МЕН ЖӘНЕ МЕНІҢ МАМАНДЫҒЫМ
Мынадай бір қағида бар – өмірде жар және мамандық таңдауда қателеспеу керек деген. Бір адамдар жүрегінің жартысын ерте тауып, тұрмыс құрып немесе шаңырақ көтеретін болса, екіншілеріне жылдап оқып, белгілі бір саланың маманы атану тағдыры бұйыртып жатады. Алайда өзінің жарымен не болмаса жұбайымен бақыттың базарында бақытты күндер кешетіндер мен бес күндік жұмыс кестесіндегі ісіне құштарлана кірісетіндердің қатары көп дейде алмаймыз. Мұны әлем ғалымдары да бірнеше рет зерттеп, баршасын бағдарлап, дәлелдеп берген. Дәл осы тұста мен өзімді оқып жатқан университетке құжаттарымды саналы түрде тапсырып, игеріп шығар мамандығымды 100% пайыз сүйетін адамдардың қатарынанмын деп еш шүбәсіз айта аламын. Орта арнаулы білім алған алтын ұямыздан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін, соның ішінде экономика және бизнес жоғары мектебі, есеп және аудит кафедрасының студенті атандым. Кафедраға кідірмес бұрын, осы бір сала жөнінде шағын ғана ақпарат беріп өткенім жөн болар.
Есеп сөзі баршамызға түсінікті. Оны бастауыш сыныптан-ақ танып, біліп, бір санды екінші саннан алып және қосып, бөліп те, көбейтіп те жүрміз. Осының барлығы есеппен тікелей байланысты. Ендігі кезекте «аудит», «аудитор» терминдеріне тоқталайық. Аудитор – латынның «аудио» сөзінен шыққан. Яғни ол тыңдау немесе тыңдап тұр деген мағына береді. Шаруашылық жұмыстарының барысында тиісті мәліметті тексеруші, бақылап басқарушы, тыңдаушы адам болған сол замандарда. Аудит және аудитор біздің буынға кейіннен таныстырылды деуге болмайды. Ол ерте уақыттардан бері негізі қаланып, қалыптасып, бірізділенген дүние. Қазіргі күні бұл саланың мамандарына жүгінбейтін жандар жоқ деседе болады. Себебі, қандайда бір қаржылық мәселеде сауатты сараптама жүргізе алатын есепші мен аудиторға қоғам қай кездеде мұқтаж. Олай болса, мені және қатарластарымды, замандастарымды білім нәрімен сусындатып отырған жоғары оқу орным мен кафедрам қақына кезек берейін.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті — бұл еліміздің барлық аймағы мен елді мекеніне етене таныс киелі шаңырақ. Мұнда талай тарлан білім алып, егемен еліміздің экономикалық және әлеуметтік әлеуетінің артуына айтарлықтай үлес қосты, әліде қосып жүргендері қаншама. Біз де солардың ізбасарларымыз. Университет тарихы баршыға белгілі. Дегенмен, қысқа-нұсқа тоқталып өтіп, студент әрі мақала авторы ретіндегі парызымды өтегенім жөн болар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰлттықУниверситетінің негізінің қалануына 1933 жылғы қазан айының 20-ы ССР Одағының Халық Комиссарлар Кеңесінің«Қазақстан үшін мамандар даярлау және Қазақ мемлекеттікуниверситетін ашу туралы» № 2293 Қаулысы тікелей әсер етті. Ал, 1934 жылғы қаңтардың 15-і – университеттің нақты құрылған күні болып белгіленді. Дәл осы күні ҚазМУ-дың алғашқы студенттері қабылданып, қаңтардың 19-а Верный ерлер гимназиясының ескі ғимаратында биология және физика-математика факультеттерінің 54 студенті оқуға кірісті. Осы жылғы қыркүйектің 1 күні химия факультеті ашылды. Енді өзіміз санаулы күндерден кейін түлеп ұшқалы тұрған есеп және аудит кафедрасы турасында. Экономика және бизнес жоғары мектебіндегі «Есеп және аудит» кафедрасы 2004 жылы сәуір айының 27 күні құрылған. Кафедрамыз бухгалтерлік есеп және аудит саласында бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды даярлауда үздектер қатарында. Оқыту заманауи инновациялық әдістерді қолдана отырып үздік классикалық білім беру негізінде жүргізіледі. Кафедрада 30 артық пән бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беріледі. Міндетті пәндермен бірге элективті пәнде де оқытылады. Кафедра бойынша элективті курстардың ерекшеліктері — экономиканың әртүрлі салаларында жұмыс істейтін бухгалтерлерді дайындау кезінде тәжірибелік қызметке көп көңіл бөлінетіндігінде. Бізде кез-келген студент халықарылық СIPA сертификация бағдарламасы САР – сертификатталған тәжірибелі бухгалтерге оқып, сертификатын ала алады. Болашақ мамандардың жұмысқа орналастыруға да баса назар аударылған. Өзіміз секілді түлектердің әр түрлі қызмет саласында бухгалтер, аудитор, жоспарлау-экономикалық бөлiмiнiң маманы, бақылау-тексеру бөлiмiнiң маманы, бас бухгалтер, қаржы директоры ретінде жұмыс істеулеріне мүмкіндік бар. Сонымен қатар аудиторлық қызмет көрсету, бухгалтерлердің қызметін ұсыну, консалтингілік қызмет түрлерін жүргізу фирмаларын ашу арқылы өз кәсіптерінің көкжиегін кеңейте алады. «Есеп және аудит» мамандығының түлектері үшін қызықты және болашағы бар қызмет бағыты аудиторлық жұмыс. Олар iрi компанияларда, корпорациялар мен холдингтерде, филиалдар желiсi дамыған фирмаларда жоғары сұранысқа ие. Міне мен және мен секілді студенттердің білім ордасы дәл осындай. Әрине жоғарыдағы мәліметтердің біразы жарнама секілді қабылдануы мүмкін. Бірақта құрметті оқырман бұл білім алушы азаматшаның өз оқу орныны жайлы азғантай ғана ақпарат деп қабылдауға кеңес беремін. Себебі, қазақтың ұлттық университеті мен оның тарихы ешбір жарнамаға симайды. Оны тек жүрекпен сүйіп, көңіл көзіңмен қадірлей білу қажет. Бұл жалғыз ұлттық университетке қатысты қағида емес. Барлық жоғары оқу орнына тиесілі. Әйтпеген жағдайда, ұстазымыз айтқандай: ербейіп келіп, қалқиып кететін көптің қатарын көбейтетіндердің бірі болып қалу қаупі бар. Олай болмас үшін біріншіден өміріңізге азық, рухани қуат берер мамандығыңызды жүрекпен таңдаңыз, көптің көңілінің қалауына ермеңіз. Екіншіден, сіздің мамандығыңыздың қоғам мен адам өмірі үшін маңызды екенін естен шығармаңыз. Ең бастысы Абай айтқандай: кімде болса дүниеде орнын тауып, кірпіш болып қаланғаны қандай жақсы.
А.А. ИСАЕВА,
әл — Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің аға оқытушысы.
Ж. ӘЖІБАЙ,
«Есеп және аудит» мамандығының 4-курс студенті.