Білімнен — ғылымға: ҚазҰУ-дегі зерттеу тәжірибесі туралы

Америкалық философ, әлеуметтанушы және футуролог Элвин Тоффлердің пікірінше, «ХХІ ғасырда сауатсыз адам – тек оқу мен жазуды білмейтін адам емес, сонымен бірге үйренуге, қайта үйренуге және өз білімін жетілдіре білмейтін адам». Бұл тұжырым қазіргі үздіксіз білім алудың маңыздылығын ерекше айқындайды. Осы қағида менің ғылыми жолым мен тәжірибемді одан әрі жетілдіруге түрткі болды. Базалық жоғары педагогикалық білімді мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде алдым. Магистратураны аяқтағаннан кейін дәл осы оқу ордасында докторантураға түсуді жоспарлап, құжат тапсырдым. Алайда сол кезеңде бөлінген грант санының аз болуына байланысты докторантураға қабылдану мүмкіндігі болмады. Сол кезде профессор Ботагүл Алтайқызының «ғалым болу үшін тек білім жеткіліксіз; нақты тәжірибе жинақтап, педагогиканың ерекшеліктерін кәсіби тұрғыда сезіну қажет» деген пікірі менің кәсіби бағытымды қайта қарастыруыма ықпал етті. Осы ой-толғамдардан кейін мен мамандығым бойынша практикалық қызметке кірісіп, педагогикалық және әлеуметтік-педагогикалық салада біраз жылдар бойы еңбек еттім.
Арада он сегіз жыл өткен соң кәсіби тәжірибем мен зерттеу қызығушылықтарымның тоғысуы нәтижесінде
әлеуметтік педагогика саласындағы ғылыми ізденістерге деген қызығушылығым арта түсті. Осылайша, мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтік педагогика мамандығы бойынша докторантураға оқуға түсуді жөн көрдім. Ойшылдардың пайымынша, университет – жай ғана білім беретін орын емес, ол ғылыми зерттеудің ошағы саналады. Университеттің ғылыми қызметі қаншалықты дамыса, оның жоғары ғылыми мектеп ретіндегі рөлі де соншалықты күшейе түседі. Осы тұрғыдан алғанда, Үкіметтің 2022 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесінің берілуі, профессорлық-оқытушылар құрамының әлеуеті, материалдық-техникалық базасының кеңеюі, ғылыми мектептердің қалыптасуы, 180 бағыт бойынша маман даярлау тәжірибесі және халықаралық рейтингтердегі орны – менің докторантура үшін осы оқу орнын таңдауыма негізгі себептердің бірі болды. Қазіргі уақытта мен осы университеттің 2-курс докторантымын. Биылғы оқу жылының жоспарына сәйкес 2025 жылдың 06 қазан мен 08 қараша аралығында докторанттарға арналған зерттеу практикасы қарастырылған.
Практиканың басты мақсаты – докторанттардың зерттеу қызметіндегі кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру және ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту болып табылады.
Практиканың негізгі базасы Әл-Фараби зерттеу орталығы болғанымен, жұмысымыз тек орталық аясында ғана емес, университеттің және қаладағы ірі ғылыми мекемелердің кең ортасында жалғасты.
Зерттеу практикасына жетекші ретінде Философия және саясаттану факультетінің, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Д.А. Нургалиева бекітілді. Ол бізге практиканың мақсаттарын, негізгі міндеттері мен базасын, сондай-ақ атқарылатын жұмыстар мен бізге қойылатын талаптарды егжей-
тегжейлі түсіндіріп, практиканың басталуына арналған конференция өткізді. Бұл кездесу практиканың тиімді өтуіне және біздің ғылыми ізденістерімізді жүйелі түрде жүргізуге қажетті негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Зерттеу тәжірибесі барысында мен университеттің ғылыми кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында жұмыс істеп, түрлі отандық және шетелдік дереккөздерді кеңінен қарастырдым. Бұл қорлар зерттеуімнің теориялық және әдіснамалық негізін нығайтып, ғылыми бағытты тереңірек түсінуге жол ашты.
Практиканың маңызды бөліктерінің бірі — халықаралық ғылыми ортаға етене араласу болды. Осы уақыт ішінде бірнеше халықаралық ғылыми конференцияларға, сондай-ақ республикалық және халықаралық педагогикалық форумдарға қатысып, өз зерттеуімнің нәтижелерін ғылыми қауымдастыққа ұсындым. Бұл білім алмасуға, пікірталас жүргізуге және кәсіби байланыстарымды нығайтуға үлкен мүмкіндік берді.
Осы тәжірибенің тағы бір құнды тұсы — ғылыми жазылым мәдениетін жетілдіру болды. Университет кітапханасындағы халықаралық жазылымдық дерекқорларға жауапты маман, бас кітапханашы-менеджер Жұлдыз Әскербекқызы шетелдік мамандардың қатысуымен Scopus базасына арналған ғылыми мақаланы дұрыс жазу туралы онлайн курстар ұйымдастырды. Дәлірек айтқанда, Wiley Customer Education ұйымдастырған «Ашық зерттеу және жасанды интеллект» атты вебинар, «Mendeley бағдарламасымен практикалық жұмыс» семинар-тренинг т.б. бірнеше оқу жұмыстары ұйымдастырылып өткізілді. Бұл курстарда халықаралық сарапшылар Scopus талаптарына сай мақаланың құрылымын, зерттеудің сапалық көрсеткіштерін, эксперименттік жұмысты ұйымдастырудағы маңызды кезеңдерді түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Топтағы білім
алушылармен барлығымыз курсты табысты аяқтап, тиісті сертификаттар алдық. Сондай-ақ зерттеу жобасын жүргізуге байланысты әдістемелік нұсқаулықтардың электрондық нұсқаларын таратты. Бұл біз үшін практикалық тұрғыдан өте құнды білім көзі болды.
Практикамен қатар, кафедра білім алушылардың ғылыми-ізденіс дағдыларын дамыту мақсатында ғылыми семинарларды жүйелі түрде өткізеді. Дәлірек айтқанда, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.С. Магауова магистранттар мен докторанттар үшін «Жас зерттеушінің әдіснамалық мәдениеті және этикасы» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өткізді. Онда зерттеу жұмыстарын дұрыс жоспарлау, ғылыми деректерді жинау және талдау, ғылыми мақалаларды жазу және жариялау тәртібі, сондай-ақ академиялық адалдық пен этикалық нормаларды сақтау мәселелері қарастырылды. Қатысушылар тәжірибелік мысалдар арқылы зерттеу әдістерін қолдануды меңгеріп, ғылыми жұмыс жүргізудегі этикалық қағидаларды практикада қолдануды үйренді. Сонымен бірге зерттеу практикасы аясында педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Н.С.Алгожаеваның жетекшілігімен «Digital Qazaqstan: жасанды интеллект дәуіріндегі шындық және перспективалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға, Қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Серік Жайлауұлы Піралиевті еске алуға арналған «Білім беру стратегиялары: болашақ кадрларды даярлау» атты ІІІ халықаралық педагогикалық форумына қатыстым. Практика кезеңінде зерттеу тақырыбыма қатысты 8 ғылыми мақала әзірленіп, жариялауға жолданды. Әр мақала зерттеп отырған тақырыптың өзекті қырларын қамтып, ғылыми ізденісімнің нақты нәтижесіне айналды. Практиканың нәтижесін объективті бағалау мақсатында күнделікті атқарылған жұмыс университеттің электронды жүйесіне енгізіліп отырды. Әр күннің жұмысы бойынша электронды есеп толтырылып, тапсырмалар ретімен орындалды. Практиканың жүйелі және заманауи түрде өтуі ҚазҰУ зерттеу университеті ретінде жұмыс істейтінін тәжірибе жүзінде көріп, түсінуге мүмкіндік берді. ҚазҰУ-дегі зерттеу тәжірибесі студенттерді жас зерттеуші ретінде қалыптастырып, университеттің ғылыми зерттеу ошағы ретінде қызмет ететінін көрсетеді.
Бүгінде кейбір талапкерлер мен білім алушылар және жас мамандар маған екі университеттің ерекшеліктеріне қатысты өз пікірімді білдіруді сұрайды. Бұл ретте мен екі университеттің де өз өмірімдегі орны бөлек екенін атап өтемін. Халық арасында айтылатын «адамға туған жері де, тұрған жері де ыстық» деген ойды мысал ете отырып, педагогикалық білімнің алғашқы баспалдағын берген қарашаңырақ ҚазҰПУ-нің де, қазіргі ғылыми даму жолыма бағыт-бағдар беріп отырған ҚазҰУ-нің де маған ерекше қымбат екенін жеткіземін. Еліміздегі осындай беделді оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берген тағдырға
ризашылығымды білдіремін.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Философия және саясаттану факультеті,
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының
Әлеуметтік педагогика мамандығы бойынша
2 курс докторанты Б.А. ЕСЕНБАЕВА,
автордың суреттері жеке архивінен алынды.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ суреті: https://farabi.university/images/default_news.





