр түрлі конференц залдарының болуымен, пайдаланушыларға тегін қызмет мүмкіндіктерімен анықталады. Ғылыми кітапхана әртүрлі құрылымдармен – университеттермен де, сыртқы құрылымдармен де өзара әрекеттесудің тығыз үздіксіз процесінде: ақпарат алмасады, пайдаланушылардың қажеттіліктерін зерттейді, әртүрлі ресурстарды тартады, ақпараттық қызметтер ұсынады, ынтымақтастықты дамытады.

   Қорыта келгенде, студенттер мен ұстаздардың толығымен көңілінен шығып отырған кітапхана мүмкіндіктері мен тиімділігін айта берсек, оның санына жету мүмкін емес секілді. Осылайша, қазіргі заманғы жоғарғы оқу орны кітапханасының миссиясын келесідей тұжырымдауға болады: оқу орны кітапханасының тиімді қызметі арқылы – сапалы білімге, сапалы білімнен — өмір сапасынның жақсаруына қадам.

                                                                                   А.А. ИСАЕВА,

                      әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің аға оқытушысы.

                                                                               А.СЕЙДАЛИЕВА,

                                                        «Есеп және аудит» мамандығының 4-курс студенті.